- Advertisement -

«Тараз» тұйыққа тірелді

107

- Advertisement -

Таблица«Тараз» футбол­шылары тағы да жеңілістің ащы дәмін татты. Иә, Қазақстан премьер-лигасының кезекті турында Қарағандының «Шахтер» футбол клубын қабылдаған «Тараз» футболшылары кезекті мәрте сәтсіздікке ұшырап, жағдайын тіптен қиындатып алды.
Ойын жамбылдық команда үшін ойдағыдай-ақ басталды. Кездесу барысында жәймен басымдықты қолға алған «Тараз» футболшылары ойынның 17 минутында есеп ашты. Малик Мане асырған пасты қажетіне жаратқан Бақтияр Зайнутдинов таразы басын «Таразға» бұрды. Бұдан соң кеншілер де бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Алайда, діттеген мақсаттарына жете алған жоқ. Ойынның 28 минутында Бақтияр Зайнутдинов тағы бір голдың авторы атанып, есепті еселеді.
Бұдан кейін «Шахтер» футбол клубының ойыншылары белсенді. «Тараз» жанкүйерлері желпініп, «жеңістің ауылы жақын» деп отырған. Алайда, «Шахтер» оңай шағыла салатын жаңғақ емес екен. Кездесудің 49 минутында Милан Стоянович 11 метрлік айып добын сәтімен пайдаланып, есеп айырмасын қысқартты. Сол Стоянович бір голмен тоқтап қалған жоқ. Командасын өрге сүйреді. Кеншілер сырт алаңға ұпай жоғалтуға келмегендіктерін жанкештілікпен дәлелдеп жатты. Үсті-үстіне шабуыл жасаған «Шахтер» футболшылары ақыры дегендеріне жетті. Ойынның 76 минутында Милан Стояновичтің шірене тартқан соққысына ешкім тосқауыл бола алған жоқ. Есеп 2:2.
Осы сәтте «Тараз» футбол клубының жанкүйерлері «тым болмаса бір ұпай алсақ жарар еді» десті. «Таразға» сол бір ұпай да бұйырмады. Тағы да сол Милан Стоянович ойынның 83 минутында командасының үшінші голын соғып, «Тараз» жанкүйерлерінің көңіл-күйін түсіріп жіберді. «Шахтер» бұл ойында белсенді ойынының арқасында 2:0 есебімен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды. Кеншілер үшін бұл керемет камбек екені талас тудырмайды.
Бұл жеңілістен кейін «Тараздың» жағдайы қиындап кетті. Әрине, теориялық тұрғыда «Тараздың» премьер-лигада қалатын мүмкіндігі әлі де баршылық. Ол үшін «Ақтөбе» мен «Ақжайық» командалары қалған ойындарда сәтсіздікке ұшырап, «Тараз» жеңіс тойын тойлауы керек. Тіпті, болмаған жағдайда жоғарыда аты аталған қос клубтың бірі жеңілістен-жеңіліске ұшырап, «Тараз» ұпайдан шашау шығармаса, бірінші лиганың үшінші орын алған командасымен премьер-лиганың жолдамасын сарапқа салады. Әрине, өзі жеңіп қана қоймай, өзгенің де жолына үмітпен қарайтын «Тараздың» қазіргі хәлі аянышты-ақ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support