- Advertisement -

«Алматы», «Шымкент», «Жаңатас»…

203

- Advertisement -

немесе жол үсті толған жолаушыдан қашан арылады?

IMG_8743Қай қалада болсын автобекет немесе автостанса бар. Жолға шыққан жолаушы осындай орындардан діттеген бағытына аттанып жатады. Халық көп шоғырланатын ондай жерлерде жолаушылар үшін барлық жағдай жасалады. Асхана, дәріхана, күту залы, жүк сақтайтын орын, билет сататын кассалар дейсіз бе, бәрі де бар. Кісі қарасы үзілмейтін болған соң, бұл маңда полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте болады. Бір сөзбен айтқанда, жолаушы бет алған бағытына алаңсыз аттануға тиіс.

Тараз қаласында да «Автобекет-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Тараз» автобекеті мен «Лирона», «Дмиртрий и Ко» ЖШС-ның және жеке кәсіпкер «Садырбаев» пен «Арланның» автостансалары тараздықтар мен қала қонақтарына қызмет көрсетеді. Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 26 наурыздағы «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, «жолаушылар мен багажды автомобильмен ауданаралық (қалааралық, облысішілік) ауданішілік тұрақты тасымалдау бағыттарының қалаларда және ірі ауылдық елді мекендерде орналасқан аралық аялдау пункттері автовокзалдарда, автостанцияларда, жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінде болуы тиіс» деп атап көрсетілген.
Осы талап Тараз қаласында орындалмай отырғанын бірден айтайық. Алматы, Шымкент және Жаңатас қалалары бағыты бойынша облыс орталығынан негізгі үш жол шығады. «Тараз» автобекеті, «Жансая» және «Сельпо» аялдамаларының маңы таңның атысы, күннің батысы жүздеген жолаушы мен құжынаған автокөліктен босамайды. Көрінген көлікке қол көтерген жолаушы доңғалақтың астына түсіп кетердей, қара жолдың бойында қаптап тұрғаны. Толып жатқан «такси» де осында. Қаланың күн шығысындағы «Тараз» автобекеті іргесіндегі үлкен жолдың бойында «Алматы», «Шу», «Меркі», «Құлан» деп айқайлап жататын «такси» жүргізушілерінің даусынан құлақ тұнады. Бұл жерден өркениет түгілі, мәдениеттің жұрнағын да көрмейсің. Келіскен бағаға жоғарыдағы қалалар мен ауылдарға жолаушыларды жол үстінен іліп алып, кетіп жатқан жеке көлік жүргізушілері «бензинді шығаратын болдым» деп мәз. Арнайы автокөлік тұрағында кезегін күткен «таксистер» шаң қауып қалады ондайда. Жеке көлік иесі тапқан табысы үшін бір тиын да салық төлемейді. Тіпті ондай жолы болғыш жүргізушілерге салық төлету де мүмкін емес. Біздіңше оның бір-ақ жолы – жол үстінде тұра қалып «клиент» жинайтын көліктің сол маңдағы жол үстіне тоқтауына қатаң тыйым салу.
Қайыр сұраған қайыршы да, үй-жайы жоқ қаңғыбас та осында. Жалпы, жолаушы жазған жолым болсын дей ме, қол жайғандарға мырзалығы ұстап кетіп, 100-200 теңгесін ойланбай бере салады. Әгіндей мүскіндердің бет сипап бата бергендерін көңілдеріне медет тұтып кете береді. «Бәліш», «самса», «манты», тағы басқа жүрек жалғар ас-тағам мен сусын сатып жүргендер де кездеседі. Олардың сатып жатқан тағамдары талапқа сай ма? Бақылап жатқан ешкім жоқ. Басбұзар бұзақы мен ұры-қарылар да осындай жерлерді торып жүргені.
Шымкент бағытындағы жол үстінен де кісі қарасы үзілмейді. Қашан орнатқанын қайдам, жолаушылар иін тіресе толып тұратын жерге «тоқтауға болмайды» деген жол белгісі қойылыпты. Алайда сәл әріден тоқтаған жеңіл көлік жолаушыларды мінгізіп алып кетеді. Бұл жерде де, ана автобекет маңында да «такси» тұрағы бар әйтеуір. Ал Жаңатас бағытына шығатын «Сельпо» аялдамасында ондай орын атымен жоқ. «Такси» біткен сол жердегі тұрмыстық зат сататын үлкен әмбебап дүкеннің алдында. Бәлкім, көлігін қойғаны үшін жеке нысанның қожайынына тиын-тебенін төлейтін шығар… Бұл жерде де тікесінен тік тұратын жолаушылар жол үстіне шығып кетіп, көрінген көлікке қол көтеріп тұрғаны. Әрине, арнайы автобекет немесе автостанса болмаған соң, жолаушылар үшін ешқандай жағдай жасалмайды. Тіпті жолаушылар дәрет сындыруға дүкен айналып жатады.
Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары С.Хусаинов берген мәліметінде жоғарыда сөз болған мәселе күнделікті бақылауда дейді.
«Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласындағы автобекет, «Жансая» шағын ауданы мен Сүлейменов көшесінің (сельпо) бойында қоғамдық көлік құралдары тарапынан жолаушыларды заңсыз тасымалдау деректерін болдырмау үшін Тараз қаласы ішкі істер басқармасының жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшімен кезекшілік ұйымдастырылып, орын алып жатқан жайттардың алдын алу мақсатында күнделікті жұмыстар атқарылуда. Автомобиль жолдарында жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті арттыру, желіде қызметін тіркеусіз жүзеге асыратын (ауданаралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық қатыныстар) азаматтарға қатысты бақылауды жетілдіру мақсатында облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі «Автобус» жедел профилактикалық іс-шараларын жүргізді» делінген жергілікті полиция қызметі басшысының орынбары қол қойған хатта.
Одан әрі биылғы 11 айда жергілікті полиция қызметкерлері қоғамдық көліктің жүргізушілеріне қатысты, оның ішінде жол жүрісі қағидасының 2386 бұзу дерегін анықтағанын жеткізе келе, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің баптары бойынша жауапкершілікке тартылғандардың санын тізіпті.
Жоғарыда сөз болған облыс орталығынан шығатын үш бағытта жергілікті полиция қызметі тарапынан жұмыс күнделікті жүргізіліп жатқан болса, жол үсті жолаушыдан неге арылмай отыр? Әрине, ол жерлерге полиция қызметкерлерін қойып, тәулік бойы бақылап отыру мүмкін емес екенін түсінеміз. Алайда аракідік сол жолдармен ары-бері өткенде жол ережесін қадағалап, жолаушылардың қауіпсіздігіне алаңдап жүрген бірде-бір полиция қызметкерін көргеніміз жоқ. Сол үш бағыттағы көлік қозғалысы мен жолаушылар тасымалының жай-күйін көруге барғанда да форма киген бірде-бір азаматты кездестіре алмадық. Мән-жайды түсіндіріп, тілдесетін де бір жан жоқ.
Ежелгі де, жаңарған Тараз қаласына туристерді көптеп тарту мәселесі аз қозғалып жатқан жоқ. Ертең сең қозғалып, еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден туристер қалаға ағыла қалса, олар аспаннан түспейді, негізінен Алматы мен Шымкент бағытындағы жолдармен келеді. Ұшақтан түссе де «Жансая» шағын ауданы арқылы қалаға кіреді. Қызылордадан және Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ ауданынан келетін көрші өңірдегі ағайындар Саудакент бағытындағы жолмен жүреді. Өйткені Шымкент арқылы жол ұзақ, оның үстіне көлік қозғалысы тым көп. Ал «Саудакент-Ақкөл-Тараз» автожолы бар болғаны 164-ақ шақырым. Оның үстіне жол тақтайдай тегіс, жеңіл көлік екі сағатқа да жетпейтін уақытта қалада болады. Туристер мен қалаға келетін қонақтар тарихы тереңде жатқан Таразды алаңсыз тамашалауы үшін ең алдымен осы үш бағыттағы көлік қозғалысы мен жолаушылар нөпірін ретке келтіру қажет-ақ.

Aмангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support