- Advertisement -

Келешекте үш мың тонна ет өндірмек

126

- Advertisement -

SAM_1662 SAM_1670 IMG_8241Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы еліміздің ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, нарықта өтімтал, жоғары сұранысқа ие тауарлар өндіру міндетін қойып келеді. Бұл бағытта еліміз, оның ішінде облысымызда ауыз толтырып айтарлықтай игілікті шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Меркі ауданында үш мың басқа дейін мүйізді ірі қара мал бордақылау алаңдарын құрған фермерлер де бар. Солардың бірі әрі бірегейі – «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанында құрылған «Олжа» шаруа қожалығы. Қожалық ет комбинатын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. Бүгінде үш мың бас мүйізді ірі қара семіртіліп жатқан бордақылау алаңынан комбинатқа ай сайын салмағы 250-280 килограмға жеткен жүздеген өгізшелер жөнелтілуде. «Меркі ет комбинаты» сондай-ақ облыс аумағы және көршілес аймақтардан ұсақ және мүйізді ірі қара малын қабылдап, оларды стандартқа сай сойып, еттің бір бөлігін экспортқа, қалғанын арнайы рефрижератормен Алматыға жөнелтуде. Биыл кәсіпорын 180 тонна қой етін Иран және Бахрейнге жіберген.

«Меркі ет комбинаты» ЖШС-ның бай әрі тағылымды тарихы бар. Өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында іске қосылған кәсіпорын 90-жылдардың ортасындағы экономикалық қиындықтарға байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Ол кезде облыс және ауданда бұдан да зор кәсіпорындардың ғимараттары мен құрал-жабдықтары талан-таражға түсіп, іргетасына дейін қалмаған еді. Комбинаттың сол кездегі директоры, марқұм, ел қамын ойлаған, көреген азамат Елубай Егембердиев нысанды сақтауға қойды. Осындағы бірде-бір ғимарат пен жабдықтардың қолды болып, бүлінуіне жол бермеді. Кейін оның ісін ұлы Берік Егембердиев жалғастырды. Берік ет комбинатын уақыт талабына сай қайта жаңғырту үшін 150 миллион теңге жеке қаржысын салды. Заманауи үлгідегі жабдықтар Ираннан жеткізілді. Оларды ирандық мамандар орнатып, жергілікті азаматтарға жабдықтармен жұмыс істеуді үйретті.
Қазір комбинаттың бір мезгілде 1,5 мың бас ұсақ және 150-ге дейін мүйізді ірі қара мал соя алатын әлеуеті бар. Осында сойылған етті сақтайтын әрі -50 градусқа дейін тоңазытатын, сыйымдылығы 360 тонна мұздатқыштар бар. Кәсіпорын «Халал» және басқа да бірнеше сертификаттарға ие. Комбинатта және шаруа қожалығында 80 адам жұмыс істейді. Оларға айлық жалақылары тұрақты беріледі. Серіктестік өзін қажетті техникамен толық қамтамасыз еткен. Етті жеткізіп беретін 5 тонналық рефрижераторы, бұған қоса 7 доңғалақты трактор, 4 «КамАЗ» жүк көлігі және 2 астық жинайтын комбайны бар. Мұның өзі оларға жұмыстарды уақтылы еңсеруге және өндірістік шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік беруде. Берік Елубайұлы өнім таситын тағы екі 10 тонналық рефрижератор сатып алуға тапсырыс бергенін айтады. Комбинат Иран мемлекетіне 4 мың тонна ет өткеруге ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойған. Кәсіпорын басшысы Б. Егембердиев бұл міндетті таяудағы жылдарда абыроймен орындайтынына сенімді.

Ауыл тұрғындары өсірген малын делдалдарға өткергеннен гөрі, ет комбинатына өткізген анағұрлым тиімді екеніне айқын көз жеткізіп келеді. Осында жеткізілген ұсақ және мүйізді ірі қара малы таразыға тартылғаннан кейін иелері ақшаларын қолма-қол санап алады. Соның нәтижесінде кейінгі кезде осында көршілес облыстардан да мал жеткізілуде. Берік Елубайұлы қолда бар мүмкіндіктерді толық іске қосып, келешекте жылына 3 мың тонна ет өндіруді көздеп отыр. Оның дені экспортқа шығарылатын болады. «Олжа» шаруа қожалығының 1043 гектар тәлімі жері бар. Оның деніне көп жылдық шөп, қалғанына табиғи шөп орналасқан. Мұның өзі оларды қажетті сабақты мал азығымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Берік әлі де мал азығын дайындайтын алқап пен жайылымдық көлемін ұлғайта түсуді қалайды. Бұл бағытта атқарушы органдармен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Егер бұл мәселе шешілсе, мыңдаған ұсақ мал өсірмек.

Берік Егембердиевтің үздіксіз ізденістері мен тынымсыз еңбегі нәтижесіз емес. Жұмыс дұрыс жолға қойылып, өнім өткеруден елеулі табыс түсуде. Біраз жыл бұрын мүйізді ірі қара етін өндіргені үшін мемлекеттен қомақты субсидия алған. Мұның өзі қолға алған ісін ілгерілетуге үлкен демеу болған. Берік осы мақсатқа жұмсалған қаржының алдағы 4-5 жылда толық өтелетініне сенімі зор. Соңғы жылдары облыста осы салада жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «Меркі ет комбинаты» ЖШС-на таяуда облыс орталығында өткізілген Ауыл шаруашылығы күні мерекесінде «Нива» жеңіл автокөлігі сыйлыққа берілді.

Меркі ауданы.

Ақылжан МАМЫТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support