- Advertisement -

Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол

127

- Advertisement -

Кітапхана – үлкен тәрбие мектебі. Ал облыстағы рухани орданың бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы үшін рухани жаңғыру тұсында артылар жүк салмақты.
Бүгінгі таңда біздегі кітап қоры 239461 дана, оның ішінде мемлекеттік тілдегісі – 66032. Кітапхана қазіргі кезде 4 үлкен жоба және 3 ұзақмерзімді мақсатты кітапханалық бағдарламалар аясында жұмыс атқаруда. Бүгінде заманауи кітапхана қызметінің басым бағыттарының бірі электронды немесе цифрлық коллекциялар жасау болып отыр.Жобалық жұмыс – ол жаңашылдықтың (инновацияның) бір бөлігі. Сирек кездесетін кітаптардың электрондық коллекцияларын жинау, есепке алу, сақтау және пайдалану бойынша ғылыми кітапхананың жұмыстарын үйлестіру мақсатында кітапхана қызметіне енгізілген «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы аясында жұмыстар жалғастырылуда. «Шоқан асулары» жобасы да енгізіліп, қазіргі уақытта қордағы 40 дана басылымның барлығы цифрланды. Қостанай облысындағы Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қорынан Шоқан Уәлихановқа қатысты әдебиеттер тізімі алынды. Бүгінгі күні 25 жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісімшартқа тұрып, 49 дана шығармаларының электрондық көшірмелері кітапхананың сайтына орналастырылды.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасын қолға алдық. Біріншіден, бұл газеттің мұрағатын сақтауға, оны қорғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, цифрлы форматтағы газет сандары ел тарихын зерттеушілер үшін өте тиімді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын өңір тұрғындарына насихаттау мақсатында кітапханада ұжым жиыны, білімгерлер арасында брифинг, дөңгелек үстел мен оқырмандар конференциясы секілді түрлі іс-шаралар өтуде.
Заманауи талаптарға сәйкес қызмет көрсетуде кітапханашылардың тәжірибе алмасуы мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйытқы болуымен облыстық, қалалық, аудандық семинарлар өткізіліп тұрады. Мысалы, биыл Талас аудандық орталық кітапхана базасында «Инновациялық жобалар – кітапхана тартымдылығының жаңа пішіні» тақырыбында өткен облыстық тәжірибелік семинарда бас қостық. Семинарға қатысқан Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ғылым, менеджмент және маркетинг қызметінің жетекшісі Саулеш Назырова, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина, облыстық, қалалық, аудандық кітапханалар директорлары және өзгелер құттықтау сөздерін жолдады.
Шара барысында цифрлық ортадағы кітапхана қызметінің негізгі бағыттары, жастар арасындағы оқу мәселесі, дәстүрлер мен инновациялардың өзара байланысы, кітапхана жұмысындағы ұтқыр технологиялар және өзге де көптеген мәселелер төңірегінде баяндамалар оқылып, қызу талқыланды.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Бурабай жерінде «Рухани жаңғыру: ұлт келбеті – жалынды жастар» атты жас кітапханашылар форумы өтті. Аталмыш форумға Жамбыл өңірінен төрт кітапханашы қатысып, жүректеріне ізгілік отын жағып, өз мамандығына деген құлшынысын шыңдай түсті.

Эльмира Әбдінова,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support