- Advertisement -

ҮШІНШІ МОДЕЛЬ – ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

126

- Advertisement -

Бақытжан Қалымбетов,
аудан әкімінің орынбасары.

 Белгілі саясаткер Уинстон Черчиль айтқандай, кез келген тоқырау – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бүгінгі қоғамда болып жатқан өзгерістерді дамудың тың серпілістері деуге болады. Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, дүниежүзінде Төртінші өнеркәсіптік революция басталуы – соның дәлелі.

Тұрмыстың барлық тетігін автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллектің дамуы біздің алдымызға жаңа міндеттер қоюда. Мемлекет басшысының экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келетінін ескертуі де сондықтан. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда: «Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет», – деп атап көрсетуінің мәні де осында.
Жаңа технологияның тілін меңгеріп, жаңа мамандықтарды игеруге қай кезде де қоғамның қозғаушы күші саналған жастардың мүмкіндігі мол. Өйткені Үкімет тарапынан бұған қолайлы жағдай жасалуда. Тегін кәсіптік-техникалық білім аламын, спортпен шұғылданып, бизнеспен айналысамын десе де еш кедергі жоқ.
Мемлекет басшысының әр Жолдауы бізді дамудың даңғыл жолына жетелейді. Жұрттың ел игілігі үшін қолға алынған игі бастамаларды жүзеге асыруға құлшынысы жоғары болатыны да сондықтан. Биыл да солай, көпшілік Үшінші жаңғыру кезеңінде белгіленген міндеттерді атқаруға кірісіп кетті.
Елбасы айтқандай, атқаратын ісінен бұрын сананы жаңғыртуға ұмтылған қазақстандықтар рухани жаңғыруымызға негіз болатын бағдарламаларды жүзеге асыруда. Әрине, жаңғырудың Үшінші моделінде айқындалған бағыттар да ұмыт қалған жоқ. Соның бірі – аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндеті. Президент Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екенін айта келе, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшуді, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасауды, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құруды, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендетуді, жерді пайдалану тиімділігін арттыруды тапсырды.
Біз Елбасы Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыруды жеке меншіктегі ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру жұмыстарын жандандырудан бастадық. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар арқылы қарастырылған жеңілдіктерге кедергісіз қол жеткізген шаруалар да бірігудің тиімді екенін түсінді. Алайда, кез келген бастаманың бірден жүзеге аспайтыны түсінікті. Ұсақ шаруа қожалықтардан біріккен кооперативтерге Үкіметтен берілетін жеңілдіктер уақтылы берілсе, онда келешекте 600-ден аса ұсақ шаруа қожалығы бар ауданда құрылатын кооперативтер саны да көбейетіні анық.
Елбасының алға қойған міндеттері мінсіз қызметті талап етеді. Сондықтан бұл міндеттерді жоғары деңгейде орындау үшін, Жолдауда айтылғандай, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында ілкімді істер атқаруымыз қажет.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support