- Advertisement -

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

421

- Advertisement -

Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көпшіліктің көңілінен шықты. Елбасы бұл мақаласында бұрын жарияланған саяси және экономикалық реформаларға қосымша елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасын ұсынды. Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән жоқ. Мақаланы оқып отырып «прагматизм» деген сөзге тоқталып, пікір қосуды жөн көріп отырмын. Прагматизм деген сөзге мән берсек, «нақты іс-әрекет» дегенді білдіретіні белгілі. Мақалада «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады… 

Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.
Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы. Бұл – әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.
Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы: коммунизм, фашизм және либерализм – біздің көз алдымызда күйреді.
Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс.
Яғни реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды» делінген. Сөйтіп, Көшбасшымыз қазіргі дүниетанымның өзгеруіне байланысты оған прагматикалық тұрғыдан қарау керектігіне көңіл аударады. Сондықтан оны басты бағдарымыздың бірі ретінде қабылдап, қазіргі заман талабына сай қолға алынған экономика және саяси реформалармен қатар рухани дүниемізді байытып, санамызды сергіткеніміз жөн.
Расын айтуымыз керек, уақыт өткен сайын халқымыздың өмірлік ұстанымы өзгеріп, ғасырлар бойы қалыптасқан ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарымыз көмескіленіп, базбір жерлерде мүлдем қожырап, жоғалып кетер халге жеткенін мойындауымыз керек. Бұрыннан халқымыз қадірлеген, атаға баладан мирас болып келе жатқан үлкенді сыйлау, інілік ізет, қарттарға құрмет, көпшілікке ілтипат көрсету, жасы үлкен азаматтың алдын кесіп өтпеу сияқты тәрбие-тәртіп қазіргі қоғамда әлсіреп бара жатқаны жасырын емес. Лауазымы сәл биіктесе қара халықпен есептеспейтін, оларға арқа жонын көрсететін шенеуніктер пайда болды. Кімнің қалтасы қалың, кімнің қызметі жоғары – сол қадірлі болған заман туды. Ерте кезде қоғамда бірен-саран ондайлар болған да шығар, бірақ дәл қазір сол пиғыл дәуірлеп тұр.
Қызы – анасын, ұлы – әкесін, келіні енесін тыңдамайтын отбасылар да жоқ емес. Тіпті, қарт ата-анасын бөліп тастап, өздері жеке үй болып, түтін түтетіп отырған отбасыларды немесе әкесі мен шешесін қарттар үйіне тапсырғандарды кездестіру дәл қазір таң болмай қалды. Баспасөздер мен теледидардан әлгілердің көз жасын, ауыр мұңын көріп-біліп базбірде санаңа жүк түсіп, жүрегің сыздайтыны бар.
Елбасы Н.Назарбаевтың ойлы мақаласын оқып отырып, еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын ұғып, оны алға алып бару үшін рухани болмысты барынша мықты етіп қалыптастырып, ұлттық сана мен рухты әр ойлы азаматтың бойына сіңірсек қана іске асатынына қосыласың. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік етуге талпынуы керек-ақ. Ол үшін олар білімді, саналы, мәдениетті, ұлтжанды болуы шарт. Аяқтан шалатын кереғар пиғылдан арылғаны жөн.
Ой елегінен өткізсек, әлі біздің қоғамымызда орынды-орынсыз сән-салтанат жетіп артылады. Ата-атаға бөлініп алып, жыл сайын ас беру, ат шаптыру көп аймақтарда үйреншікті дәстүрге айналды. Ата-бабаларымыздың тарихын зерттеу, ұлт батырларын еске алу, аруақтарға ас беру, өңірдің белгілі тұлғаларына, батырларына ескерткіш пен күмбез-белгі орнату, білгенімізді қағазға түсіру, олардың есімдерін келер ұрпаққа жеткізу керек те шығар. Бірақ, ол тым шегінен шығып, бәсекеге айналып кетпеуін ұмытпауымыз керек сияқты.
Өткен күндердің бірінде Ақтөбе өңірінің діни басқармасы облыс көлеміндегі имамдардың басын қосып, қайтыс болған адамның қонақасы садақасын ықшамдап өткізуге, ысырапқа жол бермей, өлікті соңғы сапарға шығарып салу кезінде төбе басында ақша, шай таратпауға үндеу тастады. Бұл өте құптарлық ұсыныс бүгінде өз нәтижесін беріп, көптеген ауылдықтардан қолдау тапты. Сол үндеу еліміздің бүкіл аймақтарында қаперге алынып, іске асқанын қалар едік. Шындық қой, тек қазақ қандастарымыздың ортасында ғана осындай ысырапшылдық, аста-төк кеңінен етек алып барады. Басқа, қатар тіршілік етіп жатқан этнотоптарда (өзбек, дүнген, ұйғыр және тағы басқалар) кісісі қаза болған отбасында үш күнге дейін қазан көтеріліп, ас пісірілмейді. Қонақасы деген оларда мүлдем жоқ. Сырттан келген жекжат-жамағаттарға көршілері мен туыстары үйлеріне шақырып, ас-су береді. Ал бізде қаза болған үйдің ауыртпалығын бөлісудің, уайымын көтерудің орнына олардың жақындарын әлек-сарсаңға салып, жылқы сойғызып, қазан-қазан ас пісіртіп, базарға жүгіртіп, үстел қайысқан көлдей-көлдей дастархан жайдырып, азаннан кешке дейін көңіл айтып келгендерге ас-шай беруге мәжбүр етеміз. Бір бөлмеде қаза болған кісілердің жақындары жаны күйзеліп жылап-сықтап отырса, екінші бөлмеде немесе аулада қойылған шатыр астында әңгімені гөйітіп, ара-арасында әзіл-қалжыңмен қағысып, сылқ-сылқ күліп, ас жеп, ыстық сорпа мен шайға шып-шып терлеп отырған жандарды көріп жүрегің мұздайды. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» дегендей, ойланыңызшы, соңғы жылдары қалыптаса бастаған осы жағымсыз дәстүр орынды ма? Бізден басқа қай халықта осындай әдет-ғұрып бар?
Енді қаза болған үйдің мүшелері ұйымдастыратын қонақасыға келейік. «Қонақасы» деген сөздің өзі айтып тұрған жоқ па, ол кімге арналғанын. Бұл – алыс жерден, сырттан көңіл айтып, жерлеуге, өмірден өткен жақын адамға топырақ салу үшін келген қонақтарға, жекжат-жамағатқа берілетін ас. Ертеде солай болып қалыптасқан болатын. Ал қазір біз оны үлкен той дәрежесіне көтеріп жібердік: мейрамханаға орынды-орынсыз 200-300 адам қаза болған үйдің есебінен мол дастархан басына жиылып, тойғанымызша ас ішіп, ет жеп, қымыз-шұбат ішіп, алма-өрік жеп, шаймен сусынымызды қандырамыз. Бұл сонда кім болғанымыз? Мұны қандай қасиет деп қабылдауымыз керек?
Әр аймақта діни басқармалар, бас имамдар, жергілікті мешіт қызметкерлері бар. Олар неге осы мәселелерге көңіл аудармайды? Егер олардың әрқайсысы жергілікті халыққа талап-тілектерді жеткізіп, теріс, керексіз дәстүрлерден тазартып отырса несі артық?
Бұл мені көптен бері толғандырып жүрген ой болатын. Сол ой-пікірімді өздеріңіздің алдарыңызға жайып салдым. Көпшілік бұған не қосар екен?
Бүгінде жастар тәрбиесі, кішінің үлкенді тыңдауы, үлкеннің ұлағаты күн тәртібіне ерекше қойылуда. Бұл ретте өмір мектебінен өткен, көңілі ояу, ойы терең қазыналы ақсақалдарға жауапты міндеттер жүктелмек. Көп жерде ақсақалдар көптеген игі істердің ұйытқысы болып жүр. Ардагерлер жиында ел бірлігі, ұрпақтар сабақтастығы, сыйластық, ауызбіршілік туралы зерделі қарияларымыз ойларын ортаға салып, ақылдасып, билік иелеріне ұсыныстар жасап отырса несі артық?
Айтар адамнан тыңдар адамның түйсігі биік болу керек. Орынды айтылған нақты сөз, бөліскен ой-пікір адамның бір-біріне деген сенімін, өмірге деген құштарлығын арттырады, ұлттық салт-санамызды оятып, рухани дүниеміздің көкжиегін кеңейте түседі.
Өркениет көшіне ілескен еліміздің Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз мақаласында көптің ойында жүрген мәселелерді дөп қозғап, халқымыздың баянды бірлігі арқасында жаңа биіктерге көтерілу жолын бағдарлап берді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты кең көлемді, ойлы мақаласы көптің көңіліне қонып, жүрекке жетеріне сеніміміз мол.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support