- Advertisement -

Асыл тұқымды малды есепке алу маңызды

233

- Advertisement -

«Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» демекші, қандай да бір асыл тұқымды мал өсірсең табыстың да, молшылықтың да көзі – сол. Біреу болса да, асыл тұқымды мал өсіргенге не жетсін!
«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі № 278 Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, 2012 жылы мүйізді ірі қара малын тұқымының әрбір түрі бойынша бір-бірден республикалық палаталар құрылып, асыл тұқымды мүйізді ірі қара малы солар арқылы тіркеліп, есебі жүргізілуі жолға қойылды. Ал 2015 жылы қараша айында заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар 2016 жылдың 2 шілдесінде күшіне еніп, басқа да асыл тұқымды мал шаруашылықтарының мәртебесі алынып, малға енді асыл тұқымдылық мәртебесін әр түлік бойынша құрылған палаталар беретін болды. Республика көлеміндегі асыл тұқымды малды тіркеуді және олардан сатылған төлдерге асыл тұқымдық куәліктерді беруді солар жүзеге асырады.
Осыған орай еліміз аумағында республикалық қой, жылқы және құс шаруашылықтары палаталары олардың әрбір өнімділік бағыты және түйе, шошқа, ешкі, марал (бұғы), қоян, аң, бал арасы, балық өсіру шаруашылықтары республикалық палаталары ауыл шаруашылығы малының әр түрі бойынша біреуден құрылды.
Заң талабы бойынша ендігі жерде республикалық палаталарға тіркелген мал ғана асыл тұқымды мал болып саналады. Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенге дейін жеке қоралардағы осы сала бойынша бекітілген ең төменгі талаптарға сәйкес келмеген асыл тұқымды малдардың есебі ауыл шаруашылық басқармасына жыл аяғында тапсырылып, асыл тұқымды мал шаруашылықтарындағы малмен бірге қосылып, мемлекеттік тіркелім есебіне алынып келген-ді. 2016 жылы мал түрлерінен республикалық палаталар жыл аяғында құрылып, асыл тұқымды мал түгел тіркелініп үлгермегендіктен, 2017 жылдың басындағы асыл тұқымды малдың есебі бұрынғы тәртіппен мемлекеттік тіркелімге алынған малмен қоса есептелінді. Ал биылғы асыл тұқымды мал басы жаңа заң талабы бойынша республикалық палаталардан тіркеуден өткен мал санатында саналады.
Аймақ бойынша жүргізілген мониторингке байланысты 2017 жылдың басында мемлекеттік тіркелімге алынған асыл тұқымды мүйізді ірі қара малы – 83,3 мың, қой – 660,5 мың, жылқы – 26,3 мың, шошқа – 27,7 мың, түйе – 1,7 мың, тауық – 60,0 мың болатын. Олардың жалпы мал басына шаққандағы үлес салмағы мүйізді ірі қара мал – 25,3, қой – 29,8, жылқы – 23,7, шошқа – 71,6, түйе – 28,8, тауық 6,4 пайызды құраған еді.
Ал осы жылдың желтоқсан айында мал түрлерінен республикалық палаталарға асыл тұқымды мал мүйізді ірі қара малдан – 25,5 мың, қойдан – 296,4 мың, жылқыдан 0,5 мың тіркелген, шошқа, түйе, тауықтар бойынша тіркелім жоқ. Олардың үлес салмағы мүйізді ірі қарадан – 7,7, қойдан – 13,4, жылқыдан 0,4 пайызды құрайды.
Жыл аяғында асыл тұқымды мал басының үлес салмағының азайып кету қаупі байқалуда. Себебі, асыл тұқымды мал сатып алған жеке тұлғаларды былай қойғанда, бұрынғы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының өздері әртүрлі себептер айтып, қолда бар малын толық тіркеуден өткізбей отыр. Мысалы, республикалық палаталар құрылғанға дейін асыл тұқымды мал шаруашылықтарында: 78 нысанда 266 мың қой, 23 нысанда 8,6 мың жылқы, 1 нысанда 16 мың шошқа, 1 құс фабрикасында 60 мың бас жұмыртқа бағытындағы тауықтар болған. Бүгінгі күні осы малдың палата арқылы аз ғана бөлігі, атап айтқанда 57 нысаннан 169 мың қой, 5 нысаннан небәрі 250-дей ғана жылқы тіркеуден өткен.
Осыған орай асыл тұқымды мал өсіруші азаматтарға сатып алған асыл тұқымды куәліктері бар үш ата-тегі белгілі малы мен олардан алынған төлді түгел республикалық палаталарға тіркеулерін ұсынамыз. Тағы да қайталап айтамыз, «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңның талаптары бойынша палаталардан тіркеуден өткен мал ғана асыл тұқымды мал болып есептелінеді. Бұл жағдайда палатадан тіркеуден өткен малды, жас төлдерді сатуға, болмаса мал өсірушілердің өздерінде мал басын көбейтіп өсіруге қалдыруына әрі Үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдік қаражаттардың (субсидиялардың) дұрыс есептелініп бөлінуіне де мүмкіндік туады.

Абай Әшірбаев,
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық
аумақтық инспекциясының асыл тұқымды мал шаруашылығы
жөніндегі бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support