- Advertisement -

Жұлдызы биік суреткер

352

- Advertisement -

233
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

Жазушының шеберлік қырлары жөнінде сөз қозғау – ауқымды мәселе. Шығармашылық процесс қаншалықты терең, жан-жақты болса, жазушының суреткерлік қырлары да соншалықты кең, әр алуан болуы мүмкін. Ол жазушының суреткерлік дүниетаным, мақсат-мұраты ерекшелігінен бастап оның орындалу, түпкі нәтижеге жету аралығына дейінгі күллі шығармашылық тарихын қамтиды.
Авторға қойылатын басты талап «әдебиетке не әкелді, қандай көркемдік әлем құрды» деген сұрақтан басталса керек. Бұл ретте жазушы Шерхан Мұртазаның қазақ әдебиетіне әкелген көркемдік әлемі өз алдына үлкен дүние. Әлдебір тақырыптың, қайсыбір жазушының тасасында қалған жоқ. Қайта өзгелерге үлгі болатындай, тыңнан жол салып, бұл тек Шерхан Мұртаза ғана қаламына тән жаңалық дейтіндей көркем дүниелер ұсынды. Мәселен, азаттық жолындағы күрескер, мемлекет қайраткері, тарихи тұлға Тұрар Рысқұлов бейнесі. Мұхтар Әуезов десе ұлы ақын Абай образы еске түсетініндей, Шерхан Мұртаза десе, қазіргі таңда алдымен арда азамат Тұрар Рысқұлов бейнесі ойға оралады. Бұл айтар ауызға жеңіл болғанмен, мұнда жазушылық қажырлы еңбек, күнді түнге ұластырған тынымсыз ізденіс, жүректің батылдығы, айта берсек суреткерлік тағдыр бар. Ал осы шығармадағы автордың жазушылық шеберлік қырлары өте күрделі әрі жан-жақты процесс. Тарихи шындықтың көркемдік шындыққа айналуы, образ жасаудың жолдары мен жазушылық қиял, дамыту мәселелері, символдың атқарар көркемдік қызметі, оқиғаның даму динамикасы мен шығарманың композициясы, диалог сипаттары, тіл көркемдігі тағы басқа жайлар болып жалғаса береді. Бұл туындыдағы үлкен ерекшелік – Кремль шындығының суреттелуі. Жазушы шығарманың бас қаһарманы Тұрардың мемлекеттік, қайраткерлік қызметін, халық тағдыры жолында еш нәрседен тайынбаған халықшылдық тұлғасын терең ашуда бұл мүмкіндікті сәтті пайдаланған. Оқырманға кеңінен танымал «Ай мен Айша» дилогиясы да – жазушы шығармашылығының үлкен табысы. Мұнда да автордың жазушылық шеберлік қырлары молынан көрініс береді. Тұтастай алғанда, автобиографиялық материалды көркемдік үлгіге көтерудегі қазақ әдебиетіндегі зор жетістігі бар шығарма деп қабылдауға болады. Бұл шығармада автобиографиялық материал қоғам, дәуір шындығымен ұласып, тұтас полотно құрған. Сондықтан бұл туынды бала Барысханның өмір жолы, тағдыр талайы ғана емес, Айша секілді қайсар да қажырлы, бір әулеттің шаңырағын жықпаған қазақ әйелінің толыққанды бейнесі болумен қатар, қазақ халқының басынан өткерген қиын-қыстау жылдарының көркем шежіресі болып шыққан.
Әлбетте, шығарманың шеберлік қырлары туралы кеңінен әңгімелеуге болады. Оның өзі үлкен зерттеуге жүк. Шағын мақалада жазушының шеберлік қырларын жан-жақты саралау мүмкін емес. Сондықтан кейбір басты көркемдік сипаттарға тоқталайын. Мәселен, шығармадағы Ай образы туралы. Ай – символдық бейне. Ол жаратылыстың көркем көрінісі болғанмен, шығарманың бас кейіпкері Барысханның басынан өткерген талай қиындықтар мен қуаныштардың куәсі. Ай – мәңгілік, бала күнгі көрген Ай да, жас ұлғайған шақта сырласқан Ай да табиғаттың құдіретті жаратылысы бола тұра, сол өзгермеген қалпы, бірде айналаны сүттей жарық нұрға бөлесе, енді бірде бұлтқа еніп қараңғы тартып жатады. Былайғы кезде де кім-кім болса да, Аймен оңаша отырып сырласа алады, Айға қарай отырып көп жайларды еске түсіреді. Жазушы, міне, жаратылыстың осы құдіретін өз шығармасында орнымен пайдаланып қана қоймай, оны көркемдік биік дәрежеге дейін көтереді.
«Түн ортасы болар, мен Айшаның айқайынан ояндым. Елегізген шынысыз шамның сәулесімен сорайып-сорайып бөтен біреулер көрінеді. Олар Мұртазаны итеріп-итеріп алдарына салып алып кетті. Айша айқайлап арттарынан шықты. Дірдек қағып мен де шықтым. Серейіп-серейіп үш-төрт адам сай жаққа қарай кетіп бара жатыр. Сайдағы көпір сықырлады. Айша сайдың қабағына дейін қалмай еріп барып еді. Мұртазаның даусын анық естідім:
– Қайт! Балалар қорқып қалады! – деді.
Түнгі аяз бұл дауысты қайталап шыққандай болды. Сықыр-сықыр дыбыс алыстап, Айшаның аяғының астындағы қар ғана қаршылдайды.
Айша есіктің алдындағы ербиіп тұрған мені көтеріп алып, бауырына қысып, аспандағы топ-толық Айға қарап:
– О, Жаратқан, басқа-басқа, мына үрпек балапандай үш нәрестенің не жазығы бар еді? – деді.
Толықсып тұрған Ай бір аунап түскендей болды. Мен лезде есейіп шыға келдім.
Енді мені қорғайтын әке жоқ екенін сұңғылалықпен сезіп қойған сияқты едім. Жаңа ғана жарқырап тұрған Ай бұлттың ішіне сүңгіп кетті де, жетімдіктің алғашқы түні жан-жақтан қаптап келе жатты».
Бұл бала Барысхан-Шерханның балалықтың алаңсыз әдемі, шуақты күндерімен қоштасуы еді. Бұл Айша ананың басына қасірет бұлтының үйірілу кезі болатын. Бұл – 37-нің ызғарлы шындығының шығармадағы көрінісі. Олардың бұдан былайғы тірлігі өмір, ұрпақ жалғастығы үшін күреске құрылады.
Жазушы Барысхан мен Айша бейнесін жасауда жаратылыстың тамаша көрінісі Ай образын үнемі назарға алып отырады. Жоғарыдағы үзіндіде де Ай өзіндік көркемдік қызметін мінсіз атқарған. Айшаның жүрегін шарпыған қайғы алдымен Айға айтылады. Қарғыс атқыр түннің жүректі жаншыған зілін енді кімге шақпақ? Кім ұғады? Қасындағы бес жасар Барысхан ба?! Жазушының суреттеуінде «толықсып тұрған Ай да бір аунап түскендей болды». Барысхан жетімдіктің жайын титтей бала болса да, алғаш рет сұңғылалықпен сезінгенде, «жарқырап тұрған Ай да бұлттың ішіне кіріп кетті», төңіректі зіл қараңғылық басады.
Жазушы шығарма­сындағы шеберлікті сезіне, аңғара білу қажет. Ол өз-өзінен көрініп көзге түсіп тұрмайды. Былайғы оқырман қызық, тартымды екен деп зырылдата оқып шығуы мүмкін. Ал олардың қызыға, бас көтермей сүйсіне оқу себептері жазушылық шеберлік жайына келіп тіреледі. «Ай мен Айша» дилогиясындағы, біздіңше, жазушының тамаша табысының бірі туған жер бейнесін әсерлі жасай алуы дер едік. Шығарманың өн бойынан Жуалы өңірінің қайталанбас көркем бейнесі есіп тұрады. Жалаң мадақтау, жалаң тамсану емес. Шынайылығымен, көркемдігімен сүйсінтеді. Мыңбұлақ жерін аралап кеткендей, таза ауасын сіміре жұтқандай күй кешесің. Асқар таулар мен құзар шатқалдар көз алдыңа келеді. Мөлдір бұлақтар мен бастауларға кезігесің. Көл мен өзен, шүйгін шөп, олардың нешебір атауы мен қасиеттері, сан алуан аңдары мен құстары – тұтас байлығымен алдыңнан шығады. Қазақтың осындай әдемі, көркем жерінің болғанына, оның жаны жайсаң, кеңпейіл адамдарына кезіккеніңе қуанасың. Автобиографиялық туындыда туған жер оқиғалардың басын біріктіретін және кейіпкерлердің түрлі психологиялық жай-күйін суреттеуге мол мүмкіндік беретін көркем фонға айналған.
Туған жердің бейнесін жасауда автордың суреткерлік зерде-танымының рөлі елеулі. Қасиетті атамекеннің көркем образын бала күнінен көкірегіне түйіп, сүйіп өскен ол кейін шығармашылық процесте қиял әлемімен байытып оның тұтас полотносын жасайды. Ал бұл өз кезегінде оқырманның туған жерге деген сүйіспеншілігін, мақтаныш сезімін еселейді. Жазушының бала көңілінде жатталып қалған туған жер бейнесінің бастапқы көрінісі «Ай мен Айшада» былай суреттеледі:
«Қарны тоқ, қайғысы жоқ, киімі бүтін бес жасар ойын баласына қыстың кешкі аязы қызық та болуы мүмкін. Бес жасар баланың миы әлі нүкте түспеген ақ қағаздай. Әсерлі оқиға, сұлу сурет сол аппақ қағазға өшпестей жазылып қалар.
Әлі есімде: темір ұста үйінің іргесінде асық ойнаған балалардың арасында мен де бармын. Батқан күннің қызылы Талас Алатауының қарлы шыңдарын балқытып жібергендей еді. Теріскейдегі Қаратаудың үстінде қызғылт көгілдір құстар түйдек-түйдегімен қалқып тұрғандай екен. Құстар емес, бұлттар екенін сеземін. Қошқаратаға қонақтаған қоқи қаздар секілді.
Таулар балқып жатса да, жылуы жоқ. Алаулаған бетіңді сүйер шымыр аяз тек біздің Жуалыда, Мыңбұлақта ғана болады деседі».
Кейіпкер қабылдауымен, толғанысымен берілген пейзаждан автордың бала күнге, туған жерге деген шексіз сағынышы байқалады. Сол кездегі бұлар ойнаған темір ұстаның үйі бүгінде жұртқа айналып кеткен шығар-ау! Бірақ балалықтың белгісін жазушы көңілі жазбай табады. Басқаларға еш мәні жоқтай көрінетін жатаған үйдің орны оған соншалықты ыстық, көңіліне етене жақын. Өйткені онда тұнған сыр бар. Балалық шақтың елесі, ізі жатыр. Қаншалықты ауыр, тауқыметті болғанмен, балалық шақтың аты – балалық шақ! Жазушы жүректің терең түкпірінде тулаған, ғұмыр бойы өшпеген аңсауды оқырманына туған өлке табиғатының ерекшелігін суреттеумен жеткізеді.
Апырай қаламгердің бала көңілінде сол бір айрықша суық қыс күні бүгінге дейін ұмтылмастай сақталыпты. Себебі, алты күн қатарынан боран соққан. Анасы Айша екеуі өлместің қамымен тосын қарекетке барған. Оны қалай ұмытсын. Соғыс деген сойқанның қиын кезі. Өздері ел қатарлы әупіріммен күн көрсе де, ашыққан ешкілердің азынап бақыруы оларды азапқа салған. Жемшөп жоқ. «Жем табылса, өзіміз жемекшіміз» дейді автор уақыттың ауыртпалығын меңзеп. Өздері қорек етіп отырған қызылшадан талғажау болсын деп аздап турап бергенмен, аш ешкінің жұмырына жұқ болар емес. Азынап тағы бақырады. «О, аш ешкінің бақырғанын Құдай сізге естіртпей-ақ қойсын. Аш ешкі албастыңнан айнымайды: Сақалдары сапсиып, көздері шақшиып, адамның өзіне шапшиын деп тұрады. Еуропалықтардың шайтан суретін ешкі бейнесінде салатыны тегін емес болуы керек» деп еске алады жазушы. Ақыры заржақ ешкінің азабына шыдамаған Айша екеуі ауыл шетіндегі мая шөпке бет алған. Бала көңілде мәңгілік бекіп қалған сол кез шығармада былай бейнеленеді:
«О, сіздер біздің Жуалының боранын білмейсіздер ғой. Дүниені бір тарының қауызына сыйдырып жіберетін боран – сол. 1943 жылдың ақпанында сол сұрапыл әсіресе қатты қаһарланды. Әр сайдың басында бүрісіп-бүрісіп отырған үйлер бір-біріне бара алмай қалды. Шақпақ тауы неге долданды – бір жаратушыдан басқа жан білмейді. Орха, Ноха деген екі арысын бірдей соғысқа жіберген Мамыт шалдың өзі бұл азапқа шыдай алмай:
– Мұндай сұмдықты көргенше, сол соғысқа мен де кеткенім дұрыс еді ғой! – депті дейді».
Автордың туған өлке табиғатының ерекше мінезінен хабар беретін бұл суреттемесі әдеби тұрғыдан келсек, сюжеттік байланыс қызметін атқарып тұр. Жазушыға атамекеннің осы дүлей боранына шейін қымбат. Дүниені бір тарының қауызына сыйдырып жібергендей табиғаттың бұл дүлей көрінісін ол уақыт өте келе бәрібір үлкен сағынышпен, аса бір ыстық дүниесіндей еске алады. Өйткені, оның арғы жағында өзінің қиын да болса қимас балалық кезі тұр ғой. Сондағы Айша екеуі барған Молдарайым шал жоталап жинаған мая шөптің бұрқыраған исін айтсаңшы. Барысхан-Шерханның көңіліне көктемнің бар байлығы, хош иісі құйылғандай.
«Жарықтық біздің Төскейдің шөбі-ай… Қозы қарынға құйып пісірген уыздай екен. Амал жоқ, мал емессің, әйтпесе асап-асап жегің келеді. Хош иіс бұрқ ете қалды. Қақаған қыс емес, жайраңдаған жаз оралды. Киікоты аралас бидайық пен майлы шытыр, көдесі мен қызыл изені, иіс майлы қылшасы мен жусаны, қызыл жоңышқасы, гүлқайыр мен көкемаралы сол қалпында тірі күніндегідей сиқырлы. Әттең, шама жетсе, маяны түгел көтеріп әкетсе…
Маяның осы қуысына жата қалып, тырп етпестен ұйықтасаң ғой, шіркін…».
Туған жер табиғатын суреттеудегі, біздіңше, жазушы дүниетанымы деген осы. Былайғы адамға мұның бәрі бір шөп, бір иіс болып көрінуі, сезінуі мүмкін. Ал жазушы Шерхан Мұртаза үшін бөлек. Әр шөптің өз атауы, өз сипаты, өз иісі бар. Жазушы әр тал шөптің қасиетіне шейін терең сезініп, оқырманына жеткізе жазады. Бір жақсысы, автордың романы мен әңгімелерінен шөптің, сайраған құстың мың түрлі атауы мен қасиет-ерекшелігін танисың. Көзіқарақты оқырман оның шығармаларын оқи отырып, қазақ даласының сұлулығы мен байлығын сезініп қана қоймайды, құнды сабақ та алады.
Автор туған жер дегенде, өзінің перзенттік сезімі мен сүйіспеншілігін жасыра алмайды. Иә, ұлық та болсаң, туған жердің алдында кішісің. Авторлық суреттеуден Шерағаның туған жер алдындағы кішілігі әрдайым айқын көрініп отырады.
«Ай мен Айшада» атамекен көркі әр алуан реңкте бейнеленеді. Кейіпкер басындағы қуаныш пен қайғы да, азапты күндердің сергелдеңі де туған жермен тығыз байланыста суреттеледі. Өйткені, романның басты кейіпкерінің бірі, болашақ ірі жазушы Барысхан-Шерхан бала айналадағы тамаша көрініске еш уақытта бейтарап қарай алмайды. Міне, бірінші кітаптың соңында ол туған жерімен қоштасып, әулетімен Әулиеатаға аттанып барады. Ықтиярсыз. Сол бір қиын күнде қанатымен су сепкен қарлығаштай болған, жаны жәннатта болғыр Сәли атасы мен Айша анасы алда келеді. Есектің ноқта жібі соның қолында. Екі доңғалақты есек арбаның үстінде Батырхан мен Құрмаш. Артта қара сиырды жетектеп Барысхан-Шерхан келеді. Баланың алай-дүлей көңіл-күйі туған жермен іштей сырласуымен, қоштасуымен беріледі.
«Айналайын Тәңіртау! Ая мені. Кетіп қалды деп қарғама. Дүние осылай боз боран бола бермес. Түзелер. Жуанқұлдар мен Тасбеттер мәңгілік емес қой. Олар да тұғырынан таяр. Ақжарылқап заман туып, азап қарыған арқамыз жылынар да жадырар.
Осы оймен келе жатқанымда, ап-ашық аспанды бұлт торлапты. Тәңіртау көрінбей қалды. Әуелі Шақпақ жақтан желдетіп барып, артынан себелеп жаңбыр жауды. Шаң тұтқан жусан мен дермен шөптің кермектеу исі бұрқ ете қалды. Бізді аяп адамдар, ағайындар төкпеген жасты аспан төкті. Аспан бәрін сезеді. Аспан бәрін көреді. Аспанның мейірімі түскен адам қор болмайды».
Әне, шығысқа қарай ағып жатқан Теріс өзені қалып барады. Оны көрген Барысхан-Шерхан көңілі тағы да толқып кетеді.
«Терістің» бойы «ен тоғай». Саздау жағалауда сыңсыған сәмбі тал. Бұйра тал. Әлі жап-жасыл. Мыңбұлаққа қарағанда Теріс өзенін жағалап отырған елде береке бар шығар. Өйткені біз сияқты орман-тоғайын отай бермепті. Атың Теріс болса да, бетің түзу болып, бізге ақ жол тілей гөр, қасиетті қасқа су! Шақпақ таудан бастау алып сен шығысқа тарттың. Арыс батысқа тартты. Күннің шығысына қарап тіке тартқан басқа бір де бір өзен жоқ. Сондықтан сенде сыр да көп, мұң да көп, жыр да көп. Сонымен де қасиеттісің, қайран Теріс».
Шақпақ желі арқаларынан итермелейді. Бала Барысхан-Шерхан тағы да толқиды.
«Ай, Шақпақ жел, Шақпақ жел! Кімді ұшырарыңды білмейсің-ау. Біз сияқты жеңіл-желпі қаңбақтарды домалатқанша, жердің бетін, Жуалы жүзін арамдардан, әділетсіз хайуандардан тазартсаң еді… Дүлейсің ғой, дүлейсің, Шақпақ желі!»
Түйіндей айтқанда, «Ай мен Айша» дилогиясында туған жер табиғаты шығармаға ерекше рең, бай мазмұн берген.
Әрине, жазушы шеберлігі мұнымен шектелмейді. Біз айтар ойымыздың жүзден бірін ғана айта алғандаймыз. Ш. Мұртаза – қазақ әдебиетінің әңгіме жанрының өрістеуіне айрықша еңбек сіңірген жазушы. Қазіргі қазақ әдебиетінде әңгіме жанры жақсы дамып келеді десек, мұнда қазақ әдебиетінің тарланы Ш. Мұртаза әңгімелерінің де ерекше орны бар. Қазіргі мықты новеллист, әңгімеші саналатын қаламгерлерге жазушы әңгімелерінің ой салғаны, ықпал жасағаны бесенеден байқалып тұрады. Оның әңгімелері – классикалық әңгімелердің үлгісі. Онда өмірдің шындығы мен сыры, дәуір келбеті әдемі өрнек табады.
«Ай мен Айшаның» бірінші кітабының соңында Барысхан-Шерханның туған жерімен еріксіз қоштасып, алыстап бара жатқаны суреттелетіні бар. Сонда ол үлкен тілекпен, перзенттік парызбен аттанып бара жатады. Жазушы бақыты деген, бәлкім, осы болар. Міне, ол талай жылдардың соқпағы мен белесін артқа тастап, бүгінде туған жерінің, туған жерінің ғана емес-ау, күллі Қазақ елінің, қазақ әдебиеті мен журналистикасының өзі айта беретін Тәңіртаудай алып тұлғасына, мақтанышына айналып отыр. Қолын алып, лебізін естіген біз де оған шын жүректен тілектеспіз.

Көрмепсің терең ойлардан арылып

(Шерхан Мұртазаға)

«Табылған теңізде» дүниеге келіп,
«Бұлтсыз найзағайда» сыр сақтадың.
«Белгісіз солдаттың» баласы» –
ұл берік,
«Мылтықсыз майданда»
байқалды тың жол тапқаның.

Көрмепсің терең
ойлардан арылып.
«Қара маржанда»
айға шағылдың!
Сұңқар зерденің
қоңыраулары қағылып,
«Қызыл жебе» биігімен танылдың!

Жағдайын барлап,
өркенді халқыңның,
жастардың да
көңіл-ойларын тербедің.
Ізімен сол бір
елге ұнаған қалпыңның,
Асуларға асқақ
еш кідірмей өрлегін…

Байтанағали Төлентаев,
ақын.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support