- Advertisement -

Сіз, бала тәрбиесіне көңіл бөлесіз бе?

278

- Advertisement -

IMG_1835 IMG_1837 IMG_1858 IMG_1867Әр адам қоғам алдында жауапты. Ал, жауапкершіліктің үлкені – бала тәрбиесі. Себебі, жас ұрпақтың келешегі оған берілген тәрбиеге қарай қалыптасады. Сондықтан ол бейжай қарайтын мәселе емес. Ата-ана әрқашан ұл-қызына қандай тәрбие беріп жүргенін, өз перзентіне қаншалықты көңіл бөлетінін ой елегінен өткізіп, саралап отыруы тиіс. Рас, әке-шеше материалдық құндылықтарды қамтамасыз ету үшін жұмысбастылыққа салынуы мүмкін. Бірақ, бұл себептер перзент алдындағы негізгі міндеттерден құтқара алмайды. Көпшілікке осыны жеткізіп, ой тастау үшін облыстық білім басқармасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани жаңғыру – отбасынан басталады!» тақырыбымен ата-аналар форумын өткізді.  
Шараға облыстық білім басқармасының өкілдері,Тараз қалалық және аудандық білім бөлімдерінің мамандары мен әр аумақтан келген ата-аналар комитетінің мүшелері, журналистер қатысты. Басқарма басшысы Рахия Тұрмаханбетова форумның мәнін ашып түсіндіріп, көпшілікті ашық әңгіме, еркін ой бөлісуге шақырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы ой қозғады. Мектепте, жоғары оқу орындарында оқып жүрген кейбір жастардың өздеріне артылған сенім мен үмітті сезінбейтінін тілге тиек етіп, осыны ата-ана ескертіп отыруы керек екенін баса айтты. «Жалпы, оқушының мұғалімді құрметтеуі де әке-шешенің берген тәрбиесіне байланысты» дей келе, облыста ата-аналар комитетінің байқауларын өткізу жөнінде ұсыныс айтты.
Баяндамашылардың арасынан Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, ғалым Сейсекүл Исматованың пікірін көпшілік сілтідей ұйып тыңдады. Ол үйдегі ата-ананың бала тәрбиесінде бірауызды болуы қажеттігіне, баланың теріс қылығын әкесі ескертіп жатқанда шешесі сөзін сөйлеуге болмайтынына тоқтала келіп, ұрпақ тәрбиесінде ұстаздардың қолданатын әдебиеті, әдістемесі, білім-парасат деңгейі ерекше болуы қажеттігін алға тартты.
Ұзақ жыл партия-кеңес ұйымдарында атқарған қызметі мен еңбегіне қарай өңіріміздің үлкен-кішісіне қадірлі болған Лидия Ахметова қазір «Ел ана» қоғамдық кеңесін басқарып отыр. «Ел ана» – қыздар тәрбиесін дұрыс жолға салуға ұмтылыс жасап жүрген бірлестіктердің бірі. Жиында Лидия Ахметова қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі екенін, оларға қырық үйден тыйым бекер жасалмағанын айта келіп, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығымен бірлесіп атқарған жұмыстарын тілге тиек етті.
Форумда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсипат Салықова бала бойындағы адамгершілікті қалыптастыруда өнер туындыларының ықпалы зор екеніне тоқталса, Тараз қаласы №1 гимназиясы ата-аналар кеңесінің мүшесі Әмина Қайназарова оқушылармен жұмыс жөніндегі өткізген шаралары туралы айтып өтті. Тараз қаласындағы №16 орта мектеп директорының орынбасары Марина Букина ата-ананың балаға көңіл бөлмеуі түрлі қатерлі жағдайға апарып соқтыратынын тілге тиек етіп, бір оқушының ата-ана тәрбиесін аңсап жазған эссесін оқып берді.
Білім мекемелерінің ата-анамен тығыз байланысы дегенде, Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 гимназиясының тәжірибесі ойға оралады. Бұл мектеп отбасылармен тығыз қарым-қатынас орнықтыру үшін өзгеше әдіс ойлап тауыпты. Ата-аналар комитетінің төрағасы Жетен Медеуовтің айтуынша, осы гимназияда әр сыныптың оқушылары өзін-өзі тану сабағының тармағы ретінде Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын әр отбасы болып, талдап, саралап оқып жарысыпты. Міне, осы тәсіл оқушыларға ерекше әсер берген екен. Форумда осы мәселе қозғалып, Мейрамбек Төлепберген бұл тәсілді облыстың барлық мектептеріне үлгі ретінде тарату керек деген ұсыныс жасады.
Форум жұмысын Рахия Тұрмаханбетова қорытындылап, қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша үндеу қабылдады. Ата-аналар комитеттері арасында аудандық, облыстық байқауларды ұйымдастыру қолға алынатыны, олардың үздік тәжірибесі облысқа таратылатыны айтылды.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support