- Advertisement -

100 жаңа есім: Марат Саршаев

536

- Advertisement -

2013 жылдың қараша айы болатын. Бір айдан астам уақыт бұрын жабысқан ауру апамызды ғана емес, бізді де біраз есеңгіретіп тастаған. Өйткені ауруды емдеу түгілі, оның нақты диагнозын таба алмай, талай емхана мен аурухананың табалдырығын тоздырдық. Көз алдыңда жанын жегідей жеген дертпен алысып, күні кеше күлімдеп жүрген адамның бір-ақ сәтте шөгіп бара жатқанын көре-тұра ешқандай шара қолдана алмай отыру қандай қиын еді десеңізші…

Сондай қиын-қыстау, сергелдеңге салған соқпақ бізді Тараз қалалық №1 ауруханасының нейрохирургия бөліміне алып келді. Қолымызда бума-бума болған тексеріс нәтижелері. Осында жүрген ақ желеңдінің әрбіріне үлкен үмітпен көз тастап, қайсысы не дер екен деп елеңдеумен болдық. Қағаздарымызды ары-бері ақтарысқан олар бізге бір көмектессе, Марат есімді нейрохирург дәрігердің ғана көмектесе алатынын айтып тарқасты. Ендігі бар үмітіміз бізге бейтаныс Маратта еді.

Медбикелер оның нақтылы уақытта ауыр ота жасап жатқанын, қанша сағаттан соң босайтынын айта алмайтынын жеткізді. Не де болса күтейік дестік. Қанша тосқанымыз есімде жоқ. Әйтеуір әлденеше уақыттан соң ота бөлімінен орташа бойлы, ақсары реңді жас жігіт шықты. Оның тым жас екені көрініп-ақ тұр. Әлгі біз күткен тәжірибелі де білгір дәрігер бұдан әлдеқайда егделеу болса керек деп ойладық.
– Сәлеметсіз бе?! Біз Марат Саршаев есімді дәрігерді күтіп отыр едік. Ол кісі қашан босайды екен?

– Иә, сұрай беріңіздер, тыңдап тұрмын…
Жасыратын несі бар, аздап таңданып, көптеген тәжірибелі маманның анықтай алмағанын жасы әлі отызға тола қоймаған мына маман қайдан білсін деген ойдың болғаны рас.
Мән-жаймен танысқан ол жұмыс бөлмесіне барып, тексеріс нәтижелерін мұқият, ұзақ қарады. Әсіресе бас сүйегінің томографиялық түсірілімінен әлденені іздегендей, бірдеңені мүлт жіберіп алғандай аса сақтықпен қарағыштай берді.
…Содан, бас миының қатерлі ісігі дендеп бара жатқанын және жедел медициналық араласудың қажет екенін айтқан ол апамызды тез арада ауруханаға жатқызып, қажетті ем-дом шараларына кірісіп кетті. Біраз уақыт ем алып, есін жиған апамызға ота тек қана Астана қаласындағы нейрохирургия орталығында жасалатынын, ондағы материалдық-техникалық кешеннің мүмкіндігі мен медициналық жағдайдың әлдеқайда озық екенін айтқан дәрігер сонда жедел жолдама алуға да барынша күш-жігерін жұмсап, қолұшын созумен болды.
2013 жылдың желтоқсан айында Астана қаласында жасалған ота сәтті аяқталғанымен, арада бірнеше ай өткенде апамыз арамыздан бақилыққа аттанып кете барды. Өйткені аурудың өзі еш емге көнбейтін, жедел дами беретін болып шықты.
Бүгінде сол бір қиын-қыстау сәттер еске түскен кездерде антына адал, ісіне мығым, алдына келген науқастың ауруымен соңына дейін күресуіне күш-қуат беріп, үмітін үзбеуіне атсалысып жүрген сол бір азаматқа алғыс айтумен боламыз. Ел арасындағы мұндай жандар қандай құрметке де лайықты екенін мойындап, дәрігердің бәрі осындай болсайшы деп армандаймыз.
Ал жуырда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел ішінде ерекше ықыласқа бөленіп жүрген «Қазақстанның 100 жаңа есімі» белгілі болды. Сол жүздіктің тізімінде Марат Саршаевтың да тұрғанын көріп, жоба шын мәнінде өз міндетін мүлтіксіз атқарғанына тағы да көзіміз жете түсті.
1985 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіп, жоғары медициналық білімін Қырғыз Республикасында, одан әрі «Болашақ» бағдарламасы арқылы Мәскеуде алып келген ол бүгінде Алматы қаласындағы «Орталық клиникалық ауруханасында» еңбек етеді. Бірінші санаттағы дәрігер-нейрохирург. Тәжірибесін Ресей, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Араб Әмірліктерінде шыңдап қайтқан маманның қолымен қаншама ота жасалып, қаншама өмір сақталды десеңізші…
Қалай болғанда да, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» әбден лайықты бұл азаматтың адамгершілік ісі елдің көз алдында, жұрттың жадында. Сондықтан «Гиппократ антына» ғана емес, елі мен жеріне де адал дәрігердің аты әлі талай жерлерде жақсы лебіздермен аталарына біз бек сенімдіміз.

Маржан РАҚАЙ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support