- Advertisement -

Ас тұзы жергілікті жерде өндірілмек

442

- Advertisement -

 Сарысу ауданы «ас тұзымен-ақ» аты алысқа танылатын түрі бар. Мысалы, Қамқалы ауылдық округіндегі Майдакенкөл, Итім және Шұңқыркөл кен орындарында 12 миллион тоннадан астам сапалы тұз қоры бар екені анықталған. Мамандар ас тұзының бұл қоры облысты 350 жылдан астам уақыт қамтамасыз етуге жететінін айтуда. Десек те осынау өнім түрін бүгінде шетелдерден тасымалдап жеткізуге мәжбүрміз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Асыл тұз» ЖШС-ның жалпы құны 690 миллион теңгені құрайтын йодталған тұз өндіретін зауыт құрылысы жобасын жүзеге асыруды қолға алғаны белгілі.

Осыдан екі жыл бұрын серіктестіктің Жаңатас қаласы аумағынан 4 гектар жерді ұзақ мерзімдік жалға алуымен басталған зауыттың құрылыс жұмыстары бітуге таяу. Қазір мұнда бас-аяғы 25 жұмысшының күшімен кәсіпорынның құрылыс-құрастыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Негізгі қондырғылары орнатылып та қойылыпты. Кәсіпорын ауласына қазірдің өзінде шикізаттың едәуір бөлігі жинақталғанына да көз жеткіздік. Өнімді сақтауға арналған үлкенді-кішілі сыйымдылықтар да дайын. Біздің мұнда болуымыз Украина жерінен зауыт құрылысына аса қажетті материалдар мен құрал-жабдықтар тиелген жүк автокөліктерінің тағы бір легінің келіп жетуімен тұспа-тұс келген-ді.
– Зауыттың құрылыс жұмыстары, міне, осы құрал-жабдықтарға да қарап тұрған еді. Жабдықтаушы тараптар уәдесінде тұрды. Енді жұмыс жандандырылмақ. Жалпы, бұл нысанды келер жылдың наурыз айында пайдалануға беруді ойластырудамыз. Әлі де 1,4 шақырымдық қосымша темір жол рельсі мен электр желісін тарту керек болады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінбек, – дейді аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей мұндағы жұмыс жайымен жан-жақты таныстырып. – Толық қуатында іске қосылғаннан кейін мұнда 80 адам жұмыс істеп, жылына 50 мың тонна ас тұзы өндірілетін болады. Ең бастысы, өңір жұртшылығының ас тұзына деген сұранысын толығымен өтейді. Өнімдер сондай-ақ Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары тұтынушыларына да таратылады.
Оның айтуынша, ішкі нарықты ғана емес, экспортты да қамтуды көздеп отырған зауыт басшылары бірінші кезекте өнімдерінің сапасына басымдық беруді көздеуде. Себебі, қазіргі таңда йодталған тұз өндіру ісіне қойылар талап та қатал.
Жалпы, 1 миллионнан астам халқы бар облыстың күнделікті тұтынатын ас-суы мен тұрмыс-тіршілігіне бір жылда шамамен 5 мың тонна тұз пайдаланылады екен. Ал бұған қоса өнеркәсіптің түрлі салаларында қолданылатын тұздың одан анағұрлым көп мөлшерде қажет екенін ескерсек, жоғарыдағы көрсеткіштің бірнеше есе өсетіні айдан анық.

Сарысу ауданы.

Баймаханбет Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support