- Advertisement -

БАҒДАРЛАМАНЫҢ БАЯНДЫ БОЛУЫНА БАРША ЖҰРТ МҮДДЕЛІ

287

- Advertisement -

ҚР мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалы Тараз қалалық әкімдігінің мәжіліс залында облыстық кәсіподақ жиналысын өткізді. Жиынның күн тәртібінде бір мәселе – ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы талқыланды.
Жиынның күн тәртібі мен жұмыс регламенті бекітілген соң бірінші болып ҚР мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Оңласын Есіркепов баяндама жасады.
– Күні кеше ғана Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Осы ширек ғасырдан астам уақытта еліміз жетістік пен қуанышты да, ауыртпалықтар мен қиын жағдайларды да бастан кешірді. Жаңа ғасырда әлемдік күн тәртібіне шыққан өзекті мәселелер – халықаралық саяси ахуалдар, діни терроризм, экстремизм және басқа да оқиғалардың «қарны тоқ, көйлегі көк» алпауыт мемлекеттердің өзін айналып өтпейтіндігін, керісінше, жаңа зауалдардың нысанасы жоғарыда аталған мемлекеттер болатынына көзіміз жетіп отыр. Мұндай жағдайда тәуелсіз мемлекет үшін саяси тұрақтылық, қуатты экономикамен қоса рухани қорғаныстың, рухани иммунитеттің де қажеттілігі бірінші орынға шықты. Енді осынау өзекті мәселені түбегейлі шешудің тетігі мен жолы табылды деуге барлық негіз бар. Ол тетікті Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынып отыр. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлттық құндылық жөніндегі парасатты пікір мен нақты шешімдерді көптен бері күтіп жүрген халқымыздың басым көпшілігінің рухани оптимизмін оятқаны анық. Ұлт Көшбасшысы мақсатқа жету үшін біздің санамыздың жаңғырып отыруы тиістігін, ал мұның еліміздегі саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатындығын атап көрсетті. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – бұл, ең алдымен, діттелген межені іске асыру барысында басшылыққа алынатын, шығармашылық үдерісті кәсіби тұрғыда жүзеге асыруды және тұрақты түрде нақтылап отыруды қажет ететін бағдарламалық құжат, – деді Оңласын Қарабайұлы өз баяндамасында.
Келесі кезекте ұлттың рухани болмысын қайта қалыптастыру, прагматизм мәселелері бойынша жазушы, драматург Елен Әлімжан мазмұнды әңгіме өрбітіп, Қазақстан халқының ендігі алар бетбұрысы мен міндет-межесін кеңінен баяндап берді. Сондай-ақ, ТарМПУ «Ақпараттық имидждік орталығының» директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа тақырыпқа сай ойын ортаға салды.
Жиынның күн тәртібіндегі мәселе жан-жақты талқыланып, тиісті шешім шығарылған соң марапаттау рәсімі болды. Атап айтқанда, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Оңласын Есіркепов, оның орынбасары Клавдия Сапожникова, аталған кәсіподақ комитетінің бұрынғы төрағасы Чапай Құрамысов, салалық кәсіподақ ОК-нің бұрынғы мүшесі Күләш Назарбекова, облыстық кәсіподақ комитеті төралқасының мүшесі Гүлбаһрам Дүйсекова «Мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері халықаралық кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін және ММҚ КХФ-ның құрылғанына 25 жыл толуына орай «Мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподақтарының халық-аралық Федерациясына – 25 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталса, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы кәсіподақ комитетінің төрағасы, салалық кәсіподақ ОК-нің мүшесі Ерлан Байқұлов, Тараз қалалық әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі кәсіподақ комитетінің төрайымы, облыстық кәсіподақ комитеті төралқасының мүшесі Гүлмира Сарытай арнайы Құрмет грамоталарына ие болды.

Маржан рақай,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support