- Advertisement -

Азық-түлік бағасы неге қымбат?

158

- Advertisement -

Биыл күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының 11-інің бағасы өскен. Өкінішке қарай, оның ішінде өзге облыстардан тасымалданбайтын, өзімізде-ақ өндірілетін сәбіз, пияз, сүт, сиыр еті де бар. Бағаның біршама қымбаттағаны аздай, Тараздағы жеке кәсіпкерлердің «Дәмдес», «Смарт», «Смолл», «Вкусная корзина» сынды сауда орындары тауарларға 58-150 пайызға дейін үстемеақы қосып, сатылымға шығаруда.

Мәселен, базарда сұрыпталған картоптың көтерме бағасы 90 теңгеден болса, «Смартта» – 150, «Алмада» – 170, «Вкусная корзинада» – 145, «Смоллда» 155 теңге төңірегінде. Базардан 60 теңгеден алуға болатын сәбіздің де бағасы осы сауда нүктелерінде 150 теңгеге дейін көтеріңкі бағада сатылуда. Ал ондағы саудагерлер тауарларға қойылатын үстемеақыны шығындарға сәйкес есептейтіндіктерін айтып ақталуда.
Жыл басынан бері облыс бойынша өткізілген 249 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі бағаны тұрақтандыруға біраз септігін тигізген болатын. Әрі Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойызы 12-14 желтоқсан күндері облыс аудандарына екі бағыт бойынша тұрақтандыру қорынан 125 тонна азық-түлік жеткізген еді. Бұл да болса, ауыл тұрғындары үшін сеп қой. Алайда 41,7 тонна арзан бағадағы тауар қарапайым тұрғындардың қажетіне жарамаған. Анығында, жергілікті әкімдіктердің шараға немқұрайды қарағандығы салдарынан ауыл жұрты арзан тауарды тұтына алмаған. Тұрғындар ол тауарды қажет деп таппады» деп ақталуы да мүмкін, кейбір басшылар. Аудандардың тұрақтандыру қорындағы тауарларға деген сұранысы 622,4 тоннаны құраған. Ең жоғарғы сұраныс Жамбыл (104,4 тонна), Сарысу (103 тонна), Талас (80 тонна) аудандарынан түскен. Ал, ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, дәл осы аудандарға жіберілген 58 тонна азық-түліктің 25 тоннасы кері қайтарылыпты.
Облыстық әкімдік тарапынан тұрғындарды төмен бағада тауармен қамту мақсатында аз іс-шаралар қолға алынып жатқан жоқ. Сүт өнімдерінің бағасы тұрақты болу үшін «Бурный ірімшік зауытына» 28 тонна сүт өнімдерін тұрақтандыру қорының әлеуметтік дүңгіршектеріне бекітілген бағада жеткізуге міндеттелген. «Ақ-Бидай-Тараз», «Хлебная база №3» диірмендері қоймаларында 700 тоннадан астам бидай қорын жинақтаған. Меркі ет комбинатының 30 тонна сиыр етін 1190 теңгеден асырмай саудалау қатаң тапсырылған. Ерте көктемде тұрақтандыру қорына алынып, сақталған 500 тонна картоп, 200 тонна пияз, 1023 тонна қант аталмыш тауарлар қымбаттаған кезде сауда сөрелеріне арзан бағада қойылды. Бұдан басқа да оңды шаруалар көп.

Қай саланың маманымен пікір алмассақ та, кез келген тауар бағасының қымбаттауын доллар бағамының құбылуымен байланыстыру әдетке айналғандай. Әлем алпауыты АҚШ валютасының әсерінен көлік бағасы – 11,7, байланыс қызметі 0,8 пайызға көтерілген. Коммуналдық қызметтерден суық су мен қатты отын – 19,3, газ – 16,2, жалдамалы тұрғын үйлер – 10,5, электр энергиясы 1,2 пайызға қымбаттаған. 

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биыл өткен жылмен салыстырғанда облыста азық-түлікке жатпайтын 15 тауардың бағасы жоғары, 37-сінің құны төмен, 1 ғана тауардың бағасы сол деңгейде сақталған. Ал тек Тараз қаласы бойынша салыстырар болсақ, облыс орталығында 53 тауардың ішінен 48-інің бағасы жоғарылағаны байқалады. Сондай-ақ, жоғарыда аталған басқарманың басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, статистикалық мәліметтер жинақтау барысында аудандардан жіберілген мәліметтер мен басқарма тарапынан анықталған мәліметтер мүлдем сәйкес келмеген. Себебі, ауданнан жолданған мәліметтер едәуір төмендетіліп, жалған көрсетілген.
Бас жоспар – кез келген елді мекеннің жеке куәлігі іспетті. Ол болмайынша, сол ауылды дамытамын деу – бекершілік. Өңірімізде барлығы 375 елді мекен болса, оның бүгінде 359-ының бас жоспары бар. Оның ішінде 14 елді мекен тұрғындарының саны небәрі 50-ге жуық болғандықтан, бас жоспары жасалмайтын көрінеді.
Қазіргі таңда облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер теліміне 102638 адам кезекке тіркелген. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан 1930,93 гектар аумаққа инфрақұрылым жүйелерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалса, 10722 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға беріледі деп күтілуде.
Тіпті шағын елді мекен болса да, оның дамуы сол жердегі халықтың демографиялық өсуіне тікелей байланысты. Сондықтан кез келген әлеуметтік нысан салынарда демографиялық ахуалды ескерген абзал. Мәселен, облыс тұрғындарының саны 2050 жылы 1,5 миллионға жетеді деп болжануда. Жақын жылдары облыс орталығында бой көтеретін №14, №15 шағын аудандарда табиғи өсім ғана емес, қаланың бас жоспарында, егжей-тегжейлі және шебер жоспарларында өзге де түрлі мәселелер жан-жақты ескеріліпті.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен осы жылдың соңғы аппараттық кеңесінде жоғарыдағы мәселелер бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова, облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы бас жоспарды дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Досанов хабарлама жасады. Жиын соңында өңір басшысы тиісті сала мамандарына тапсырмалар беріп, өзге де бірқатар ағымдағы мәселелерді пысықтады.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support