- Advertisement -

Ауласы бірдің ауасы бір

206

- Advertisement -

Айтыскер ақындар жасыл алаңда кездесті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және облыстық «Руханият» орталығы «Ақынға парыз көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты іс-шара ұйымдастырды. Бұл шара Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының айтыскерлері арасындағы достық-шығармашылық байланысты арттыру мақсатын көздеді.

Ахметжан Өзбеков бастаған жамбылдық айтыскерлер ордалы оңтүстіктен келген қонақтарды Тараздың батыс қақпа маңындағы Жәнібек пен Керей хандарға арналған «Мәңгілік ел» монументінің алдында дәм ұсынып, ұлттық ән-күйден, жырдан шашу шашып, қарсы алды.
Алдымен екі аймақтың айтыскер ақындары «Руханият» орталығында бас қосты. Шымкенттіктерді орталық қызметкері Айніл Әбдібек көрме залдарымен таныстырып шықты. Бұдан кейін мәжіліс залында екі облыстың белді айтыскерлерінің қатысуымен еркін сипаттағы жүздесу өтті. Бұл жиынды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина ашып, түркістандық айтыскер Бекарыс Шойбековті «100 жаңа есімнің» қатарына қосылуымен құттықтады.
Көрші облыс құрамасын бастап келген белгілі айтыскер Бекарыс Шойбеков бұл өте құптарлық бастама екенін, жобаны жамбылдықтар жылдам жүзеге асырғанын айтып, екі облыс өнерпаздары арасындағы достықтың жалғаса беруіне тілектестік білдірді. Өзгелер де ойларын ортаға салды.
Бұдан кейін ауылдың алты ауызы ретінде байзақтық жас айтыскерлер Әсет Дүйсебаев Аяз Бетбаевтың «Ағайындар-ай!» термесін орындаса, Дидар Басығараев Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін тартып, жүректерді шымырлатты. Жас өнерпаз Еламан Жүсіпов өз кезегінде Мұхтар Шахановтың «Әке үкімі» өлеңін тебірене оқыды. Қонақтар тарапынан жас әнші Ғабит Шырынбеков Кенен Әзірбаевтың «Бастау» термесін орындап берді. Өзгелер де өнерлерін көрсетті.
Соңыра Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде қос облыс айтыскерлерінің арасында шағын футболдан жолдастық кездесу өтті. Ойынның басында біздің жігіттердің біраз абдырап қалғаны рас. Соның салдарынан кездесудің 10-минуттарында қонақтар екі доп айырмасымен алға шығып кетті. Дегенмен, жерлестеріміз жылдам ес жиды. Артынша Бағлан Қамбатыров берген әдемі пасты Нұрлыбек Құрманов голға айналдырса, сәлден соң Дидар Басығараевпен доп алмасқан Әсет Дүйсебаев қарсы команданың қақпашысын қапы қалдырып, есепті теңестірді. Алғашқы кезең 2:2 есебімен аяқталды.
Екінші кезеңді біздің жігіттер ширақ бастады. Бақытбек Жұмабеков ұсынған пасты Нұрлыбек Құрманов голға айналдырып, жерлестеріміз алға шыққан. Алайда, соңғы минуттарда Бекарыс Шойбеков бастаған, Қажымұхан Абзалов, Біржан Байтуов, Нұрлыбек Мейірманов, Дәурен Ақсақалов қоштаған жігіттер шеберлік танытып, екі доп айырмасымен жеңіс тойын тойлады. Әрине, бұл – жолдастық кездесу. Жамбылдықтардан Ербол Қамбатыров, Алик Бекмұсаев, Дидар Апбасов, Медеу Мырзатай да жақсы өнер көрсетті.
Енді командалар арасындағы екінші ойын Шымкент қаласында жалғасын табады. Жерлестеріміз сол ойында сәтті өнер көрсетеді деп сенейік.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support