- Advertisement -

Электр қуатын таратудың шығыны азаюда

157

- Advertisement -

Еліміздің экономикасы қарыштап дамуы, жаңа өндіріс орындарының ашылуы және көптеген әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуіне байланысты аймақта электр қуатына деген қажеттілік уақыт өткен сайын өсе түсуде. Облыста өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда оған деген сұраныс 0,7 пайызға артқан. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келеді. Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады» деп ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысының Ұлт жоспарының 50, 51 және 52-қадамдарында электр энергетика саласын қайтадан құру, «Бірыңғай сатып алушы» моделін енгізу, өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерді реттеуге мүмкіндік беретіні ерекше атап көрсетілді. Өңірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру, электр энергиясымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру, өңірлерге оны таратудың шығынын төмендету, тұтынушылар үшін электр энергиясының ақысын азайту, сондай-ақ бұл салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізу міндеті қойылды.
«Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Елбасының тапсырмасын орындауда елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Серіктестік – облыс аумағындағы тұтынушыларға электр қуатын жеткізеді және таратады. Электр жүйелері мен трансформаторлық қосалқы стансаларды пайдаланумен және жаңартумен шұғылданады. Мекеме 146,445 мың шаршы шақырым аумаққа қызмет көрсетеді. Үстіміздегі жылы біз 1 509 548 мың киловатт электр қуатын қабылдап, оның 1 260 322 мың киловатын тұтынушыларға тараттық. Электр желілері кабель және трансформаторларды пайдалануға кететін жоспарлы шығын 265 340 000 киловатқа есептелген болатын.
Бұл салада жаңғырту жұмыстарын жүйелі әрі тұрақты жүргізу нәтижесінде биыл бұл көрсеткіш 249 226 000 киловатты құрады. Демек, шығын 0,6 пайызға төмендетілді. Қолданыстағы ескі құрылғыларды жаңасымен алмастыруға мекемеде жыл сайын 800 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Жамбыл электр жүйесінде электр жүйесін дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бар. Мұның өзі кәсіпорындардағы қайта жарақтандыруды жүйелі жүргізіп, облыстың елді мекендерінің электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етілуін арттыруда. Бірқатар аудандарды электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету үшін қосалқы электр желілері тартылып, іске қосылды. Осындай игілікті істің нәтижесінде Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарының тұрғындары ауа райының қолайсыз кездерінде жарықтың жиі өшуінен құтылды.
Үстіміздегі жылы барлық деңгейдегі кернеулі 1703 шақырым электр қуатын тарату желілері және қуаты 122,6 мегаватт 327 трансформаторлық қосалқы стансалардың жабдықтары күрделі жөндеуден өткізілді. Осы мерзімде 7 789 шақырым электр желілері және 1270 трансформаторлық қосалқы стансалар ағымдағы жөндеуден өтті.
Жалпы, облыстың аудандарында биыл 744 тірек, 494 темірбетон қосымша тірек және 113 шақырым сым жаңартылды.
Биыл Т.Рысқұлов ауданындағы «Әбдезім» қосалқы стансасы күрделі жөндеуден, Қордай ауданындағы «Георгиевка» қосалқы стансасы қайта жарақтандырудан өткізілді. Мекеменің кәсіпорындарын күзгі-қысқы кезеңге әзірлеуде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс еңсерілді. Ағымдағы жылы Байзақ және Қордай аудандарындағы электр тарату мекемелері газбен жылыту жүйесіне көшті. Қазір Ново-Воскресеновкадағы және Меркідегі электр тарату базаларын газға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бізге қарасты мекемелердің ағаш терезелерін пластикке ауыстыру жаппай қолға алынуда. Орталық оқшаулау қызметіндегі 2 зертхана күрделі жөндеуден өткізілді. Трансформаторлық майды кешенді сараптамадан өткізу үшін «Кристалл» атты жаңа зертхана сатып алдық. Мұның өзі тексеру сапасын арттыра түсуге игі ықпалын тигізері сөзсіз.
Облысымыздың аумағында көктемде су тасқыны, қыста боран және жылдың басқа мезгілдерінде күшті дауылдар жиі болып тұрады. Осындай кезде әуе желілері істен шығып, тұрғындар жарықсыз қалады. Мекеме мамандары мұндай оқылықтың орындарын жедел толтыруға күш салады. Электромонтерлердің жұмысы күрделі әрі қауіпті. Әрбір кәсіпорында жасақталған арнайы бригадалар ауа райының кез келген қатал жағдайларында апаттарды жою үшін нысан басынан табылып, уақытпен санаспай еңбек етеді. Сондықтан да олардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасауға күш салудамыз. Олар автокөлікпен, орталық диспетчерлік орталықпен радиобайланыспен және керекті қорғаныш құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олар ауа райының кез келген қолайсыз жағдайларында төтенше жағдай орын алған жерлерде болып, жарықты жылдам жалғауға күш салады. Мекеме электр қуатын үнемдеуге ерекше көңіл бөледі. Бұл бағыттағы тұрмыстық деңгейдегі қуат бақылаудың автоматтық жүйесі өз нәтижесін беруде. Аймақта жаңа өндіріс орындарының ашылуы, көптеген әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуіне байланысты оларға заманауи үлгідегі қуат үнемдейтін құрылғыларды орнату, қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.
Мұндай жоғары талаптарды орындауға біздің мамандарымыздың білімі, тәжірибесі және ерік-жігері толық жетеді. Мекемеде соңғы кезде мамандар тапшылығы, олардың тұрақтамаушылығы мәселелері толық шешілді. Олардың өнімді де алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалуда. Аймақта келесі жылы да тұтынушыларды тұрақты электр қуатымен қамту мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа қомақты қаражат қарастырылады. Еліміз және облысымыздағы барлық энергетиктерді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Оларға зор денсаулық, ұзақ өмір, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық және игілік тілеймін!

Әлихан Жарболов,
«Жамбыл электр жүйесі»
ЖШС-ның бас директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support