- Advertisement -

Ар тазалығы – жан байлығы

580

- Advertisement -

_MGM3544

Мейрамбек Төлепберген,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.

«Ойды ой қозғайды».
«Бір сөз мың сөзді оятады» деп те айтады.
Бұл күндері интернетте түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерде сөзді судай сапырып, төгіп жатқан кезде бір адамға сөз айтудың өзі қиын соға бастады. Оның себебін логика мен ақылға қонымды ойдың төрінен іздеудің жөні бар, алайда талап пен талғам өзгерсе де, тек құлқын өзгере қоймайтын («Бір ғасырда үш ұрпақ ауысса да, құлқын өзгермейді» деген ұғым әлі сақталып келеді) жағдайда сөзге тоқтау емес, тым болмаса бір уақ тыңдауға зар болатын құбылыс төбе көрсете бастады.
Интернет пе, адам ба – бір-бірін «жаулап» алған жағдай мәселесін қоя тұралық.
Сіз мына жайтты мойындап, келісесіз бе?
Той-томалаққа барғанда сөз тыңдайсыз ба? Әй, қайдам. Салтанатты сарайға жиналған бес жүздей әртүрлі жастағы адамдар алдына құрметпен шақырылған бастығыңды да, әкім-қараларды да, біреуге жаздырып алған қағазын оқып жүретін ана бір «ру басын» да тыңдар құлақ көрдің бе? Негізі бізді құлақпен тыңдайтын халық деп айтып, жазып жүретіндер бар. Солай-ақ болсын делік.
Ендеше, адамдар көпшілік жиналған жиын-тойдан ешбір ой тоқып қайтпаса, құрметпен шақырылған жерге не үшін барады? Сол баяғы дағды, шақырған жерден қалмау керек. Өйтпейін десе, шақырусыз қаласың әрі ұят қой дейсің. Сыйластық, әрине, жақсы. Ізгі құндылықтарымыздың мәдени сипаты мен мазмұны осы көркем дүниеден бастау алады. Жалпы, қазіргі той-томалақтар салтанатына дәл осындай құбылыстарға мойынсұнып, күпілдек, мақтаныш, астамшылық пен ысырапшылдық етек ала берсе қоғам мәдениетін дамытуда көп нәрседен ұтылатынымыз анық.
Ол қандай мәселе?
Ол адам тәрбиесіне қатысты. Жас ұрпақтың санасына сіңіп кетер жиренішті дағдыларды бойдан арам еттей сылып тастау оңай тимейді. Қазақтың ас пен тойға орынсыз шашылып жатқан қаржысын көз алдыңызға елестететін болсаңыз, сүйектен өтер сөзді кімге айтарыңызды білмейсіз.
Алысқа бармай-ақ, Тараз қаласына сонау алыс шетелден 50 мың, жоқ әлде 75 мың теңге емес, долларға кілең атақты әншілерді алақанына салып алып келіп, айды аспанға шығарып жатқан мырзалар жоқ емес. «Байдың малын байғұс қызғанадының» кері де емес бұл.
Жұртыңның пейілімен, тұрмысымен, күнделікті күйбең өмірімен қабыспайтын нәрсе екенін сездіру біздікі.
Сондай үлкен той салтанатында ақ тілектер айтылар, алайда «жаттанды тілектер» әлгі әлемдік «жұлдыздардың» даусына әбден көміліп қалған-ды.
Шектен шыққан сауықшылдық пен салтанатшылдық – шынайы мәдениет пен ұлттық пейілдің белгісі бола алмайды.
Ертеректе бір бай кісінің «Адам адал ақшасына самаурын қайнатпайды» деген сөзі есімде қалыпты.
Нарық жағдайында салықты уағында әрі адал төлеген адам ең тәртіпті әрі мәдениетті кісі деп саналады екен.
Бұл да тәрбие мен ар-ұяттың ісі. Өкінішке қарай, дәл осы бір мәселеде ойланатын тұстар бар сияқты.
* * *
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өшпес өлең жырларының бірінде «Сен де кеттің, мен де кеттім ауылдан, осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау, бауырлар» деп аса бір перзенттік сезімді биікке көтеретін шумағы бар еді ғой. Сол айтпақшы, ар-ұятымызға сын болатын жайттардан бас тартпаймыз.
Дәл бүгін қазаққа керегі – мінез-құлықтың прагматизмі. Елбасының рухани жаңғыруға байланысты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер мен мақсаттың өзегі – әркім өз өміріне қатысты іс-әрекеттері мен мінез-құлқын түзеу, жаһандық биікке шығару деп білеміз.
Қоғамтанушылар мен ғалымдар ұлттық рухты асқақтатуды адам бойындағы сезім-түйсіктер арқылы күш-қуат алатынын дәйектеген тұжырымдарын, баршаға түсінікті тілмен айтқанда «Аспанда Құдай, жерде ар-ұят бар екенін біл!» деп, адам жаратылысындағы барлық қасиетті бір арнаға тоғыстырады.
Естеріңізде шығар, осыдан көп жыл бұрындары республикалық телеарнаның бірінде «Ұят болмасын» деген бағдарлама бар болатын. Ұлағаты бар, айтары айқын, сан алуан тақырыптары өз алдына бөлек, әлгі атауының өзі әркімге-ақ терең ой салатын. Ұят болмасыншы, кімнен, неге?.. Міне, тәрбие қаруы.
Иә, ұят – ізгіліктің ұясы. Ал ізгілікке ұмтылу, жауыздықтан безіну – адам жаратылысында бар құндылық. Барлығы тәрбиеге келіп тіреледі.
Ұлы заман көшінен қалмай, саналы азаматтар және сапалы қоғам мәдениеті ілгерілетуші күш десек, бұл үшін ар-ождан түбегейлі тазару керек. Мемлекет басшысы ұдайы айтып жүргеніндей, туған Еліңнің табысты да қуатты мемлекетке айналуына мүдделі адам тәрбиесі қажет.
Халық не дейді? Еліңе адал бол дейді! Қу дүниенің құлы болма дейді.
Жалтақ, екіжүзді, күнкөрісін елдік мүддеден артық қоя білетін әлдекімдер ешқашан көпшіліктің құрметіне бөленбейді.
Біз айтып отырған нәрсені әлгіндей ұлықтар білмейді емес, білгенде қандай? Ақылды қулар. Олар қызмет бабын асыра пайдаланудың түрлі жымысқы әрекеттерін әбден меңгеріп алған. Иә, қоғамдағы жегі құрт – сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы елімізде қатаң күрес жүргізілуде. Бүкілхалықтық мәдениет пен тәрбие жұмысы, сөз жоқ, пәрменді әрі тұрақтылықтың арқасында өз нәтижесін береді. Бұл ыңғайда қоғамдық пікірдің қозғаушы күш екенін үнемі ескеру аса қажет.
Халық – бәріне де әділ сыншы. Жұрт арасында қоғамға үлгілі, адал, еңбекқор жандардың адамгершілік қасиеттерін жоғары қояды. Ал енді ашкөздік танытып, қара басын күйттеген, сөз бен нақты ісі қабыспаған шенеунік мырза, қандай деңгейде болмасын билік тізгінін ұстағандарды тез-ақ естен шығарып жібереді.
Ұлт зиялыларының қоғамға қандай қызмет еткенін қарапайым халық бағалай алады. Себебі, ел бақытына туған жандар қазақтың келешегі үшін аянған емес. Алаш жұрты үшін арпалысқан күрескерлік тарихы олардың ар-ождан тазалығын көрсетті. Білімді қазақ Міржақып Дулатов сонау ХХ ғасыр басында:
Мен білетін ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Жарты жаңқам қалғанша,
Пайдалан, қажетіңе жараса, Алаш!
– деп жырлағанындай, жанын да, ар-ұятын да ұлт намысы жолында сақтап қалуды ойлады.
Бұл Алаш ардақтыларының өмірі мен күресін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. Ұмытшақтық – ұлтқа сор.

* * *
Ел тәуелсіздігі танытқан тұлғаларды да танып, білуіміз қажет.
Ерен еңбекті бағалау мен айқындау өлшемдері ұлттық мәртебенің қай деңгейінде болса да ұқсас әрі қисынды. Дей тұрғанмен, жақында бір жиында ауданның ең тұлғалы азаматы деп қызметке келгеніне толар-толмас екі жыл болған ортаңқол, өзін танытып үлгермеген жігітті таңдауға ұсыныс жасапты. Бұған негіз болған не нәрсе десек, бастық боп жүргені екен.
Ұят па, ұят. Әй, бәрекелді дейтіндей ерекше алғырлығы, керемет іскерлігі, жұртты жұмылдырып, ұйыта алатын кәсіби білгірлігі көзге түсіп, қыры мен сырын көрсетіп жатса, оның да уақыты келеді.
Туған жерін сүйген азаматтардың елдік рухани жаңғыруға белсене атсалысуын жаны жомарт, қолы ашық дәулетті кісілердің үлесі деп қарау басымдыққа ие. Қолы ұзын, жағдайы бар дегені шығар.
Бұл ойымызға айғақ болатын мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жасыратыны жоқ, бай адамдар жаппай мешіт салып, оған ата-бабасының атын беру сәнге айналған уақыт та өтіп барады. Ат шаптырып, сан мың адам шақырып ас берумен өткен кез аз болмады. Бір кісі дүрілдеген тойдан соң «Тойыңда бәрі құшақтайды, бетіңнен сүйеді, ертеңінде оның бәрі де жоқ. Бірақ көңіл байғұс соны дәметіп тұрады екен» деген көрінеді.
Жалпы, ел ішіне азаматтық есеп берейін деп емес, қымбат автокөлік міну, міндетсінген көңіл-күймен келуді доғарып, тыйым салу керек. Елге сіңірген еңбегі айрықша адамдарды құрметтеп, сыйлау әрине, дұрыс. Осы арада абай болатын тағы бір құбылыс – ол абыройлы кісілігінен кішірейіп, дөкейлерге жағынып, иілгіш дағды, жаман әдеттің жұғысты болуы. Бұл шындап келгенде тұлғатану мәселесіне теріс көзқарас туғызады. Үлкеннің де, кішінің де жолын кеспеуіміз керек.
Халықтық асыл қасиеттер мен азаматтық әділдік қоғам дамуына әдемі үйлесім әкеледі, өнеге жолын жарқыратып көрсетуге күш береді.
Жақында Тараз қаласында «Туған жерге туыңды тік!» деген жалпы атаумен іс-шара өткізілді. Көпшілік бас қосқан қысқа жиында қала өміріне қолғабыс жасауға ниет білдіріп, спорт алаңшалары мен жаяу жүргіншілер жолын салу сияқты нысандар жұмысына қаржы бөлуге сөз байласқан алты жігіттің есімі аталды. Бәлкім, жетеу.
Аз ба, көп пе? Бәрі де өз қалтасынан қаражат бермек. Олардың арасында жеке кәсіпкер бар, өндірістік мекеме жетекшілері де бар. Бірақ, жұртқа әйгілі, бақуатты, ірі құрылыс нысандарын жүргізетін, тендерлерді ұтып алып жүрген компаниялар мен серіктестіктердің бірде-біреуі жоқ.
Неге?
Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келе жатқан «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің Тараз қаласы мен іргедегі Жамбыл ауданы тіршілігін түзеуге тигізген қолғабысын айтсақ, онымен иықтасар ешкім көрінбейді.
Неге?
«Біз неге осы тендерді ұтып алып, мемлекеттің жүздеген, миллиондаған қаржысына мектеп я аурухана салып берген кісіні ерекше мақтап, оларды түрлі марапатқа ұсынамыз? Ақша халықтікі. Жұмыс орындары ашылса, ол да мемлекет қаржысы есебінен. Қалтасынан соқыр тиын шығармаған, басы ауырып, балтыры сыздамаған адамға неге соншама құрмет көрсетеміз?» деген пікірді жиі естіп жүреміз. Бұл сұрақтың көп астары бар секілді. Байыған адам тендер арқылы байи түседі. Ал қоғам ісіне араласуға келгенде тысқары қалады ма? Олар тасада жүреді. Әлде басқалай қулық жолы бар ма?
Қулық та ақыл. Бірақ ол азғындаған ақыл. Бұл сөз қанша ығыр қылса да сан қайталанып айтыла береді. Бұған бетінен оты шығып, ұялатын жан қайда? Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ұяты бар адам – бақытты адам» деп жазғаны бар. Артын ойлап ұялмайтын жандардың қатарында күнәсі бар пенделер де жасай береді, олар үшін бәлкім ұрлықпен тапқан ақша аса пайдалы құндылықтар болуы да мүмкін. Жамандық та тозады. Қанағат болмаған жерде қасиет те тұрақ таппайды.
Ұлтқа керек ұлағатты Абайдан оқып, үйренбеген ондай адамға сірә, дауа бар ма? Солай деп қарап отырмай, адамдардың ішкі мәдениетінде мұндай жаман нәрселерге төзбестік иммунитетті күшейту бірден-бір ықпалды фактор болуы тиіс. Нағыз патриот болсаң, халқыңның кемшілігін де айта жүр.

* * *
Адамдар тым болмаса күн сайын айтылып, жазылып жатқан дүниелерден сабақ алса төңірегінде болып жатқан оқиғаларға енжар, немқұрайды қарамас еді ғой. Ұсақ-түйек әрекеттер демей, мәселен, көп қабатты үйдің тазалығына мән беріңізші…
Бір үлкен үй – бір ұжым. Ұжым – кең ұғым. Ортақ тірлікті түзеу үшін тұрғындар қажетті жұмысты тиісті органдар мен мекемелерден талап ете алу керек. Сонда ғана екі жақты түсіністік мәдени биікке көтеріледі. Үмітпен оянатын таңдар мейлінше оң тірлікпен өз мәніне ие болады.
Қоғамдық ар-ождан тазалығы мен тарихи-ұлттық құндылықтарды асқақтату, ата-баба мұраларын сақтау және оны насихаттау тәрбиенің түпқазығы. Бәрі де адамның асыл қасиеттерін ардақтаудан басталады. Ақша – идеал емес, ақша – абырой емес. Дәл осы философиялық-әлеуметтік түсіністікпен адамдарды, әсіресе, жастарды тәрбиелей аламыз ба? Әрине, ұлы тәрбие адамды сақтауға негізделген.
Өзін-өзі тану арқылы адамдар шынайы өмір мәнін жан-жақты түсінеді. Мәселен, парасат-пайым арқылы біз ең таңдаулы тұлғалы адамдарды байлығына, тамыр-таныстық жолдастығына қарап емес, адал еңбек пен мәдениетті, білімді, асқақ азаматтық жолына қарап бағалауды терең ұғып, сөздің қадір-қасиетін түсірмей-ақ, айтылған тілектердің құнын кетірмей, жақсы өмірдің игіліктерімен тыныстайтын боламыз.
«Кімнің кім екенін білгің келсе, қолына билік бер!» деген даналық сөз бар. Жалпы кімнің кім екенін билік бермей-ақ та білуге болады. Кез келген адам – пенде. Солай болғанның өзінде қоғамға пайдаң тисін, өз пайдаң соның ішінде.

* * *
Қазақ елінің жарқын дамуына жол сілтеген Рухани жаңғыру бағдарламасы саналы азаматтарға зор күш-қуат беріп, жаңа заман көшінен қалмай, алға ірі мақсаттармен ұмтылуға үндейді. Ең бастысы – салт-дәстүрдің озығын алып, жаман әдеттер мен дағдыдан арылып, өркениетті өмір сүрудің мағыналы-ізгілікті сипатын аша түседі.
Қай істе болмасын, ар-ұятты сақтап, ұлттық рух пен намысты биікке көтеріп, нұрлы Күнге ұмтылған Бәйтеректей жайқалған ел болайық. Ал бұл жасампаздық тер төккен еңбекпен, мәдени өремен, терең біліммен және халықтық ауызбірлікпен келеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support