- Advertisement -

Елін көтерген ер

192

- Advertisement -

Байгелди-ата+++ 81d6f57e-2af2-4dad-a4f3-77213bee0792
Байгелді ата-анасынан бірдей айырылғанда небәрі 11 жаста екен. Соңынан ерген жалғыз інісі Бигелді 9 жаста. Ағайын бар, әкелерінің көзін көрген ел-жұрт бар, қос жеткіншек жетімдіктің тауқыметін онша тарта қоймады. Оның үстіне екеуі де енді ес біліп, оң-солын тани бастағанда әке-шешеден бірдей айырылғаннан соң ба, тағдырдың тауқыметіне мойымай, кездескен қиындықтарға қарсы тұра білді.
Байгелді 20 жасқа жеткенде қазан төңкерісі бұрқ еткен. Содан көп ұзамай жерді игеретін бірлестіктер құрыла бастайды. Арық қазу, суару сынды жұмыстардың бел ортасында жүрген жігіт су техниктік қызметке жоғарылайды. Одан кейін жер-жерде колхоздар ұйымдастырыла бастайды да, жігерлі жас сондай құрылымдардың бірі – Аса өзенінің бойынан құрылған «Кеңес төбе» колхозының төрағасы болып сайланады. Ауылдастарын еңбекке жұмылдыра жүріп, ауызекі тілде «Қарабура» аталып кеткен өзен иінінен қамыс, тас, батпақ үйіп, арқан тартып, үлкен дамбы жасайды. Оның іргесінен су бұрынғы ағысымен ағып, Билікөлге, одан әрі Ақкөлге құйып жататын. Кейіннен бұл жерді ел «Бөгет көл» атап кетеді. Оның балығы ырғын болған деседі. Қазіргі Тараз қаласынан орыстар барып балық аулап, қаптап алып кетеді екен. Жергілікті тұрғындар да ау құрып, қармақ салып, балық аулайтын. Сол аумақтағы ел «Бөгет көлден» су алып, ақ егіс егуді қолға алады. Ол кезде заң қатал, бір масақ бидай үшін 10 жылға дейін сотталып, «итжеккенге» айдалып кету деген түк емес. Осыны ескерген колхоз бастығы жұртты қосымша тары егуге жұмылдырып, өнімін барлық үйге бірдей етіп, бөліп беріп отырған. Жас балалар егінді торғайдан, басқа да құстардан қорғап аңызда жүретін. Үлкендер болса бидайды қол орақпен орып, баулап, тас бастырып, қырманға салады.
Сол ауылда колхоз бастығымен майдан даласынан бірге ере келген Алдаш деген кісі болды. Ауылдың қызына үйленіп, тұрақтап қалыпты. Егіс науқанына қажетті кетпен, күрек, арбаның доңғалағы, соқа, басқа да құрал-сайманның бәрі сол кісінің қолынан өтетін.
– Колхоз бастығының баласы болсам да, бұғанасы қатпаған ауылдың жасөспірім балаларымен бірге күнұзақ аңызда жүріп, жұмыс істедік. Қанар-қанар тарыны бір үйге жинаймыз. Ол үйге әйелдер келіп, тары түйетін. Соғыстың кезі, ер-азаматтың дені майданда. Ауылдағы бар бейнетті қариялар мен біз сияқты бұғанасы қатпаған балалар көрді. Біздің ауылда мал көп болды. Шағын ауылдың бір өзінен екі қора мал шығатын. Ол кезде малға санақ жүргізілмейтін. Мал санағы Хрущевтің кезінде басталды ғой. Сол жылдардағы елдің бірлігі мен ынтымағы қандай еді! Үйіне келген кісіге қымызын, айранын, майсөгін беріп, тұрмысы оңды отбасылары алдына сары майын қоятын. Жоқ деген үйден құдайы қонақ тары көже ішіп кететін. Осындай берекелі тірліктің, ынтымақты ортаның ұйтқысы болып, әкем жарықтық жүретін. «Өзін-өзі басқару» деген сол кезде болған. Менің әкеммен бірге колхоз бойынша барлығы жеті кісі Социалистік Еңбек Ері атанды. Сол тұста шіркін, «Алтын жұлдыздың» бірін жылдың төрт мезгілінде қайнап жататын шаруашылық жұмысына қажетті құрал-жабдықты қолымен жасайтын Алдаш жездеме бергенде ғой деп бала қиялыммен көп ойлаушы едім. Колхоз 200 бие сауып, қымызын аудан орталығындағы асханаға өткізеді. Ол үшін колхоз бір тиын да алмайтын. Ал қоғамдық тамақтандыру орны оны сата ма, жоқ, елге тегін бере ме онда шаруасы болмайтын. Колхоздың мініс аттары соғысқа жөнелтіліп жатты, – деп еске алады соғыс жылдарындағы ауыл тіршілігі туралы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, колхоз бастығының баласы Өмірбек Байгелді.
Бірде Әліби Жангелдиннің Жамбыл өңірінің бір қазақы қаймағы бұзылмаған ауылына келіп, бір аптадай демалғысы келеді. Аты аңызға айналған революционерді қайда түсірсек деп облыс басшылығы ала шапқын дейді. Содан ары ойлап, бері ойлап, Аса өзенінің сағасындағы Байгелді Кейкиев басқаратын «Кеңес төбе» колхозы дұрыс деген шешімге келіпті. Өзеннің көкорай шалғын жағасына ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, жирен мұртты, орташа денелі революционер баласы Мейірханмен бірге бір апта аң аулап, балық ұстап рахаттана демалған екен. Қайтарында бірлігі бекем, еңбекқор елмен, ауылды айранша ұйытып отырған колхоз бастығымен қимай қоштасыпты.
Колхоз бастығы жекешедегі бар малын, дүниесін сатып, соғыс қорына 100 мың рубль аударады. Содан күндердің күнінде әлгі қаржыға ұшақ па, әлде танкі ма жасап, оны жауынгерлердің қолына өзі тапсыру үшін соғыс жүріп жатқан батысқа аттанады. Ел іші болған соң, неше түрлі әңгіме өре жүретіні белгілі. Сол тұста «Байгелдіні соғысқа алдап алып кетіпті» деген сөз желдей еседі. Арада қанша күн өткені бүгінде кімнің есінде болсын, бір күні өз қаржысына жасалған әскери техниканы діттеген жеріне тапсырып, ойлағаны орындалған колхоз бастығы басында шляпа, аман-есен келіп тұр дейді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында «Кеңес төбе» колхозында 1100 жылқы, 960 сиыр және 200 бас түйе болыпты. Бұл деген сол кезде республика бойынша ең жоғары көрсеткіш екен. 100 биеден 100 құлын алып, колхоздың жылқышылары рекордтық көрсеткішке жеткен. Шаруашылықтың 24 мың уақ малы жаз айларында 40 мыңға дейін көбейетін. 100 қойдан 120-дан қозы алу да соғыс жылдарында аса үлкен жетістік. Колхоз шопандары ол межені де бағындырған. Егінді де мол салған. Колхоз бастығы елмен бірге кетпен шауып, мал суаратын. Ешкімге дауыс көтермейтін. Содан да болар колхозшылар оны ерекше сыйлап, құрметтепті. Ел-жұрт болып, жиылып үй салу, басқа да құрылыс нысандарын тұрғызу сол жылдары өріс алған. Ауылдан асарлатып мектеп, клуб салыпты. Осындай ауыл үшін ортақ, қара жұмыстың басында да колхоз бастығының өзі жүретін.
Бір күні шаруашылықтың тіршілігімен, ауылдықтардың ахуалымен танысуға жоғарыдан жеңіл автокөлік мінген өкіл келеді. Екі үйдің бірі соғыс салған зобалаңда арыстай азаматынан айырылса да қайғыдан қан жұтпаған, адал еңбекті нәсіп еткен, ынтымақ пен бірлікті ту етіп ұстаған рухы мықты колхозшыларды көреді, шаруасы шалқыған шаруашылықтың табысына таңдай қағады. Ол заманда қазіргідей ағыл-тегіл газет-журнал да, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары жоқ. Әлгі жоғарыдан келген өкілден кейін шағын ауылға Алматыдан, облыс орталығынан жазушылар, журналистер және тарихшылар бірінен соң, бірі келе бастайды. «Кеңес төбе» колхозының даңқы облыстан асып, республикаға тарай бастайды.
Бұл кезде кеңес әскерлері жауды ұясында талқандауға жақын қалған. Колхоз бастығына Жоғары Бас Қолбасшы Сталиннен Алғыс хат келеді. Онда «Сіздің еңбегіңіз бен ерлігіңізді ел ұмытпайды» делінген. Ақ параққа көк сиямен Бас Қолбасшының өз қолымен жазылған сол тарихи жәдігерді әлде біреулер алып кетіпті. КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінен, республика басшылығынан келген грамота, мақтау қағаздары, басқа да марапаттар тіпті көп . Оның кейбірі сақталған, кейбірі жоқ.
Бүкіл кеңес халқы болып күткен Жеңіс күні жеткенде Аса өзенінің жағасындағы шағын ауыл да шат-шадыман күйге бөленеді. Жеңіспен жігерленген колхозшылар еңбектің тайқазанын одан сайын қайната түседі. Осы мақаланы дайындау кезінде облыстық «Сталиндік жол» (Ақ жол) газетінің 1946 жылғы 6 шілде күнгі санында жарияланған «Колхозда егін орағы» деген шағын хабарға көзім түсті. Онда Талас және Меркі ауданындағы бірқатар шаруашылықтардағы егін орағы туралы хабар жарияланыпты. Сол шағын дүниеде «Кеңес төбе» колхозында (председателі Кейкиев жолдас) 3 лобогрейка, 35 қол орақшы егін орады. Бұлардың барлығы да күндік нормаларын артығымен орындауда. Колхоз мемлекетке 95 центнер астық өткізді» делінген. Сол жылдардағы сарғайған газет-журнал беттерін парақтаған сайын соғыс жылдарының өзінде одан кейінгі кезде де даңқы алысқа кеткен колхоз жайлы, шарушылықты жемісті басқарған басшысы туралы жазылған дүниелерді кездестіресің.
1947 жылы ауылда үй тігіліп, ат шаптырып үлкен бір жиын өтеді. Ол аста-төк үлкен іс-шара колхоз төрағасы Байгелді Кейкиев бастаған жеті бірдей кеңестөбелік озаттардың Социалистік Еңбек Ері атағын алуына арналады. Сонда шағын ауыл Алтын жұлдыздан нұрға бөленіп кеткендей болды деп отыратын көнекөз қариялар. Төрт жылға созылған соғыс жылдарындағы және отызыншы жылдардағы аласапыран кезіндегі тынымсыз еңбек пен ұйқысыз түндердің өтеуі мемлекет тарапынан осылай бағаланды. Ашаршылық жылдарының өзінде бірде-бір ауылдасын ашқұрсақ қалдырмай, ұлы жұттан алып шыққан Байгелді Кейкиевтің ерлікке пара-пар еңбегінің өзі бір алтын жұлдызға татиды.
Талас ауданындағы «Кеңес төбе» колхозының төрағасы болып, 14 жыл жемісті еңбек етті. 18 жыл Жамбыл ауданындағы «Қызыл октябрь» колхозы төрағасының орынбасары болды. 1969 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер болып еңбек демалысына шықты. Көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған Еңбек Ері 92 жыл ғұмыр кешті. Жасы ұлғайса да тектілік, кісілік қалпын жоғалтпады. Бүгінде оның 13 перзентінен немере, шөбере, шөпшек болып жалғасып, 200-дей ұрпақ тарады. Олар кең байтақ Ұлы Дала Елінің әр қиырында түрлі салада еңбек етіп жүр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Артында көзі ашық, көкірегі ояу саналы ұрпақтары барда батыр ата мың жасай бермек.

Жамбыл ауданы.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support