- Advertisement -

Ұлт мәдениеті мен тәрбиесінің негізі

105

- Advertisement -

Қазіргі қоғамда ерекше талқылауға ие болып жатқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын «ұлттық код», «рухани жаңғыру» ұғымдары.
Елбасы мақаласында «рухани жаңғыру» үшін қандай міндеттер атқаруымыз керектігі талдап көрсетілген. Біз көп жыл, тіпті кейінгі бірнеше ғасыр бойы өз жолымен жүріп, өз дәстүрін жоғалтып ала жаздаған, үстем мәдениеттердің ықпалында кетіп, өзге мемлекеттің құрамында болған жұртпыз. Жалпы, рухани жаңғыру біз үшін өзіміздің озық ұлттық дәстүрлерімізге бет бұрып, төл арнамыз – қазақтың өзіндік ұлттық даму жолында түсуі деп білемін.
Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген сөз бар. Ендігі кезеңде біз ең алдымен елін, жерін, халқын шын сүйетін ұрпақ тәрбиелейміз десек, әуелі тарихи санамызды жаңғыртуымыз керек.
Қазақтың болашақ ұрпағы ең әуелі осы елдің, осы кең байтақ жердің бізге қалай мирас болып қалғанын, сол жолда қанша қан төгіліп, қанша тер сіңгенін, мұндай ұлан-ғайыр даланы біздің ата-бабаларымыз қалай сақтап қалғанын, бұл даланы бізге өсіп-өну үшін аманаттап кеткенін, осы дархан даланың әр қарыс жері үшін батырларымыздың, хандарымыз бен билеріміздің қасық қаны қалғанша қалай күрескенін білуі керек.
Ал біз өткенімізге көз жіберсек, бірнеше ғасырлық тарихымыз бар, әлемдегі ең бай тілдердің бірі саналатын көркем, ұлттық әдеби тілді қалыптастырған халықпыз. Өз әдебиетін жасаған, айтыс, күй өнері сияқты әлемде теңдесі жоқ төлтума өнері бар, ұлттық музыкасы, ою-өрнегі, нақышы бар ұлтпыз. Ұлтқа тән, рухани-материалдық байлықтың барлығын тудырған халық екеніміз рас болатын болса, біз сол байлығымыздан нәр алып, өзегімізді сақтай отырып, ұлтымыздың өзіндік дара жолын сала отырып жаңғыруымыз керек.
Рухани жаңғыру белгілі бір межемен аяқталмай, үздіксіз жүзеге асып отыруы қажет деп білемін. Себебі, қазіргі ғылым мен технология аса жылдам қарқынмен дамып бара жатқан заманда бәсекеге қабілеттілігімізді арттырып, жасампаз ұлт ретінде үнемі түлеп, рухымызды көтеріп, жаңарып, өркендеп отырмасақ болмайды. Мұндай заманда бір сәт «мүлгіп» кетсек ғарыштың жылдамдығымен дамып бара жатқан өркениет көші бізді күтіп тұрмай, тым ұзап кетері сөзсіз.
Сондықтан, рухани жаңғыру да ұлт ретінде ұйысып, дамып отыруымызбен қатар жүруі керек. Бірақ, осы рухани жаңғыруды бесжылдықтармен, онжылдықтармен өлшеу қиындау болар деп ойлаймын. Себебі, бұл рухани дүние. Ал рухани жаңғыруды адам, қоғам сезінуі тиіс. Қазақ халқының рухы биіктеп, бәсекеге қабілеттілігі артып, өнері өрлеп, ғылымы өркендеп, мәдениеті мен дәстүрі үстем болып, ұлтшыл, елшіл, отаншыл қауым қаумалаған қоғам құра алсақ, онда рухани жаңғырғанымызды еліміздің әр азаматы өзі-ақ жан-тәнімен сезінер еді.
Эльмира Жабықбаева,
№54 орта мектеп жанындағы «Алтын ұя» орталығының тәрбиешісі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support