Солтыбаев соқпағы

0
103

Қазақта «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал ала алмайды» деген сөз бар. Біздің алдымызда өзімізге үлгі-өнеге болған атпал ағаларымыздың, қатарлас-қанаттас өмір сүріп келе жатқан жампоз замандастарымыздың, тіпті кейінгі толқын ізетті інілеріміздің өмір белестеріне көз жібере отырып, осы бір қанатты халықтық қағиданың дәл айтылғанына тәнті боласың. Өңірімізге белгілі азамат Еркінбек Солтыбаевты мен сол ордабұзар отызында Жуалының іргелі ұжымшарында партком хатшысы, одан сәл кейінірек Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, Жуалы аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып жүрген кезінен біледі екенмін. Ерекеңнің қамал алар қырық жасында тағдыр біздерді біріміз басшы, келесіміз қосшы болып Сарысу ауданында бірге қызмет атқаруды маңдайымызға жазыпты.
Бұл жылдарды көзге елестетудің өзі қиын. Былай да жартылай шөлейтті аймақ болып есептелетін туған ауданымыз сол жылдары құрғақшылықтың құрсауында қалған еді. Соның салдарынан болса керек, Талас пен Асаның, Шудың суы сарқылып, аудан аумағындағы жалғыз Шабақтының кенезесі кеуіп тынған. Өрістегі малға, сол мал соңындағы адамдарға Қырым қанды безгегі деген ауру тарататын кенелердің бүйідей тиген кезі де сол тұс. Одақтық бағыныстағы «Қаратау» кен-химия комбинаты басшыларының маңайдағы қазақ ауылдарына шекесінен қарап, қыр көрсетіп, өктемдік танытқан өрескелдіктері де әлі есте. Қырықты алқымдаған жылы бірінші хатшы болып сайланып, атқа қонған Солтыбаевтың күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып, әр жағы Сарыарқа мен Бетпақдала, бергі жағы Мойынқұмның бұйра құмдары мен Қаратаудағы көсегенің Көкжоны арасындағы далада мал баққандар мен егін салғандардың ортасында шаруаның жайымен шапқылап жүргенін көзіміз көрді.
Ерекең көп ұзамай-ақ Сарысу елін дау-дамайсыз, айғай-шусыз-ақ өзіне үйіріп алды. Сан шаруаны ұршықша иірді. Ең бастысы – бұған дейінгі жабық, көп шаруа астыртын, жартылай құпия жүргізілетін партия жұмысына ашықтық, жариялылық, демократиялық сипат әкелді. Кез келген күрделі шаруаны ел жақсыларымен ақылдасып отырып шешті. Менің ойымша, Еркінбек Солтыбаевтың Сарысу ауданындағы бес жылға жуықтайтын бірінші басшы болып еңбек еткен жылдары оның өмірлік белестерінің саяси және өмірлік мектептен өткен ең маңызды кезеңі болды. Сол тұста ауданда төрт түлік малдың басы өсті. Шалғайдағы Шу бойынан жаңа мектептер салынды, алыстағы ауылдарға асфальт жол төселді. Байқадам аталып келген тарихы терең ауылға Саудакент атауы қайтарылды, Ықылас Дүкенұлының 150 жылдығын атап өту және Шоқай датқа кесенесін қалпына келтіру жөнінде республика басшылығына хат жолданды, өзі де осы мәселелермен республика басшылығының есігін қағып, Алматыға арнайы барып қайтты. Сол істердің бастауында болған Ерекеңдей жампоз азаматтың қасында жүріп, тиісті құжаттарын дайындап, жақсы шаруаның қолдаушысы болғанымызды бүгінде үлкен қанағат сезімімен еске аламыз.
Киелі Саудакент топырағында Еркінбек Солтыбаевпен ата-бабаларымыз аңсап күткен, сол жолда қанымен-жанымен күрескен тәуелсіздігіміздің арайлы ақ таңын бірге қарсы алдық. 1992 жылдың ақпанында ол кісі алғашқылардың қатарында өзінің туған жері Жуалыға әкімшілік басшысы болып тағайындалды. Шалғайдағы Сарысу ауданынан абыроймен аттанды.
Осы орайда «Өзі жақсы кісіге, бір кісілік орын бар» деген қазақтың дана сөзін тағы бір рет еске ала кетуді жөн көріп отырмын. Міне, осы ауданнан Еркінбек Солтыбаев «Өзіміздің Ерекең» атанып, «Сарысудың бір баласы» болып, құдандаласып, араға үзілмейтіндей жібек жіп жалғап аттанды. Ел қариялары «Қарағым, бала болып келіп едің, дана болып кетіп барасың, қайда жүрсең де абыройың жолдас болсын» деп, ақ батасын беріп, шығарып салды.
Сонымен Солтыбаевтың Сарысудан бастау алған соқпақты жолы осылайша арынды өзендей өзінің туған ауданында жемісті түрде жалғасын тапты. Одан кейінгі жылдарда облыстық халықты әлеуметтік қамсыздандыру басқармасында біршама уақыт басшылықта болды. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын да, күрделі жылдары еді ғой, зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылар төленбей, әлеуметтік дүмпулер бірде облысымыздың бір аймағынан, кейде басқа бір тұсынан көрініс беріп жатты. Тәжірибелі басшы осындай қиын жағдайдан шығатын жол тауып, көппен тіл табыса білді.
Еркінбек Солтыбаев облыстық мәслихаттың әлденеше шақырылымының депутаты болып сайланып, елдің аманатын абыроймен алып жүрді. Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы ретінде бюджет қаржысының тиімді жұмсалынуына күш салды. Кейінірек «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы аппаратында жауапты қызмет атқара жүріп, белсенділігімен партия активінің үлкен сеніміне ие болды…
Зейнет демалысында жүрген Ерекеңмен бірде кездесіп қалдық.
– Біз екеуміздің арамызды ендігі жерде «Ғұмыр-Дария» жалғап тұратын болады. Ардагерлерге арналған жақсы бір газет шығарып жатыр екенсің. Барлық бастамаларыңа тілеуқормын, – деп еді сол жолы.
2015 жылдың қарашасында облыстық ардагерлер кеңесінің пленумы шақырылып, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ұсынысымен Еркінбек Солтыбаев облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Е.Солтыбаевтың басшы­лығы­мен атқарылып жатқан жұмыстар бүгінде елдің көз алдында. Ол ардагерлер ұйымдары жаңа заманға бейімделген, жаңаша жұмыс істейтін, игі бастамалардың бел ортасында жүретін белсенді, ықпалды күш екендігін жаңа қырынан дәлелдеп бағуда. Жастарға патриоттық тәрбие беруде, ұлттық, тарихи құндылықтарды насихаттауда, зейнет жасындағы ардагерлердің қоғамнан таса қалмай, белсенді ортаға шығуына ықпал етуде, қарт адамдардың қарап отырмай кәсіптерін дамытуына жағдай жасауға, ардагерлер ұйымдарының ықпалын арттыруға Еркінбек Бейсенбекұлы көп күш жұмсауда.
Бүгінде облыстың ардагерлер ұйымы аймақтың үкіметтік емес ұйымдары арасында өзінің көшбасшылық орнын мығым сақтап келеді. Қазір облыстық ардагерлер кеңесіне келетіндер көбейді, кеңесетіндердің қатары артты. Қарияларымыз аймақ ардагерлерінің бас кеңсесіне жиі-жиі соғып тұруды әдетке айналдырды.
Еңбектің өз өтеуі болады. Жақында облыстық мәслихаттың сессиясында Еркінбек Солтыбаев облыстың Құрметті азаматы атанды, өткен жылы Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Аймақ халқының, облыс ардагерлерінің құрметі мен сенімі өз алдына. Меніңше, марапаттың үлкені – сол, көптің құрметі мен сенімі дер едім.
Бүгінде асыл жары, ардақты ана Қалима екеуі – ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерін есейтіп, олардың қызығына кенеліп отырған бақытты отбасы.

Жаңабай МИЛЛИОНОВ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі.

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here