- Advertisement -

Ғаламдық деректерді өңдейді

134

- Advertisement -

Елімізде IT саласын дамыту, ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға енгізу жұмыстары осыдан бірнеше жыл бұрын сәтті басталған еді. Оның нақты мысалы – Қазақстанның электронды үкіметі – «e.gov» жүйесі. Сондай-ақ қазіргі кезде барлық банктердің жұмыстары да автоматтандырылуда, интернетке қосылған компьютер алдында отырып-ақ коммуналдық қызмет түрлерінің төлемақысын, салық, айыппұл, сақтандыру тағы басқа төлемдерді төлеуге мүмкіндік бар. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек» деген талабының жүзеге асырыла бастағанының көрінісі.

Қазіргі таңда технология күн сайын емес, тіпті минут сайын жетіліп, өзгеріп жатыр. Сондықтан жеке адам немесе ұжым ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, техниканың тілін үйренуі тиіс. Ал ол үшін ең бірінші жаңа инновациялық білім – компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін меңгеру қажет.
2017-2020 жылдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көзделген басты міндеттер – цифрлық Жібек жолы жобасын іске асыру, жасампаз қоғамды дамыту, экономика саласына цифрлық қайта өзгеріс енгізу арқылы алдын ала белсенді мемлекетке көшу. Мемлекет басшысы қойған осы талаптарды орындау мақсатында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының оқытушылары жаңа заманауи зертхана ашып, оны көптеген компьютерлік жаңа технологиялармен толықтырып отыр. Оны ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты Ғ.Алтыбаев басқарады.
Зертханада «Микрокон-троллерлерді бағдарламалау» (ПМ-ЛМ), «Микроконтр-оллерлер және енгізу-шығару құрылғылары» және «Автоматика жүйесінің элементтері және есептеу техникасы» (ЭСАиВТ-СР) оқыту құрылғыларының типтік оқу кешендері, «Жанама құрылғылар интерфейсі» (ИПУ) оқыту-зертханалық стенді бар. Оқыту бағдарламаларына қазіргі кезде кең тарап жатқан GPS (ағылш. Global Positioning System – жаһандық позициялау жүйесі) аралықты, уақытты және орналасу нүктесін анықтауға арналған навигацияның жерсеріктік жүйесі енгізілген. GPS жердің кез келген нүктесінде (полярлық аумақты қоспағанда), кез келген ауа райында, ғаламшардың ғарыштық аймағында нысанның орны мен жүру жылдамдығын анықтап бере алады.
Бүгінде бұл жүйе Қазақс-танның үлкен қалаларында жолаушылар тасымалдау автобустарына енгізілген. Қазіргі кезде ол Тараз қаласында жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктерде де қолданылуда.
Мұндай индустриялардың қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытқанын көріп отырмыз және цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін беретіндіктен де ІТ саласын дамытудың маңызы зор.
Біздің кафедрадағы желілік технология зертханасына орнатылған өте танымал Cisco өнеркәсіптік микроконтроллерлер мен желілік құралдары базасында бірге қолданылатын микропроцессорлық жүйелер желілік технологияларды қолданып, ғаламдық және жергілікті желілерден деректерді жинап-өңдеуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға және өз бетінше ақпараттарды іздеу дағдыларын дамытуға, IT сфераның дамуына, IT білім жүйесін құруға кеңінен жол ашуда.
Осыған қарап, елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы толықтай жүзеге асырылатын уақыттың қашық емес екеніне көз жеткізесіз. Бұны студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие бере отырып, еліміздің 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына еніп, экономикасы қуатты, дамуы тұрақты елге айналу жолында жасалған қадам деуге болады.

Мәдина Үсіпбаева,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support