- Advertisement -

«Көкжалдар»

338

- Advertisement -

Еркін Рақышевтің кезекті картинасын
тараздықтар қызыға тамашалады

1507519275_article_b_1500_Аңыз-әпсаналарға сенетін болсақ, түркі тектес халықтар түп-тамырын көк бөріден тарқатады. Тіпті, тарихта адам баласын арланның құртқасы емізіп тұрған картиналар да кездеседі. Өзін көкжалдардың сарқытымыз деп есептеген сақтар жаугершілік кезеңде найзасының басына көкбөрі белгісін қойып, атайлоп жауға шапқан деседі. «Көкбөрі – менің ұраным» деп жырлаған қазақ арасында қасқырдың тектілігі, қасиеті туралы көптеген әсерлі әңгімелер бар. Ғалымдар мен тарихшылардың айтуынша, қазақтың ұлттық коды көкбөріден бастау алады.
Жуырда ғана жарыққа шыққан режиссер Еркін Рақышевтің кезекті картинасы – «Көкжалдар» фильмі осы тұрғыдағы аңыздар бойынша суреттелген десек, қателеспейміз. Тараз қалалық Мәдениет үйінде көрсетілімі өткен фильмнен көрермен тамаша әсер алды. Туынды көкжалдың иесі мен киесі бар екенін ұмытқан бір аңшының құртқасымен бірге алаңсыз жүрген арланды атып алуынан басталады. Тірі қалған көкшұлан ұли-ұли адамзаттың баласына қарғыс айтып, кек алуға бекінеді. Көп ұзамай-ақ аңшының үйінде дүниеге келген ат ұстар ұл баланы оққа ұшқан көкжалдың ұрғашысы аңдып жүріп, алып қашады. Десе де, түз тағысы сәбиді өлтіруге аяп, бөлтіріктерімен бірге бауырына басады. Үш айлық бала көкшұланды еміп, бөлтіріктерімен бірге тағы боп өседі.
Циркте қолбала болып көрмеген көкжалдардан актер шығаруға ұмтылған режиссердің еңбегіне жұртшылық риза болысты. Кинодағы «қасқырлар» сөзсіз жақсы ойнап, соңына дейін өз міндеттерін ойдағыдай алып шықты. Үш жасында көкжалдың бауырына түскен нәресте Мұратжан шуылдаған бөлтіріктерімен бірге құртқаны таласа еміп жатқаны да тамаша сюжет екенін сөзсіз мойындау керек. Картинада ОҚО Түлкібас ауданының, «Ақсу Жабағылы» қорығының көркем табиғаты әдемі көрініс тапқан. Көпшілік көрермен Түлкібастан шыққан Мауглиді ойнаған спортшы Жандос Исаевтың актерлік талантына жақсы бағасын берді. Кинода ол бірде қасқыр болып ұлыса, енді бірде адам болып қасірет шеккені өз үйлесімін тауып отырады. Туған баласынан тірідей айырылған ананың зары, әкенің өкініші де туындының өзегіне айналған. Сезімтал ана жүрегі теледидар арқылы көрсетілген жаңалықтан перзентін танып, көкжал болып кеткен ұлын қолға түсірмек болған ғалымдар мен аңшылардан құралған жасақтан құтқарып қалуға тырысады және ол режиссер шешімімен картинаның шарықтау шегіне ұласады. Картина сәтті шыққан десек те, тұтастай фильмнің бір қайнауы ішінде секілді көрінді. Бастан-аяқ Мауглиді қуалаумен өткізген туынды желісі біз күткендей шым-шытырыққа толы болмағаны «әттең-ай» дегізді. Әйтсе де көпшілік көңілінен шыққан дүние қасқырдың тектілігін алдыға тарта отырып, ұлтымыздың бойында жоғалып бара жатқан асыл қасиеттер мен адами құндылықтарды ұрпақтың санасына сіңіріп, намысын оятып, рухын көтеру секілді өзінің негізгі мақсаттарын айшықтай білді.
Көркем фильмнің идеялық авторы Амалбек Тшанов, режиссер Еркін Рақышевпен бірге Рамазан Құрманбаев сценариін жазып шығыпты. Көрсетілімнен соң сахнаға көтерілген кардиолог-ғалым, профессор, академик Сейітхан Жошыбаев көрермен ретінде өз ойын ортаға салып, әсерімен бөліссе, режиссер Еркін Рақышев, Рамазан Құрманбаев киноның түсірілімі туралы мәліметтерге тоқталды.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support