- Advertisement -

«100 жаңа есімге» енгенімді зор мәртебе көремін»

200

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ел дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды насихаттау, ынталандыру мақсатында Қазақстанның «100 жаңа есімін» анықтау тапсырылған болатын. Нәтижесінде бірнеше іріктеу кезеңі арқылы азаттық жылдарында қазақ атын әлемге танытқан түрлі саладағы талант иелері қазақстандықтардың дауыс беруінің нәтижесінде «100 жаңа есім» қатарына енгені белгілі. Жүздіктің қатарына еніп, елінің қошеметіне бөленген түрлі сала үздіктерін Мемлекет басшысы қабылдап, еңбегі ерен, ойы терең азаматтарға алғысын білдіріп, емен-жарқын әңгімелесіп, еліміздің өркендеуі жолында еңбек ете берулеріне тілектестігін білдірген болатын. Аталмыш жобаға Жамбыл жерінен сегіз азамат қосылған-ды. Бүгін біз «100 жаңа есім» жобасына енген даңқты спортшы, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының және Парижде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Ақжүрек Таңатаровпен болған жедел сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. 

– Ақжүрек, сіздің «100 жаңа есім» жобасына енуіңіз талай байрақты бәсекелерде атой салып, ел сенімін ақтаған саңлаққа деген елінің құрметі екені сөзсіз. Жалпы, еліміздің «100 жаңа есімінің» қатарынан көріну сізге қандай жауапкершілік жүктейді?
– Шынымды айтсам мен бұл кезде жарыстарда жүрген болатынмын. Сондықтан еліміздің «100 жаңа есім» жобасына енгенімді дер кезінде білдім деп айта алмаймын. Астанаға, салтанатты шараға шақырған кезде ғана жауапкершілік жүгін сезіне түстім. Ал Елбасымен кездескен сәтте жобаның маңызын бұрынғыдан да қатты түсінгендей күй кештім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Президенттің алдында отыру, ол кісімен жүздесу қашанда мерей. Елбасының аурасы әрдайым ерекше. Мемлекет басшысының қабылдауында екінің бірі бола бермейді ғой.
Бастысы, маған сенім артып, дауыс берген барлық азаматтардың, туған-туыстың, ағайын-бауырдың, жалпы, барша жұртшылықтың сенімінен шығу – мақсатым. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибем мен білімімді жастарға беріп, солардың өсуі мен өркендеуіне тамшыдай болса да үлесімді қосқым келеді. Елбасының өзі мемлекетіміздің болашағы жастардың қолында дегенді жиі айтады. Сондықтан аянбай еңбек ете береміз деп ойлаймын. Ел дамуы үшін қолымнан келгенше тер төгуге әзірмін.
– Лондон Олимпиадасынан кейін көрінбей кеттіңіз. Десе де кейіннен Ақжүрек Таңатаровтың әлі де берері мол екенін танытып, Азия біріншілігінің алтынын, әлем чемпионатының қола жүлдесін қанжығаңызға байладыңыз. Тіпті әлем чемпионатының алдында «медальсыз оралмаймын» деп серт беріп, уәдеңізді орындадыңыз. «100 жаңа есім» жобасында жарқырап көрінуіңізге осы жетістіктеріңіз де сеп болғаны анық. Әйткенмен, Азия чемпионатының алдында әңгімелескенімізде «мен үлкен спорттан кеттім» деген едіңіз. Соңынан екі бірдей байрақты бәсекеде топ жардыңыз. Енді нақты айтыңызшы, спортшы ретінде кәсіби мансабыңызды жалғастырасыз ба? Қанша дегенмен барлық жарыста жүлде алдыңыз…
– Иә, Олимпиада ойындары мен әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткіздім. Азия чемпионатында алтын жүлде иелендім. Лондоннан кейін шынында да бірнеше рет спорттан кеттім деп айттым және кететін ойым да болған. Алайда ағалармен сөйлесіп, келісімге келіп, қайтадан жаттығуға кіріскен жайым бар. Осы жолы спортты қойдым деп нақты айта аламын. Өйткені жасым келді. Әйтсе де жұмысқа нақты орналаспайынша, бәрі де мүмкін екенін еске салғым келеді. Ол кез келген сәтте орын алуы ықтимал. Сондықтан Ақжүрек араға уақыт салып, бозкілемге оралып жатса, таңғалудың керегі жоқ.
– Рио Олимпиадасынан классиктеріміз де, еркін күрес шеберлеріміз де құр алақан қайтып, жанкүйерлерді жабырқатқаны есте. Сол кезде сіз ұлттық құрама басшылығын сын тезіне алып, әлеуметтік желілерде өз пікіріңізді ашық айтып, кейбір салмақтарда додаға қатысуға тиіс саңлақтар жарыстан сырт қалғанына күйіндіңіз. Әне-міне дегенше Токио Олимпиадасы да таяп қалады. Жоғарыда айтқан олқылықты түзету үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Рио Олимпиадасы қалай өткенін көрдіңіздер. Өзекті өкініш өртегені рас. Сол кезде кездескен аға-әпкелеріміз: «Әй, Ақжүрек, неге медаль жоқ. Қазақтың балуандары күресе алмайды ма?» деген пікірлер айтып жатқанда қатты ыңғайсыздандық. Бірақ нәтижеге балалар кінәлі емес. Бұл сұрақты меніңше Сергей Белоглазовқа сенім артқан басшыларға қойған дұрыс. Балалар емес, солар жауап беруі тиіс. Біз Токиода жүлде алу үшін Риоға жастарды апаруымыз керек болатын. Олар үлкен доданы көріп, тәжірибесі толыса түсетін еді. Енді Риода күрескен саңлақтардан Токиода кімдер күреседі деген сауалға нақты жауап бере алмаймыз. Олардың ішінде спортты қойғаны да, күреспен қош айтысқалы жатқандары да бар. Ұлттық құрама тізгінін ұстаған Әсет Серікбаев бауырым бұйыртса командадағы ауызбіршілікті сақтап, тәртіп орнатып, нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.
– Ақжүрек, спортшы ретінде бар биікті бағындырдыңыз. Дегенмен «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деп жатады. Сізде енді қандай арман бар?
– Әрбір адамның арманы болады ғой. Менің арманым Олимпиада ойындарының алтын медалін алу еді. Алланың пешенеге жазғаны шығар, алтын бұйырмады. Алдағы уақытта спортта жүрген ұл-қызым мен бағындырмаған биікке қол жеткізіп, Олимпиаданың алтынын алатын шығар деген үміт бар. Сонымен қатар жаттықтырушы ретінде тұңғыш рет қазақ баласын Олимпиада ойындарында чемпион етсем деген асқақ арманның жетегінде жүрмін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ақжүрек Таңатаров, еркін күрестен
Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері:

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support