- Advertisement -

Анаға құрмет – ең асыл қасиет

162

- Advertisement -

Адамзаттың бойындағы ең асыл қасиет – анаға деген құрметі болса керек. Ізгілік те, ізет те, мейірім де ана мен баланың арасын жалғап жатқан нәзік сезімнен бастау алатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Содан болар, халқымыз қашанда әйел затын қадірлеген, ананы ұлықтаған. Қордай ауданындағы Қасық ауылын Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан ананың есімімен атау туралы мәселе көтерілгенде жұртшылықтың осы бастаманы бірден құптағаны – соның көрінісі. Бұл ұсынысқа облыстық мәслихаттың депутаттары да бірауыздан қолдау көрсетіп, кезектен тыс өткен он алтыншы сессияда талқыға салды.
Өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылған депутаттың орнына өткізілген сайлау қорытындысы мен Қордай ауданындағы Қасық ауылын Әлжан ана ауылы деп қайта атау, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағынан айыру туралы және тағы да басқа бірқатар мәселелер қаралған облыстық мәслихаттың кезектен тыс он алтыншы сессиясына өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев қатысты. Депутат Алтай Райқұловтың төрағалығымен өткен сессияда күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбеков хабарлама жасады.
«Қазақстан Республикасының конституциялық заңының 111-бабына сәйкес, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 29 қазанда өткен №31 сайлау округі бойынша сайлау нәтижелерін анықтады. Сайлауға 13955, яғни сайлаушылардың 83 пайызы қатысты», – дей келе Махметғали Нұрғалиұлы сайлау қорытындысында жеңіске жеткен Мұратхан Шүкеевке облыстық мәслихат депутатының төсбелгісі мен куәлігін табыс етті.
Елбасының нағашылары Қордайда тұратынын білетін жолаушының Қасыққа келгенде осы бір ауылды көзбен шолып, көңілмен шарлап өтпейтіні жоқ шығар. Сол сәтте көпшілігінің ойына халықтың бағына туған ұлдың анасы Әлжанның оралатыны анық. Сессиядағы екінші мәселе – Қордай ауданындағы Қасық ауылын Әлжан ана ауылы деп қайта атау туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың хабарламасынан кейін депутаттар осы жайттарды алға тартып, көпшілікті осы бастамаға қолдау көрсетіп, жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.
Депутат Тұрсынбай Халық, Масат Берік бұл өте дұрыс бастама екенін айтып, осы істің әрі қарай жалғасын тапқанын қалайтындарын жеткізді. Өңірде аналардың жиынтық образын көрсететін ескерткіш бой көтерсе деген ұсыныс та айтылды. Ал, Мейрамбек Төлепберген: «Ауылға Әлжан ананың есімін беру бастамасы – қазақтың алтын құрсақты аналарға деген құрметі. Қасық ауылы – жол үстіндегі тарихи мекен. Ары-бері өткен жолаушының бірден назары ауады. Сол үшін Әлжан ананың есімін тақтайшаға өте қарапайым әрі мәдени өлшеммен жазуды да қазірден ойластыруымыз керек», – деп өз пікірін жеткізді.
Жиынның күн тәртібіндегі мәселенің бірі – Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағынан айыру 2013 жылдың 27 қыркүйегінде Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағын беру қағидалары туралы шешімнің атақтан айыру туралы тармақтарына сәйкес енгізілген екен. «Қағида талаптарына сәйкес Бағлан Майлыбаевқа қатысты Астана қаласындағы №2 Есіл аудандық сотының төрағасының 2017 жылдың 26 қазанындағы хатының негізінде 2015 жылы Жамбыл облысының мәслихатының шешімімен берілген Құрметті азаматы атағынан айыру мәселесі ұсынылды», – деді осыған байланысты қабылданған шешімді депутаттарды қарауына ұсынған кезектен тыс өткен сессияның төрағасы Алтай Райқұлов.
Сессияда Т. Рысқұлов ауданының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидалары бекітіліп, алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық салаларды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы құрылды. Жиында жалпы күн тәртібіне енгізілген 14 мәселе тегіс қаралып, арнайы шешімдер қабылданды.

Ардақ үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support