- Advertisement -

Кәсіпкерлер үйі ашылды

157

- Advertisement -

Бүгінде өңірде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңіп, бұл салаға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Оның айқын бір дәлелі – қажетті қызметтің бірнеше түрін бір ғимараттан алуға жағдай жасалған Тараздағы Кәсіпкерлер үйінің ашылуы болды. Егер бұрын шағын және орта бизнес субъектілері ондаған мекемелерді аралап, табанын тоздырса, енді бар жұмысын бір орында шеше алады. Уақытқа да үнем. Тараз қаласындағы Абай даңғылы бойында орналасқан жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасарлары Тимур Жанке және Ерқанат Манжуов, облыстық кәсіпкерлік палатасының аймақтық кеңес төрағасы, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров арнайы қатысты. 

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке көрсетілетін қолдауды мақсатты әрі тиімді жүргізудің бірегей жобасы саналатын бұл мекеме облыста өз ісін ашу мен жүргізу, кәсіпкерлік қызметті басқару үдерістері бойынша сапалы кеңес беру қызметтерін қамтитын болады. Бұл – бизнес өкілдері үшін де айрықша тиімді, әмбебап жоба. Осындай маңызды нысанның тұсаукесерінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке өңірдегі бизнес саласы көрсеткішінің артып келе жатқанын тілге тиек етіп, Кәсіпкерлер үйінің «Бір терезе» қағидаты бойынша атқаратын қызметтеріне тоқталды. «Мекемеден кешенді әрі мобильді қызмет алу үшін онда «Инвесторларға қызмет көрсету» орталығының, «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасының, аймақтық инновация кеңесінің, жобалық басқару және сандық кеңсе офисінің, «Қазақинвест» аймақтық офисінің, «Тараз-Туризм» туристік-ақпараттық орталығының, халыққа қызмет көрсету орталығының, жер қатынастары басқармасының, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, көші-қон полициясының, екінші деңгейлі банктердің және қаржы институттарының менеджер-консультанттары кәсіпкерлерге өз қызметтерін көрсетуге әр кезде де дайын», – деді ол. «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров осы мекеменің ашылуына мүмкіндік тудырған облыс басшылығына алғыс айтты. «Енді бізге жұмыс істеу керек, кәсіпкерлікті өркендету қажет. Облыс абыройы кәсіпкерлік саласы арқылы арта түседі деген сенімдемін», – деді ол өз сөзінде.
Бұдан соң көпшілік заманауи техникамен, жаңа жиһаздармен жабдықталған кеңсе ішін аралап шықты. Ғимараттың бірінші қабатында жоғарыда аталған мекемелердің мамандары отырса, екінші қабатта ірі бизнесмендер мен инвесторларды қабылдайтын жеке кабинет, конференция залы орналасқан. Мұнда енді бизнесті ашу мен оны дамытуға қатысты мәселелерді шешуге құзырлы мамандар тобы жинақталады. Олар кәсіпкерлерді инвестициялық жобаларды дайындау мен жүргізуге, олардың тиімділігі бойынша бағалау және сараптама жүргізуге қолұшын созбақ. Сонымен қатар тренингтер өткізуге арналған аймақтық кәсіпкерлік палатасының оқу орталығы жұмыс істейтін болады. Осылайша Кәсіпкерлер үйі бизнес пен Үкімет арасындағы тиімді үндесу алаңына айналмақ.
Ғимарат ішін аралап көріп, ондағы мол мүмкіндіктерге куә болған өңір кәсіпкерлері өз пікірлерімен бөлісті. «Біз бизнесті бастаған 90-жылдардың басында не қағаз, не кеңес беретін орындар жоқтың қасы болатын. Кімнен не үйренерімізді білмей сандалдық. Биыл менің осы салада жұмыс істегеніме 25 жыл толады. Енді біздің ортақ үйіміз бар. Осы жаңалықты жастарға, әсіресе ауыл жастарына жеткізу керек. Себебі тұрмыс түзелді, мал-мүлік бар. Жастар кәсіпкерлікке белсене кірісуге тиіс», – деді «Галеника» ЖШС-ның директоры Қатира Орынбаева. Өзінің разылығын білдірген «Рысбаева және К» компаниясының директоры Сәуле Рысбаева да жаңа мекеме жұмысына сәттілік тіледі.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support