- Advertisement -

Инвестициялық жобалар қалай жүзеге асуда?

106

- Advertisement -

DSC_1678«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен «2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық бағдарламасының облыста орындалу барысы» жайлы партиялық тыңдау өтті.

Алдымен «Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Индустриалды даму» бағыты бойынша комиссияның кураторы Тұрсынбек Нұрбаев Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарында аталған бағдарламаның орындалу барысы жайлы жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы жайлы баяндады. Оның айтуынша, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына Сарысу ауданынан 3 инвестициялық жоба енген. Алғашқысы асфальт-бетон өндіретін «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоба құны – 250 миллион теңге. Компанияның жылдық қуаты – 50 мың тонна асфальт-бетон шығару. Алайда бұл кәсіпорын биылғы жылдың 11 айында 13,2 мың тонна ғана асфальт өндірген. Өндіріс орнында 50 адам еңбек еткенімен, қыс айларында ғана тапсырыс негізінде жұмыс істейтіні көңіл көншітпейді. Екінші жоба – жылына 50 мың тонна йодталған ас тұзын шығаруға мүмкіндігі бар «Асыл тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоба құны – 710 миллион теңге. Осында 25 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылғанымен, кәсіпорынның іші салқын, қолайлы жағдай жасалмағанына комиссия төрағасы алаңдаушылық білдірді. Бұл аудандағы үшінші жоба – «Интеррин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өндірістік жарылғыш заттарын шығаруға арналған жоба құны 765 миллион теңгені құрайды екен.
Ал Т.Рысқұлов ауданы бойынша өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына алтын өндіретін «GOLDEN COMPASS CAPITAL» акционерлік қоғамы енгізілген. Жоба 8 миллиард теңгені құрайды. Мұнда жылына 250-300 келі алтын өндіріліп, 150 адам жұмыспен қамтылады деп көзделген. Өнім өндіру өзіндік қуатына жетпеген, алайда жылдан-жылға көлемі артуда. Келесі жоба – «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Құрама жем дайындау» зауыты. Жобаның қуаты сағатына 15 тонна құрама жем өндіруге есептелінген. Мұнда қазір үш адам жұмыспен қамтылып отыр. Т.Нұрбаев екі ауданда да кәсіпкерлікпен шұғылданатын адамдар саны нақтыланбағанын айтып өтті.
Мұнан соң облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Талғат Шалдарбеков облысымызда кәсіпкерлік қолдау картасы бойынша жалпы құны 568 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын, 6085 жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделіп отырғанын айтып өтті.
Бұдан кейін Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкей мен Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Манарбек Тілепов өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енген жобалардың жай-күйі жөнінде баяндап берді. Сондай-ақ комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Өз кезегінде комиссия мүшесі Нариман Мәуленов жобаны дамытуға өзі қаражат салған отандық кәсіпкерлерді салықтан босату, қажет болса Парламент депутаттарына ұсыныс айту қажеттігін сөз етті.
Жиынды партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев қорытындылап, кәсіпкерлерді құқықтық жағынан оқыту мәселесі өзекті екенін айтып, жұмысқа жауапты болуға шақырды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support