- Advertisement -

Жалынды жастар – биікке бастар

219

- Advertisement -

«Жастар. Ауыл. Жаңғыру» атты ауыл жастарының облыстық II форумы өтті
«Ауыл» ХДПП облыстық филиалының ұйымдастыруымен Тараз инновациялық- гуманитарлық университетінде «Жастар. Ауыл. Жаңғыру» атты II облыстық ауыл жастары форумы өтті. Форумға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов және өңірдегі белсенді жастар, «Ауыл» ХДПП-ның облыстық, аудандық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттары, кеңес мүшелері, аудандық филиал төрағалары, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандардағы жас мамандар және кәсіпкерлер қатысты.
Форумда сөз алған «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы Ерболат Саурықов баяндамасында жастар саясаты мен өңірдегі жастар ахуалына көңіл бөлді.
– Жастар – әр халықтың бүгіні мен ертеңінің кепілі. Болашағын ойлаған ел асыл уақыты мен күш-қайратының басым бөлігін жастарын тәрбиелеуге жұмсауы керек. «Тәуелсіз Қазақстанның жастары, нақ сендер елдің ең басты байлығы болып табылатындарыңды және біздің Отанымыз Қазақстан Республикасының болашағы сендерге байланысты екенін есте ұстаңдар!» деген Елбасымыз жастардың еліне деген отансүйгіштік сезімін оятуды кезек күттірмейтін мәселе ретінде қарауды талап етіп отыр.
Жалпы адамды адам етіп, ұлтты ұлт ететін санат рухани байлық. Ал сол рухани құндылықтың қайнар көзі, руханияттың түп-тамыры ауыл екендігі аян. Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы. Елбасымыздың: «Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз», – деген сөзі өте дұрыс айтылған.
Бүгінгі ауыл – рухани жаңаруға зәру. Ал оны жаңартатын, жаңа даму межесіне жетелейтін жастар екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда бәсекеге қабілетті білім алған, инновациялық бағытта даярланған мамандарды ауылдарға тарту халқымыздың негізгі ұйытқысы ауылды ғана емес, жалпы халықтың рухани жаңаруына мол мүмкіндіктер беретіні анық. «Шындыққа жетелейтін бірден-бір жол – білім жолы» демекші, бүгінгі қоғамда жастарды бәсекеге қабілетті білім-ғылыммен қаруландыру, ұлттық рухы биік, берік азаматтық ұстанымда тәрбиелеу ерекше назарда болуы шарт, – деп, өз ойын айтқан Ерболат Байұзақұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған, жүзеге асыруға міндеттелген игі істер мен атқарылып жатқан қыруар шаруалардың бәрі болашақ үшін, жастар үшін іске асып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ жастарды «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, қасиетті Отанымызды Мәңгілік елге айналдыру жолында еңбек етуге шақырды.
Сонымен қатар, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Кұлкеев, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Шайхиев баяндамаларында өз салалары бойынша жастарға жасалынып жатқан жеңілдіктер мен қолдауларға тоқталып, атқарылған жұмыстардың қорытындысынан хабардар етті.
Жиында «Қазақстан ауыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ихтияр Мырзахметов, облыстық кәсіпкерлер палатасының «Агроөндірістіккешен» бөлімінің аға сарапшысы Сабыржан Ешанқұлов, Т. Рысқұлов ауданы бойынша партияның төрағасы Ертіс Тұғылшиев, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Умид Кермалиев те сөз алып, бүгінде жастарға мүмкіндігінше қолдау көрсетіліп жатқанын айтып, оларды тиімді пайдалану қажеттігін алға тартты. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің 2-курс студенті Серік Спанәлі жалынды сөздерімен замандастарын жігерлендіре түссе, «Ауылға арнау» өлеңімен ТИГУ-дың 1-курс студенті Медеу Мырзатай көпшілікті тебірентті. Артынан IІ жастар форумының үндеуі оқылды.
Жастар форумы өз жұмысын аяқтаған соң партияның әр деңгейдегі филиал төрағалары мен мәслихат депутаттары дөңгелек үстел отырысында бас қосты. Онда қордаланып қалған біраз мәселелер талқыланып, алдағы жоспарлар қаралды.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support