- Advertisement -

Өнер өркендеген жерде таным артады

1 575

- Advertisement -

ранен-цветы-1 фараон«Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» – деп Григорий Ревзин айтқандай, театр – шын мәнінде өмір айнасы. Ол алдымен адамның өз-өзін реттеуіне, өзін басқа бір қырынан тануға, өмірден оқшау еместігін, оның біртұтастығын түсінуге, қоғамның бір бөлшегі екенін ұғынуға мүмкіндік береді. Бұл театр өнерінің тазалығы, шынайылығы және өміршеңдігінің бірден-бір көрінісі. Бүгінде тереңге тамыр тартқан ел театрлары қатарында Жамбыл облыстық орыс драма театры да жетістіктерге жеткен, өткені өрісті өнер ордасына айналып отыр. Құрылғанына елу жыл толған театр өңіріміздің театрсүйер көрермендеріне облыстық қазақ драма театрымен қатар елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан қара шаңырақ десек қателеспейміз. Жарты ғасырлық мерейтойы қарсаңында облыстық орыс драма театрының директоры Ақылдос Тәжиевпен болған әңгімеміз осынау өнер ордасының тарихына ой жүгіртуден басталды.

– Облыстық орыс драма театры өзінің құрылғанынан бергі тарихында талай қиын сәттерді бастан кешіріп қана қоймай, асқар асулардан асып, биік белестерді де бағындырғаны белгілі. 1967 жылы 2 наурызда құрылған театрдың өнер ордасы ретінде өрлеуіне атсалысқан азаматтарды ерекше атап өткім келеді. Олар – Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының халық әртістері Е.Орел, Е.Черноушенко және П. Черемисин, Латвия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының құрметті әртісі Вахтанг Турманидзе.
Театрдың құрылу тарихында жаңа кезеңнің бастау алуы ұжымның сол кездегі жаңа директоры және бас режиссерімен жалғасты. 1992 жылы өнер ордасының басшылары театрдың кадр саясатын жетілдіру мақсатында жергілікті азаматтарды қолдап, жаңа серпін жасаған екен. Ұжымда қызмет атқарып жүрген 21 әртістің ішінде 17-сі жергілікті жерден болған. Жамбыл мәдени-тынығу училищесінің театр бөлімінде білім нәрімен сусындаған А.Назин, Н.Гааль, О.Гурская, Н.Новикова, И.Яковлева, И.Избасарова, Е.Дубовик, Е.Козаченко секілді түлектер таланттарымен талай көрермен көзайымына айналған, – деп бастады ол өз сөзін.
– Бүгінде сіз басқарып отырған театрда қанша қызметкер қызмет етеді? Репертуарда қанша спектакль бар?
– Барлығы 73 адам қызмет етеді. Репертуарымызда 45 қойылым бар. Соның ішінде кішкентай бүлдіршіндерге арналған көптеген ертегілер және өзге де жанрдағы спектакльдер баршылық.
– Өз сөзіңізде театрдың көптеген жетістіктерге жеткенін айтып өттіңіз. Солардың бір парасына тоқталыңызшы…
– Рас, театр 1970 жылдан бері түрлі халықаралық, республикалық байқау, конкурстарда биіктерден көрініп келеді. Ол сол кездегі аға буын шығармашылық ұжымның жанкешті еңбегі десек, қателеспейміз. Ал бертіндегі жетістіктерге келетін болсақ, ол театрдың дамуын, өсіп, өркендеуін білдіреді. Атап айтар болсақ, 2013 жылы облыстық орыс драма театры Керчь (Украина) қаласында өткен халықаралық театрландырылған «Боспорские агоны» (украин тілінде осылай жазылады) фестивалінде «Антика тақырыбындағы ең үздік сахна» номинациясы бойынша Жанна Ануйяның «Антигона» трагедиясымен лауреат атанды. Сондай-ақ, осы жылы Бішкек қаласында өткен Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына арналған Халықаралық «Бішкек Арт-Ордо» фестивалінде шетелден келген білікті театр ұжымдарымен қатарласа өнер көрсетіп, алдыңғы қатардан көрінді. Биылғы жылы ХVІ Халықаралық «Славия – 2017» фестивалінде театр ұжымы бақ сынап, үлкен жетістікпен оралғанын ерекше айтқым келеді. Бұл байқаудың шартына сай, алдын ала әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушы театр ұжымдарының әртістері, режиссерлері іріктеліп, өздерінің шеберлік дәрежесін көрсету үшін Сербия елінің астанасы Бельгард қаласына шақыртылады. Байқаудың басқа фестивальдерге қарағанда өзгешілігі әртістің біліктілік шеберлігі мен режиссерлердің жұмыс деңгейіне қарай жүлдегер анықталып, жүзден жүйрік шыққан театр ұжымы бас жүлдемен марапатталады. Биылғы жылы байқауға сегіз мемлекеттің таңдаулы ұжымдары түрлі жанрдағы қойылымдармен қатысты. Облыстық орыс драма театрының ұжымы қоюшы – режиссер Қуандық Қасымовтың Эдвард Радзинскийдің туындысы желісі бойынша сахналанған «Нерон и я» атты қойылымын ұсынған болатын. Аталған спектакль әділ қазылар алқасының көңілінен шығып, жеңіс тұғырынан көрінді.
– Шығармашылық ұжым болған соң гастрольдерге жиі шығып, өзге театрлармен тәжірибе алмасу – шабыттандыратыны белгілі. Осы жайлы айта кетсеңіз?..
– Әрине, театр ұжымы Қазақстан қалаларына және ТМД елдеріне гастрольдік іссапармен жиі шығады демесем де, әредік өзге өңірлерде өнер көрсететін дәстүр бар. Мәселен, соңғы бес-алты жылда театр еліміздің түгелдей облыстарында болып, өнер көрсетіп қайтты. Сондай-ақ, Қырғыз Республикасында, Өзбекстан, Ресей, Сербия елдерінде өткен фестивальдер мен байқауларда бақ сынап, тәжірибе алмасты. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылып, жалғасын табатын болады.
– Сіздер қай драматургтердің қойылымдарын қойып жүрсіздер?
– Соңғы жылдар аралығында қазақ драматургтерімен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеміз. Соның ішінде сахналанып, көрермен көзайымына айналған қойылымдар бар. Олардың барлығы орыс тілінде сахналанғанымен қазақи мінезді сақтап, қазақтың болмысын көрсете алған өнер туындылары десем, артық айтқандық емес. Мысалы, Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын», С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер», Е.Әлімжанның «Әр қазаққа бір қатын», «Тақ», Ә. Әмзеевтің «Жауынгердің анасы» секілді түрлі жанрдағы шығармалар көрермендеріміздің көңілінен шығуда. Соңғы жеті жыл аралығында театрдың техникалық базасында және шеберханасында көптеген нәтижелі өзгерістер болды. Режиссерлер мен әртістер труппасының тізімі жаңартылды. Ұжым қызметкерлеріне күш түскен сайын олар жігерлілік танытып, көрермендердің көңілін табуға атсалысып, театр өнерін дамытуға үлес қосу жолында тынбай еңбек етуде.
– Сөз соңында айтарыңыз бар ма?
– Жарты ғасыр өткені бар өнер ордасының алар асуы алда деп ойлаймын. Өйткені, мұндағы шығармашылық топтың жігерлілігі, табандылығы мені сүйсінтеді. Талантты әртістер туралы әңгіме өз алдына. Қысқаша айтқанда, мұнда көрерменге жақсы дүние ұсынуға барлық нәрсе жеткілікті. Облыстық қазақ драма театрымен бір залды, жаңа құрылғылармен жабдықталған сахнаны бөлісіп келеміз.
Бүгінде көпшілік театр қойылымдары мен концерттерге, мерекелік шаралар өтетін орындарға сол саланың адамдары, болмаса соған бейім, қызығатын, ұнататындар ғана барады деп ойлайды. Шындығында театрға мемлекеттік қызметтегі адамдардан бастап, базардағы сатушы, саудагерлер, одан да басқа қызметтегі адамдар жиі келіп тұрады. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Шекспир: «Бүкіл әлем – театр, біз оның актерлеріміз» деп жаһанға жар салғандай, театр – өнерді сүйетіндерге ғана емес, жарық дүниені, өмірді сүйетіндер үшін арналған қасиетті орын. Қысқасы, өнер өркендеген жерде таным артады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support