- Advertisement -

Бәрі де болашақ қамы үшін

97

- Advertisement -

Мәрия Ниязова,
Ш. Уәлиханов атындағы шағын орталықты мектептің мұғалімі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы елдің көңіліндегісін тап басып, жарқын бастамаларды жұрттың игілігі үшін жүзеге асырып жүр. Ұлы дала елінің Көшбасшысы әрқашан әлем тыныштығының сақшысы екенін әйгілеп, бейбітшілікті сақтаудағы орнықты ойларымен, парасатқа толы пайымымен халқының көкейіндегісін тап басуда.
Жоғарыда айтқандай жарқын бастамалардың бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына негіздеу болып табылады. Шынтуайтына келсек, латын графикасына көшу мәселесі бүгін қозғалып, енді ғана туындап отырған жоқ. Осынау мәселемен біз бұрыннан таныспыз. Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдарда да қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі сан мәрте ел ішінде айтылды. Оған қатысты алуан пікірлер де болды. Әркім көкейіндегісін ірікпей айтып жатты. Әйткенмен, болашақты алдын ала ойлайтын, сұңғыла ойлы саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы азаттықтың елең-алаң кезінде алдымен елінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына баса назар аударды. Бірінші кезекте халқының әл-ауқатын арттыруды мақсат етті. Расында да азаттыққа енді ғана қол жеткізген мемлекет үшін еңсе тіктеу басты мәселе болатын.
Ал, бұл күндері Аллаға шүкір, еліміздің еңсесі тік, мерейі үстем. Төрткүл әлем экономикалық тұрғыдан иммунитетін қалыптастырған Қазақстанмен тең дәрежеде санасатын жағдайға жетті. Мұның бәрі дұрыс жүргізілген ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламалардың, жүйелі жұмыс пен елеулі еңбектің жарқын жемісі. Дамудың дара жолын таңдаған азат еліміздің ендігі кезекте елдің өркендеуі жолындағы мәселелерге назар аударатын, ұрпақ болашағына алаңдайтын сәті туды. Соның бірі – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі.
Латын әліпбиінің әлемде беделі зор екені баршамызға мәлім. Бүгінде ғаламдық ақпараттың, қажеттіліктің дені латын графикасына негізделген әліпбимен байланысты екенін көз көріп жүр. Осының бәрін сана төрінен, ой зердесінен өткізген Елбасы дер кезінде маңызды мәселені қолға алып отырғаны бізді қуантады. Шындығында да азат елдің өз жолы, өз таңдауы бар. Латын графикасы еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық тұрғыдан дамуына ықпал етеді. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспеттес. Әсілінде жаңа әліпбиге көшу мәселесін бүкіл ел болып талқылауымыз Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін айғақтай түскені анық. Сіз қай елдің әліпби мәселесін тұтас жұрт болып ой сүзгісінен өткізгенін естіп едіңіз. Мұндай қадамға бару Елбасының әрдайым халқымен бірге екенін, елімен санасатындығын айқындай түссе керек.
Жалпы, латын графикасына негізделген әліпбидің бастапқы нұсқасы ғалымдардың, түрлі сала өкілдерінің тарапынан қызу талқыға түсіп, көптеген азаматтар өз ойын ашық жеткізген болатын. Соның нәтижесінде қайта қаралып, ұсынылған жаңа нұсқада бірқатар кемшіліктер жойылып, елдің талап-тілегі ескерілген тәрізді. Жаңадан ұсынылып отырған нұсқада он бір әріптің тоғызы жаңаша форматта қабылданғаны ел ішінде айтылуда. Осы игі іс жұртшылықты, бізді қатты қуантып отырғаны анық. Бүгінгі жаһандану үдерісі ағылшын тілі мен латын графикасының көкжиегін кеңейтіп, қажеттілігін бұрыннан да арттырып отыр. Мұны біз жан жүрегімізбен сезінеміз, түйсінеміз. Өйткені, бұл қадамға Елбасы ұлттың болашағын ойлағандықтан барып отырғаны мәлім.
Бүгінгі таңдағы заманауи технологиялар мен инновациялық идеялардың дені ағылшын тілді әлемнен бастау алатыны баршамыз үшін белгілі. Сол себепті де латын графикасына негізделген әліпбидің кейінгі нұсқасы елдің көңілінен шығып отыр. Ал, біз біліммен қаруланғымыз келсе, жаңашыл бастамаларға қорықпай қадам басамыз десек, ештеңеден қаймықпауымыз қажет. Бұл – біздің рухани дамуымыздың тетігі дер едім.
Мемлекеттің жаңғыруы, жаңаруы үшін латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиі ауадай қажет. Елбасы дер кезінде көтерген мәселе біздің де көкейімізде жүрген. Сол себепті біз бұл істің баянды аяқталатынына бек сенімдіміз.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support