- Advertisement -

Болмысы бөлек Бәкең еді…

187

- Advertisement -

Мен бір кездері тағдырдың жазуымен Алматыға барып, республикалық газетте, Қазақ энциклопедиясында жұмыс істедім. Сол кезде маған алматылықтар «Сіз облыс орталығында, провинцияда отырсаңыз да жазуыңыз қасаң тартпапты, ой-өрісіңіз де биік, қалай сақталғансыз?» дегендей өздерінше таңғалып жүрді. Әдетте, олардың ұғымында облыстағылардың бәрі тоқырап қалған, білімдері саяз, оларға жаңалықтар жетпей қалғандай көрініп тұрады. Бәрін өздері, астанада отырып дамытып жатқандай, сезінетін болса керек. Сонда мен оларға: «Мен қайта Жамбылдағы білімсіздеуімін, маған таңғалмай-ақ қойыңыздар, менің алдымда Бақытяр деген ағам бар, сонымен сөйлесіп көріңіздер», – дегенім бар еді. Бұлай айтуымның себебі – біз сол жылдардың толқындары Бақытяр ағамыз алған асуды алсақ екен, сол оқыған нәрсені оқып, сол секілді жазсақ екен деп армандадық, үлгі тұттық. Барлығымызға Бәкеңнің шығармашылық тұрғысынан да, адамгершілік жағынан да ықпалы, қамқоры тиді.

«Ақ жол» газетіне мен 1970 жылы келдім. Редакциядағы Мейірхан Қуанышбаев, Әлдихан Қалдыбаев, Жахан Сатаев, Рахметілда Құдабаев, Насыр Қоссейітов, Әкпарбек Доспамбетов деген аға журналистердің бәрі сайдың тасындай жігіттер. Осындай керемет жандардың ішіндегі мен үшін ең ерекшесі Бәкең еді. Еңбек жолын 50-жылдардан бастаған азамат редакциядағы ең ауыр, жұмысы көп ауыл шаруашылығы бөлімінде меңгеруші болатын. Мен де осы бөлімде жұмыс істедім. Астық ору, қызылша егу, мал төлдету, қыстату, шөп дайындау науқандарының бәрі біздің бөлімнің, Бәкеңнің назарынан тыс қалмайтын. Бәріне де үлгеретін. Сондықтан оны бас редакторымыз «Редакцияның К-700 тракторы» деп атайтын.
Сол тұстағы журналистиканың бір ерекшелігі әрі қиыны диктовка жасау болатын. Қазіргідей әр журналистің алдында бір-бір компьютер жоқ, газет күнде шығады. Ал Бақытяр ағаға бір күнде жиырма беттік диктовка жасау түк емес-тұғын. Оның үстіне, екі күннің бірінде съезд, конференциялар өтетін. Оның бәрі, әрине, орысша болады. Соларды қазақшаға аудару журналистерге жүктелетін. Бізде «мен орысша білмеймін, аудара алмаймын» деген сөз болмайтын. Міне, осы аударма бойынша да Бәкең ылғи көшбасшымыз болды. Орысшадан бірден аударып отырып диктовка жасайтын. Газетке хаттар да көп келеді. Оларды машинистканың қасында бірден өңдеп отыратын да Бәкең. Мені де диктовкаға үйреткен – осы кісі. Сонымен бірге, жақын таныса келе байқағаным, ойлары оқшау еді. Және сол ойларын қаптаған жұмыстың ортасында жүріп іске асыра білді.
Журналистикада сол кезеңде газет жанрлары да көп болатын. Бізге еңбек адамдарын насихаттау, басқаларға үлгі ету және олардың жанына үңіле отырып, очерк жазу міндеті қойылатын. Журналисті танытатын да осы очерк. Сондықтан бұл жанрды жарыса жазатынбыз. Біз шопандарға барып, қызылшашылармен сөйлесіп, солардың қиналып қалған сәттерін көркем очерк етіп жүргенде Бәкең бұрын-соңды облыста ешкім қалам тартпаған «Айша бибі туралы аңыз» атты тарихи туындысын беріп, очерк жазудың тамаша үлгісін көрсетті. Сөйтіп, бәрімізді қатты таңғалдырды. Біз, мәселен ол кезде көбіміз университет бітірген болсақ та, КОКП-ның қысқаша курсы мен жұп-жұқа Қазақ КСР тарихын оқумен шектеліп қалған едік. Ал қаламы да, ойы да ұшқыр ағамыз журналистігімен бірге, тарихымызды да зерттеп жүріпті ғой. Сөйтіп, осы аңызынан бастап оның шығармашылығының жаңа кезеңі басталды, осылайша ол тарихи тақырыптарға ауысты деп ойлаймын. Сондықтан мен Бақытяр Әбілдаұлының бір өзі «Ақ жолдың» бір дәуірі дер едім.

Өлкенің тарихын
зерделеген

Түсінген адамға өлкетанушылық – өте құрметті атақ. 45 жылдай журналистік қызметімде мен жүзден астам журналистпен бірге жұмыс істеппін. Бірақ, солардың ішінде өлкетанушы деңгейіне көтерілгені саусақпен санарлық. Өйткені, жүйелі түрде жұмыс істемей, тек бірлі-жарым тарихи очерк жазғандарды өлкетанушы деуге болмайды. Сол шақта облысымыздың аң-құстарын, табиғатын зерттеп, өлкетанушы атануға лайықты жанның бірі марқұм Мұқан Әбілқайыр еді. Әйткенмен, бәрінен шоқтығы биігі біздің Бәкең болды.
Әріптесіміз өлкеміздің махаббат символына айналған «Айша бибі туралы аңызын» кейіннен ұлғайтып, пьеса жазды. Ол Жамбыл театрының репертуарында ұзақ жылдар бойы қойылып, тіпті, оның төлқұжатына айналды.
1991 жылы арман болып жүрген тәуелсіздікке қол жеткіздік. Міне, осы кезде Бәкең жастайынан айналысып жүрген тарихи дүниелерін кәдеге асырды. Ол кімдерді, қандай тарихи оқиғаларды зерттемеді десеңізші. Мәселен, Байзақ датқа туралы кітап жазды. Бұл тарихи тұлға – Қоқан хандығына бағынып тұрған заманда өмір сүрген, соларға қарсы көтеріліс ұйымдастырған адам. Осы тақырыпты тарихшылардың өзі көп зерттемеген екен. Газетіміздің ізденімпаз журналисі осындай тың тақырыптарды таба білді. Сосын Сыпатай батыр, Наурызбай, Жауғаш, Қойгелді батырлар, Ұлбике ақын туралы романдар, Бөлтірік шешен жайлы кітап, Төле би жөнінде талай дүниелер жазып, жариялады.
Редакциямыздың «К-700-і» тек біздің өлкеміздің тарихын зерттеумен шектеліп қалған жоқ. Кейіннен Қазақстан тарихына қарай ойысты. Аңырақайдан басқа Семей жақта Еңірекей деген жер бар екенін анықтады.
Бәкең, әсіресе, біздің өлкеміздің, онда туып, елге қызмет еткен тұлғаларын таныту тұрғысынан келгенде көп еңбек сіңірді. Осылайша, өлкетанушыдан өсіп, жазушы-тарихшы, зерттеушіге айналды. Оның шығармаларын халық, тарихшылар мойындап, назар аудара бастады. Көптеген батырлардың мерейтойларын тойлау кезінде олардың кім екенін ашып беріп, еңбектерін танытқан «Ақ жол», соның ішінде Бәкең болды. Өйткені, журналист барлық тарихи мақаласын алдымен өзі еңбек еткен газетке жариялайтын.
Енді Бақытяр ағаның ерекше екі еңбегін атап өтуге тиіспін. Академиялар, тарихи институттар немесе ғалымдар емес, Бәкең марқұм Тараз қаласы іргетасының қаланғанына 2000 жылдан асқанын дәлелдеп берді. Ал одан бұрын бұл мәселемен ешкім айналыспапты. Ол әуесқой тарихшы ретінде осыны зерттеп, дәлелдеп, Тараздың тойын тойлауға қол жеткізуге себепкер болған бірден-бір жан. Сөйтіп, біз көне Таразымызды әлемге, ЮНЕСКО-ға мойындаттық.
Екінші атап өтерлігі – ағамыз Қазақ мемлекеттігінің 1800 жылдығын дәлелдеп мақала жазды. Махмұт Қашғаридың түрік сөздігінде Алып Ер Тоңа деген жыр бар. Онда Афрасиаб жайында жырланады. Ғалым М. Мырзахметұлы қазақ әдебиетінің кезеңдерін сол кезден бастап дәуірлеген еді. Ал Бәкең мұны әдебиеттің емес, мемлекеттің тарихы тұрғысында зерттеп, тереңдетті.
Көзі тірі болса 80 жылдығы дүрілдеп өтер ме еді? Театрда Айша бибісінен бастап, Сыпатай батыр, Төле би, М.Х.Дулати пьесалары қойылар ма еді, әттең…

Шарапатты азамат

Мінезі өте елгезек, тез ойлағыш, жылдам шешім қабылдағыш әрі бала мінезді, аңқылдақ ағамыз қашанда жастарға қамқорлығын көрсетіп жүретін. Біреу оқуға түсетін немесе емделетін болса, тіпті балабақшаға баласын орналастыратын болса да Бәкеңнің қолұшын созып, таныстарымен сөйлесіп, жүгіріп жүргені.
Өз басымнан мысал келтірсем, бірде әйелім ауырып қалып, екі жасар баламды өзіммен бірге жұмысқа ала келуіме тура келді. Балабақшаға орналастырмаған болатынбыз. Бәкеңмен бір бөлмеде отырамыз. Балам келді де, жұмыста ұйықтап қалды. Оны көрген әріптесім: «Бұл бала балабақшаға бара ма?» – деп сұрады. «Жоқ, бармайды», – дедім. Ол кісі дереу бас редакторға кіріп кетті. Артынша қайта шықты да: «Ештеңе жоқ, редакторға кейінірек болса да хатты жаздырып аламыз», – деді. Сөйтті де телефонмен Химпром бірлестігі деген қазіргі металлургиялық зауыттың бас директоры Тұйғынбек Темірбековке қоңырау шалды. «Тұйғынбек, сендердің бесінші мөлтек аудандағы балабақшаларың бітіп қалыпты ғой. Соған біздің бір баланы орналастыру керек», – деді. Арғы жақтан «келсін» деген жауап шықты. Белгіленген уақытта бас директорға барсам, қасында балабақшаға қабылдайтын комиссия мүшелері де отыр. Бас директор менің облыстық газетте жұмыс істейтінімді, редактордың хаты бар екендігін айтып, таныстырды. Бірақ, олардың бәрі үндемейді, баламды алғылары жоқ секілді. Сосын Темірбек маған қарап қазақшалап: «Көріп отырсың ғой, мыналардың мойны жар бермей отыр. Сен ертең келші, мен шешіп қоямын», – деді. Ертеңіне барып, жолдаманы алдым. Осылайша, Бәкеңнің елгезектігі арқасында балам балабақшаға орналасқан болатын.
1971 жылы Таразда 6 балдық жер сілкінісі болып, тұрғындар қайта қоныстанып жатқан кез. Бастапқыда, тіпті, 3 бөлмелі пәтерге 3 отбасынан орналасып жатты. Сол тұста Бәкең менен: «Осы келіннің аяғы ауыр емес пе еді?» – деді. Мен: «Иә», – дедім. «Онда оны ескеру керек қой. Сен арызыңа Әлімжанов Бақыт деп тағы бір адамды қосып жаза сал. Ұлды болсаңдар да, қызды болсаңдар да, есімі Бақыт бола береді», – деді. Жаңа үйге көшпей тұрып, ұлды болып, үйдің құжатын алдық. Баламызға да туылмай жатып есім беріліп, Бәкеңнің айтуымен Бақыт болды. Айта берсек, ол кісінің бір маған тигізген шарапатының өзі қаншама?
Тағы бір қызықты жайт есіме түсіп отыр. Бұл кісінің жұбайымен менің келіншегім облыстық кітапханада бірге жұмыс істеді, жақсы араласты. Ақылай жеңгеміз Бәкең кітапханаға келе жатса, көбінесе «Ойбай, мені жоқ деп айтыңдаршы» деп дереу тығылатын көрінеді. Әріптестері себебін сұраса, «Ол мені дәрігерге апарады, қоярда-қоймай» дейді екен. Сөйтсек, Бәкең өзі тісін жұлдырып, көзін тексертетін болса немесе басқа да бір жері ауырса «Сен де тексертіп ал, зияны жоқ» деп әйелін қоса ертіп апарады екен. Бұл да болса оның отбасына деген мейір-шапағатын көрсетеді.
Бақытяр ағаның бір айлық еңбек демалысында үйінде немесе шипажай, курорттарда демалып жатқанын көрмеппін. Оның демалысы Ташкент, Мәскеу, Алматының мұрағаттарында өтетін. Түнімен жол жүріп келіп, бірер сағат ұйықтар-ұйықтамастан жұмысына кірісуші еді. Бірде түні бойы Жоңғар қақпасы жақтан келіп, таң азанымен машинкада диктовкада отырғанын көргенмін. Арқа жұртының тарихи орындары, Сыр бойы, Өзбекстан елі – бұлардың бәрі әуесқой тарихшымыздың дерек жинаған жерлері. Міне, еңбеккештік қайда жатыр? Кейде марқұмның тым көп еңбек еткеннен ағзасына көп салмақ түсіп, сол себептен өмірден жастау озды ма деп ойлаймын. Ал кейде, үнемі бізден оқ бойы озық, алда жүріп, ана дүниеге де бізден, құрдастарынан, бұрын аттануға асыққандай, сол әлемнің бейнесін бізден бұрын көргісі келгендей болады да тұрады…

Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы, драматург, журналист,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support