- Advertisement -

Әлемі бөлек Әлібек

342

- Advertisement -

Өңір мәдениеті, өнері, тарихи ескерткіштері және әдебиеті туралы одан көп білетін, тамырын дәл басып әңгіме айтатын азаматты сирек кездестіретініңіз анық. Әлібек Әмзеұлы туралы айтқанда, оның облыс мәдениетін өркендетудегі өлшеусіз еңбегі ойға оралады. Ол облыстық мәдениет (қазіргі мәдениет, архивтер және құжаттама) басқармасын бір емес, үш рет қайта айналып келіп басқарды. Неге дейсіз ғой?! Сол баяғы өзгелердің біразы түсіне бермейтін мінезінің салдары. Көп жағдайда көңіліне келіп, ойына оралатын қисынды сөздерін ірікпей, кім болса да қаймықпай, көзқарасын өршелене дәлелдеуге ұмтылатын қасиеті оны шығып тұрған тауынан бір емес, бірнеше рет «құлатты».

Ауылға кетіп қалған кезі де болды. Ауылдастары бұрын естімеген, көрмеген «румекс» атты майлы дақылды егіп, білек сыбанып еңбек етті. Мұнымен ол ауылдастарына қол қусырып қарап отыруға болмайтындығын, нарықтық экономиканың тәртібіне бағынып, өз тіршілігіңді өзің істеу қажет екенін нақты іспен дәлелдегісі келген. Сол бір жылдары егіншілікпен айналысқан кезіндегі әңгіме бөлек әрі өте қызық. Оның өңір мәдениеті туралы көп білетінін айттық. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылары жандарына әнші-күйшіні, айтыскер ақындар мен жазушыларды, өлкетанушылар мен тарихшыларды ертіп, аудандарды екі айдан аса аралады. Тарихымызды айтып, мәдениетіміз тереңде екенін айғақтайтын жәдігерлерімізді көрсетіп, сол өңірде ел тамашалайтын қандай рухани байлығымыз бар екенін көріп, әңгіме-дүкен құрып, аңыздарымыз бен ел аузындағы жырларымызды жинауға ұмтылдық. Сол кезде тарихи-мәдени ескерткіштер туралы әңгіме қозғалғанда, Әлібек Әмзеұлы барлығымыздан оқ бойы озық тұрды. Мысалы, Қарахан әулие кесенесін өткен ғасырдың басында қайта салған кезде оның моласы көптеген Құран кітаптарымен жабылғанын, Дәуітбектің ғұлама билеуші, батыр болғанын Әлібектен естідік. Тағы бірде Жайсаңдағы балбал тарихын әңгімелегені бәрімізге ерекше әсер етті.
Бірде кешқұрым Шу өңірінде балбал тастарды зерттеп жүрген тарихшы-ғалым Айман Досымбаева ойламаған жерден телефон шалып, бұрын-соңды кездеспеген балбалды тапқанын хабарлайды да, Әлекеңнің тез жетуін өтінеді. Жақсыны көруге асығатын Әлібек ат терлетіп, екі кештің арасында облыс орталығынан Шудың Жайсаң даласына жетеді. Бітімі өзгеше балбал оны қызықтырады. Тоқпақтай бұрымы, қолына ұстаған ыдысы, кісесіне ілінген қанжары, қалың мұртты, тұлғалы балбал ерекше еді. Қызарып батып бара жатқан алтын күннің сәулесімен жүзі алаулаған. Тамсанды, ұзақ тұрды. Сәулетші салған әр сызық анық көрініп тұр. Балбалды тастап кетуге қимады. Облыс орталығында өзі бас болып ашқан балбал тастар музейіне алып кетпек болды. Бірақ Айман ойын құптамады. Сол жерде жер жыртып жүрген тракторшының соқасына ілініп шыққан балбалдың ерекшелігін ол ұзақ уақыт айтты. Жақсылар мен жайсаңдарды, билік басындағы азаматтарды ертіп барып, тарихи ескерткіштерді сақтап қалудың не үшін керектігін түсіндірді. Сол жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жасақталған экспедицияға қатысып жүрген барлығымызды балбалға апарды. Қызықты әңгімелерге қанық етті. Мүсіннің қолына ұстап тұрған ыдысындағы су екенін дәлелдеп бақты. «Бұл бабамыз антқа адал болғанын қолындағы ыдысқа құйылған су арқылы айғақтап тұр. «Қазақта «ант-су ішейін», «неке суы» деген сөз тіркестері – бабадан қалған мұра», – деп сөзін қызықты мысалдармен айғақтады.
Оның ұлылардан «ұрлап» алған мінез-құлқы көп. Театр сахнасында сомдаған кейіпкерін көргенім жоқ. Сөз саптасына, жүріс-тұрысына, кескін-келбетіне, дауыс ырғағына қарап, Әлібек Әмзеұлының алғаш талайларға еліктегенін, жайсаңдардың жақсы қасиеттерін өзіне жұқтырғанын аңғару қиын емес. Әлекеңнің келбетті жүзінен, мінез-құлқынан, актерлік шеберлігінен Ыдырыс Ноғайбаевты, Нұрмахан Жантөринді көргендей боламын. Мәдениетке, өнерге көзқарасын Өзбекәлі Жәнібеков орнықтырғанын жақсы білемін. Өзекең, оның еңбегі туралы айтқанда, жүрегі елжіреп, еміреніп кетеді.Жақсылар туралы әңгімелегенде, жайылып, емен-жарқын күй кешеді.
Әлекең өмірде көрген, бірге жүріп сырласқан қазақтың атпал азаматтары көп. Ол ұлы актерлермен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында таныс бола бастады. 1966 жылы Талас ауданындағы Кеңес ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне оқуға түскен. Студент болып жүріп облыстық қазақ драма театрының сахнасында өнер көрсетті. Режиссерлер талантты танып, жас деп кеудесінен итермеді. Башқұрт драматургі Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» – Ақжігіт, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Бірінші мұғаліміндегі» Дүйсен оған жанындай жақын болды. Дүйсеннің рөлін сомдағаны үшін театр фестивалінде І дәрежелі дипломмен наградталды. Бұл оның алғашқы марапаты еді. Айта берсе көрерменнің сүйіктісіне айналған рөлдері жеткілікті. Жамбылдың қазақ драма театрын ұшпаққа шығарған Шәріпбай Сәкиевпен, Мақсұт Салықовпен, Алтын Ружевамен тағы да басқа майталмандармен бірге сахнада өнер көрсетті. Училищені бітірген соң бір жылдай сол кездегі Гурьев, қазіргі Атырау облысаралық қазақ драма театрында актер болып еңбек етті. Одан соң туған жерге оралып, 1983 жылға дейін театр сахнасында ондаған рөлдерді сомдады. Оның сахнадағы қимыл-әрекетін жамбылдықтар әркез сағына есіне алады.
1982 жылы Ташкенттегі театр және көркемсурет институтын бітіріп, төрт жыл Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры қызметін атқарды. Осы жылы ол бұрын-соңды Қазақстан театрларында болмаған еңбекті ұйымдастырудың жаңа жолын ойлап тапты. Бұрын театр ұжымы бес-алты ай бойы әлеуметтік жағдай жасалмаған гастрольде болса, ендігі жерде оның мерзімі үш айға қысқарды. Театрдың жұмысы жүйеленді. Алты айда тапқан табыстарын үш айда артығымен орындауды жүзеге асырған оның жұмысына республика мәдениет министрлігінің мамандары сенімсіздікпен қарап, біраз уақыт зерделегені де бар.
Кейінгі кездері ол ауылына жиі барғыштап кетті. Ұлы бабасы Көшек батыр кесенесінің айналасын абаттандырумен бірге, ауылының мәдени-әлеуметтік тұрмысын жақсартуға ағайын-туысқандарын жұмылдырып, біршама іс-шараларды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде батыр кесенесінің айналасында мыңнан аса тал-дарақ егіліп, гүл шоқтары жапырақ жайды. Жер астынан атқылап жатқан мөлдір су кесененің айналасын гүлзарға айналдырды. Биыл ауылында жастар үшін заман талабына жауап беретін стадионның салынуына ықпал жасады. Оның алдында Досымхан Аралбаев бауыры екеуі бірлесіп, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне ескерткіш-белгі орнатты. Диас Шардарбеков көкесінің қолдауымен ауылда саябақ салынды. Осының бәрінің басы-қасында Әлібек жүр. Ауылы нәр алып отырған бөгеттің бұзылғаны да жанына батады.
Туған жерін түлеткен, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен батыр бабасының рухын асқақтатқан жұмысты жүзеге асыру Әлібек Әмзеұлының атадан қалған аманаты іспеттес. Анау жылы қызметтен шеттетіліп, бос жүргенде ұлы бабасы Көшек туралы деректі фильм түсіргені бар. Түсірген фильмін өңдеп, шығара алмай жүргенде екеуміздің жолымыз түйісті. Мен «Райхан» деп аталатын жекеменшік телеарнаның бас редакторы болатынмын. Әлекеңді сыртынан жақсы білемін, ол мені біле бермейтін. Жағдайын айтып, фильмді монтаждап, өңдеу қажеттігін, оған жағдайы жоқ екенін айтты. Сол күні фильмі өңделіп, көп ұзамай ол телеарна арқылы көрсетілді. Содан бері екеуміз емен-жарқын әңгімелесіп, пікір алмасатын, сырласатын жағдайға жеттік.
Қызықты, жан тербетер әңгімелері таусылмайтын ағамның шежірелі, сырлы сөзін тыңдай отырып: «Осы айтқандарыңыздың бәрін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдыру керек. Сіздің білгеніңіз – елге аз да болса рухани азық!» – дегенімде, ол ойланып қалды.
Оның бірбеткейлігі туралы әңгіме ел арасына тарап кеткен. Кейде ұстанымын түсіне алмай қалатындар кездеседі. Ұстанымы, өз пікірі жоқ адамның өмірлік позициясы әлсіз екенін кім де болса жақсы біледі. Ал Әлібек Әмзеұлының өзіндік өмірлік қағидасы бар. Оның өзіне берілген пәтерді қарамағындағы қызметкерге беруін, омырауына тағылғалы тұрған медалін үш жыл бойы ақысыз еңбек етіп, ауылда кітапхананы сақтап қалған кітапханашының омырауына таққанын екінің бірі түсіне бермейді.
Мен оның іс-әрекеттерін саралай келіп, әлсіздермен «шайқаспағанын» білдім. Ондайларға пысқырып та қарамай, айтқандарын жел сөзге балап жүре берді. Театрда тәрбиеленген Әлібек Әмзеұлы өзгелердің жағымпазданбай, тіршілікте адал өмір сүруін қалайды. Оның бұл ниетін ауызекі айтатын әңгімелерін айтпағанда, жүрегін жарып шыққан «Қара кемпір» атты драмасынан, «Қор болған Қодар-ай…» атты эксцентрикалық пьесасынан және «Ақтаңгер» романынан анық байқауға болады.
Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген Әлібек Әмзеұлы Қара кемпір болып толғанады, Қодар сияқты тебіренеді. Шындықтың салтанат құруында батырлық пен батылдықты жанына серік еткен ол адамның жан-дүниесін тәрбиелеуде аянбай еңбек етті. Талай марқасқа қазақтармен терезесін тең ұстап сырласты, достасты. Сәкен Жүнісовпен, Есмұхан Обаевпен, Асанәлі Әшімовпен, Тұрар Дүйсебаевпен, Шерхан Мұртазамен, Фариза Оңғарсыновамен, Тұңғышбай Жаманқұловпен, Балнұр Қыдырбекпен, Айман Мұсаходжаевамен тағы да басқа мәдениет, өнер майталмандарымен өмірдің тыныс-тіршілігі туралы пікірлесіп, ой бөлісуі бойына қажыр-қайрат нұрын құятынын жақсы біледі. Көңілі сүйген кісіге жанын беруге дайын тұратын азамат өзінің атын баласына қойған Сейітқасымның ауырып, бір аунап тұрғаны жанына батқанын да көрдік. Әлібек туралы толғанғанда оның осындай азаматтығымен бірге облыс мәдениеті мен өнерін дамытудағы еңбегін ерекше айтқан дұрыс. 1987 жылы облыстық кеңеске депутат болып сайланып, осы жылдың маусым айында облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалды. 1988 жылы облыстық мәдениет және облыстық кинофикация басқармалары бірігіп, облыстық мәдениет жөніндегі комитет болып қайта құрылды. Сол комитетке төраға болып Әлібек тағайындалды. Тез түйінді мәселелерді шешу қажет болды. Облыста (республика бойынша тек біздің облыста ғана музыкалық училище жоқ болатын) музыкалық училищенің ашылуына барын салды. Бұл облыста мәдениет саласының кадр мәселесін шешуге негіз қалады.
Оның белсенді әрекеттері нәтижесінде облыста мәдениет саласында кезек күттірмейтін күрделі мәселелер шешіле бастады. Жергілікті жерлердегі мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға назар аударды. Клуб, кітапхана, саябақтардың жұмыс сапасын көтеру үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Конкурс, фестивальдар жиі өткізілетін болды. Республикада бірінші рет «Достық» деп аталатын түрлі ұлттардың өнерпаздары қатысқан фестиваль бастау алды. Кейін көптеген облыстарда осы іс-шара әртүрлі үлгіде өткізіліп жүрді.
1992 жылы облыстық мәдениет басқармасы және облыстық кино-бейне басқармасы болып екіге бөлінуінің нәтижесінде ол кино-бейне басқармасының басшысы болды. Бұл оның 1993 жылы АҚШ-тың Голливудының кино-бизнес мектебінде білім алуына мүмкіндік тудырды. 1997 жылы ол еңбек ететін басқарма таратылуының салдарынан біраз уақыт жұмыссыз жүрді. 1999 жылы облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалды. Бұл – аса күрделі кезең. 1992-1999 жылдар аралығында жабылып, ғимараттары сатылып кеткен клуб, Мәдениет үйлері мен кітапханаларды қайта ашу қиынның қиыны болды. Соған қарамастан 1999 жылы жүзге жуық кітапхана мен 77 клубтың қайта ашылуына мұрындық болды. Одан кейінгі жылдарда да жоқ болып кеткен мәдени ошақтарды қайта қалпына келтіруге көп қажыр-қайрат жұмсауға тура келді. Қиындықтарды жеңе отырып, өнердің жалпыхалықтық сипат алуына жол ашатын іс-шараларды жүзеге асырды. Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Кел, еркем, Алатауыңа!» деп аталатын әншілер мен күйшілер байқауы, «Жез киік» деп аталатын Ықылас Дүкенұлы атындағы республикалық қылқобызшылар аламаны осы уақытта дүниеге келді. Мұның сыртында облыстық мәдениет басқармасының ішкі жұмысы болып саналатын, жыл сайын облыстық дәрежеде өтетін «Үздік мәдениет үйі», «Үздік кітапхана» конкурстарын үлкен жүлде қорымен өткізу дәстүрге айналды.
Ол 2009 жылы қазақ драма театры Египеттің Каир қаласында өткен театрдың әлемдік экспериментальдық конкурсына қатысуын әркез қуана еске алады.«Қыз Жібек» спектаклін тамшалаған көрермен де, мамандар да жамбылдық әртістердің өнеріне ұзақ-ұзақ қол шапалақтауы оның бойында мақтаныш сезімін тасытқан еді. Көрермендердің талабы бойынша ұжым спектакльді екі рет қойды. Конкурстың шартына қайшы болса да бұл оқиға доданың тарихында жазылып қалды. Әлібектің шығармашылығы туралы айтсақ, «Қара кемпір» атты драмасы республиканың бес театрында көп жылдар бойы қойылды. Шығарманың М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында он жылдай жүруінің өзі неге тұрады десеңізші.
Осы пьесасы орыс тілінде Германиядағы «Душа» журналында басылды. Облыстық орыс драма театрында сахналанды. «Қор болған Қодар-ай…» атты эксцентрикалық пьесасы республика бойынша үш театрда қойылды. Қырғыз драматургы Сұлтан Раевтың «О,қыздар!» комедиясын аударды. Аудармасы республикалық байқауда бірінші жүлдеге ие болды. Бұл комедия республиканың бес театрында сахналанды. Осы автордың «Құрманжан датқа» пьесасын «АЙ» театры тапсырыс арқылы аудартып, сол театрдың сахнасына шықты. 2013 жылы «Ақтаңгер» романы оқырманға жол тартты.
Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Мәдениет қайраткері», Қырғыз Республикасының «Мықты мәдениет қызметкері» төсбелгілерімен және бірнеше мерекелік медальдармен наградталған, Тараз қаласы мен Талас ауданының Құрметті азаматы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, екі ұлы мен алты немересін жетектеген Әлібек Әмзеұлының өмірлік нәрі – ұстанған қағидасы. Ұстанымы бар адамның айтары да, көңілге түйгені де бар. Сондықтан да оны көпшілік құрметтейді, сыйлайды.

Мақұлбек Рысдәулет,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support