- Advertisement -

Кәріс ұлты өкілдерінің қазақ халқына айтары – алғыс

168

- Advertisement -

Елбасының «Қазақстан тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген сөзінде үлкен мән бар. Қазақ – кез келгенге құшағы ашық, дос пейілді, қиын шақтарда өзгеге көмек қолын созатын, қиналғандарды бауырына басып, қамқорлық көрсете білетін халық. Сонау қиын-қыстау заманда көптеген ұлт өкілдері қазақ жерін паналап, өсіп-өнді. Солардың бірі – кәріс ұлты. Биыл кәрістердің Қазақстанға қоныс аударылғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы және өңірлік «КОРЕ» кәрістер қауымдастығы «Баласағұн» орталық концерт залында мерекелік шара ұйымдастырды. Алдымен тарихтан сыр шертетін 1937 жылдың қазан айында 170 мың кәрістердің Қиыр Шығысқа, Орта Азия, оның ішінде Қазақстан Республикасына көшірілгені жайлы бейнеролик көрсетілді.
Қазақ халқының кәріс ұлтына деген қамқорлығы, достық пейілі деректі фильмде жақсы көрініс тапқанын айта кетуіміз керек. Көрсетілімде кәрістердің қолдауымен Астанада ашылған «Қазақ халқына мың тағзым!» құрмет тақтасы монументі де көрсетіліп, республикалық кәрістер қауымдастығының президенті қандастарын бейнеэкран арқылы құттықтады.
Жиында «КОРЕ» облыстық кәрістер қауымдастығының президенті Лаврентий Кан тарихқа шолу жасап, айтулы датаны атап өтудің мән-маңызына тоқталды. «Бұл – өте маңызды мереке. Осыдан 80 жыл бұрын кәрістер Қазақстанға көшірілгенде қазақ халқы бауырына басып, қамқорлық көрсеткен. Қазіргі осы өңірдегі өзге ұлт өкілдері секілді біздің жергілікті ұлтпен достық пен сыйластығымыздың, ынтымақтығымыздың негізі сол кезде қаланған. Толеранттылық – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының жемісі. Жамбыл жеріндегі сан алуан ұлттың ымырашылдығын сақтап, қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа зор алғысымды білдіремін. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Сондықтан, осы елдің дамуына өз үлесімізді қоса береміз», – деді ол.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дэсик Ким қандастарын құттықтап, Оңтүстік Корея елінің президенті Мун Джэ Иннің сәлемін жеткізді.
«Астана мен Алматы қалаларында, Маңғыстау облысында көптеген кездесулер өткіздім. Енді міне, Жамбыл жеріне жолым түсті. Мені облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, ықыласпен әңгімелестік. Ол үшін облыс басшысына алғысымды айтамын. Бұл өңірдегі кәріс қандастарымыздың тұрмысы, өсіп-өркендеуі қалыпты. Мұнда ұлттар достығы бәрінен жоғары саналатынына куә болдым. Мереке құтты болсын, қазақ халқына алғыс білдіремін», – деді Дэсик Ким.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Роман Ким, облыс әкімдігінің Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Осы шарада өңірдің дамуына үлкен үлестерін қосқан ардагерлер Илья Хе, Элизавета Цой, Райса Югай облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Республикалық кәріс театрының «Жерұйық» музыкалық комедиясы көрсетілді. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support