- Advertisement -

байтағымызды дамыту – баршаның ісі

122

- Advertisement -

 Балабек НАРБАЕВ, 

аудан әкімі.

Елбасының биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аудан халқының қызу қолдауына ие болып қана қоймай, барлық салаға дерлік тың серпін беріп отыр. Алға қойылған мақсатқа жетуіміз үшін қоғамдық санамыздың ісімізден озып жүруі, яғни бұрынғы қол жеткен нәтижелердің еселене түсуі керек-ақ. Біз бұған басымдық беріп отырмыз. Ең алдымен өндіріс пен ауыл шаруашылығы салаларын қайтадан түрлендіріп, индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асырып, шағын және орта кәсіпкерлікті кеңінен дамытуға күш салудамыз. Ауданымыздағы «ЕвроХим» ЖШС мен «Қазфосфат» АҚ-ның Қаратау – Шолақтау кешені сияқты іргелі кәсіпорындар мен соңғы жылдары пайдалануға берілген бірнеше зауыт өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына көп көмегін тигізді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының нақты жүзеге асуына даңғыл жол ашылды. Өндірістің өркендеуі ауыл шаруашылығының өнімдерін өткеруге, жеңіл өнеркәсіптің дамуына да оң ықпал етуде.
Әрине, мұның барлығы халықтың ертеңге деген сенімін молайтып, ой- өрісінің, санасының жаңғыруына да әсер етері анық. Қазірдің өзінде алға басулар бар. Егер нақты деректерге жүгінер болсақ, үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп кәсіпорындары 12 431,6 миллион теңгенің өнімдерін өндірді немесе өнеркәсіп өнімдерін физикалық көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға артты. Осы мерзім ішінде Қаратау тау-кен өңдеу кешені – 193,1 мың, «ЕвроХим» ЖШС 483,5 мың тонна кенді өндіріп, өңдеді. Негізгі қорға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 13,2 миллиард теңгені құрады. Жыл басынан бері ауданда «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру бағытында 161,3 миллион теңгенің 4 жаңа инвестициялық жобасы іске асырылғанын да атап өтуіміз керек. Экономикалық-әлеуметтік саладағы қол жеткізілген нәтижелерге тоқмейілсімей, еңбекті жаңа технологиялар негізінде ұйымдастыру арқылы өнімдердің сапасын арттыру көзделуде.
Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеу бар. Жемісті жұмыстың арқасында бүгінгі таңда 4,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Әрине, бұл табыстар оңайлықпен келген жоқ. Бір қуанарлығы, шаруалар жерді игеруді үйренді, оның табысты сала екендіктеріне көздері жетті.
Аудан халқы қоғамдық және ұлттық сананы жаңғыртудың қажеттілігін жете түсінуде. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы» деп атап көрсеткен болатын Елбасымыз. Ол үшін тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуға тиіс. Сондықтан да рухани жаңғыру жолында бабалардан мирас болып бізге жеткен, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек-ақ. Біз мұны жақсы түсінеміз.
Осыған орай аудан әкімдігі Елбасы мақаласының маңызын әрбір адамға жеткізу үшін нақты іс-шаралар жоспарын жасап, оны күнделікті жұмысының бірі деп санауда. 2017 жылдың 7 тамызы – 31 желтоқсаны аралығына арналған облыстық желілік кестеге сәйкес, аудан аумағында барлығы 40 іс-шара (23 аудандық, 17 қала/ауылдық деңгейде) өткізу көзделген. Желілік кесте 5 спорттық, 7 мәдени-көпшілік, 3 қайырымдылық, 3 экскурсиялық, 22 әртүрлі (дөңгелек үстел, кездесу, көрмелер, семинарлар және т.б.) іс-шараларды қамтыған. Бұл іс-шараларға 4 мыңнан аса адам қамтылады деп күтілуде. Бүгінгі күнге дейін жоспардағы іс-шаралардың 19-ы өткізіліп, оған 2 мыңға жуық тұрғын тартылды. Бұл іс одан әрі жалғастырылу үстінде.
Бағдарламалық мақаланы насихаттау мақсатында аудандық әкімшілік ғимаратында арнайы «Жобалық офис» ашылған. Оның құрамына түрлі салалар мамандарынан алты мүше бекітіліп, арнайы үйлестіруші жұмыс істеуде. Офис құрамымен 15 тыңдалым өтіп, атқарылған іс-шаралар, туындайтын идеялар талқыланды. Сонымен қатар, барлық мекеме, ұйым, кәсіпорындар, білім ошақтары мен кітапхана, клубтарда бағдарламаға арналған бұрыштар, кабинеттер жұмыс істейді.
Әкімдіктің ресми сайтында «Рухани жаңғыру», «Латын әліпбиіне көшу» мәселелеріне арналған бөлімдер ашылып, өткізілген іс-шаралар туралы ақпараттар мен тақырыптық логотиптер орналастырылуда. Онда арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесінде «Елбасының бағдарламалық құжатының мазмұнымен таныссыз ба?» және «Мемлекет басшысы ұсынған әрбір қазақстандықтың рухани жаңғыруы туралы бағытты қолдайсыз ба?» – деген сұрақтарға респонденттердің 100 пайызы аталмыш мақаланың мазмұнын жақсы білетіндіктерін және қолдайтындықтарын жеткізген.
Бүгінгі танда аудандық «Сарысу» газетінде «Рухани жаңғыру», «Аудандық «Жобалық офис» хабарлайды» және «Болашаққа бағдар» айдарларымен 117 мақала (логотиппен – 105, логотипсіз – 12), сондай-ақ, Facebook, ВКонтакте, Mail.ru әлеуметтік желілері арқылы өткізілген іс-шараларға байланысты 147 материал жарияланған.
Аудан тұрғындарының «Рухани жаңғыру» бойынша толыққанды мәлімет алуы үшін, бекітелген желілік кестеден бөлек, аудандық жобалық офистің 200 іс-шарасы жоспарланған. Бүгінгі таңда соның 161-і (55-і «Тәрбие және білім», 72-сі «Рухани қазына», 26-сы «Атамекен» бағыттары бойынша және 8-і «Ақпарат толқыны», «100 жаңа есімге кімдер лайық?» атты басқосу, дөңгелек үстел, пікір-таластар) өткізілген. Аталған іс-шараға 6000-ға (13-19 жас аралығында – 2307, 20-29 жас аралығында – 1450, 30 жас және одан жоғары – 2243) жуық аудан тұрғындары қамтылған.
Бұдан бөлек әрбір мекеме, кәсіпорын, барлық білім ошақтарында ішінара өзіндік желілік кестелері жасалынды. Рухани жаңғыруға мектеп оқушылары да өз үлестерін қосуда. Жуырда ғана Алматы қаласында өткен республикалық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» форумында «Туған өлкені зерттеймін» бағыты бойынша, Сарысу ауданының оқушылары Нұрасыл Шегетай мен Бисенбай Аружан (М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы) «Сарысуым киелі туған өлкем» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізгені үшін бірінші орынды иеленіп қайтты. Жоспардан тыс халықты бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыратын және ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді дәріптейтін шаралар өткізу де ойластырылуда.
Үстіміздегі жылдың тамыз айында Жайылма ауылында 2000-ға жуық адамның қатысуымен Қазақ хандығының құрылуына өзіндік үлес қосқан тарихи тұлға Барақ Бигелдіұлының рухына арналған мәдени-көпшілік шаралар, Жаңатас қаласының орталық алаңында «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында Сарысу өңірінен түлеп ұшқан Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Айгүл Мақашева, Саян Ақмолда секілді белгілі өнер тұлғаларының концерттік бағдарламасы, қыркүйек айында Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың 80 жасқа толуы мерейтойлары аясында іс-шаралар ұйымдастырылды.
Күні кеше ғана жерлесіміз, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы туған жері Игілік ауылында оқушылармен кездесіп, «Рухани жаңғыру елдігіміздің еңсесі», «Жаһандану тұсындағы рухани жаңғыру шеберлік дәрістерін өткізді. Іс-шара барысында ақын өзі түлеп ұшқан Шоқай датқа атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жетістіктерге қол жеткізген оқушыларға шәкіртақы тағайындады. Бұл мәдени шаралардың барлығы жастардың бойында туған жеріңді сүю, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және ел игілігі үшін қызмет ету сияқты сезімдерін оятары сөзсіз. Осындай жерлестерімізбен біз тек мақтанып қана қоймай, оларды жастарға үлгі тұтамыз.
Қазақ жерінің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Осыған байланысты, «Қазақстанның сакралдық белдеуі» объектілерін зерделеу және дәріптеу, олардың туристік қызмет объектілері ретінде тартымдылығын арттыру мақсатында, арнайы топтардың «Тарихқа тағзым» атты ұранмен саяхатқа шығуы ұйымдастырылды. Олар ауданымызда орналасқан Шоқай Датқа, Ықылас Дүкенұлы, Ысты Тілік баба кесенелеріне барып, оның тарихымен танысып, тазалық жұмыстарын жүргізіп қайтты.
Сондай-ақ, аудандық тарихи-өлкетану музейінде Елбасы мақаласынан туындайтын бағыттарды қамту мақсатында «Туған жер – туған ел» бұрыштары ашылып, желілік кестеге сәйкес оқушылар мен білімгерлерге «Ырыс дарып, құт қонған киелі мекен Сарысу» атты экскурсиялар ұйымдастырылды.
Сарысу ауданы аумағында орналасқан 47 тарихи-мәдени ескерткіш, оның 37-сі археологиялық, 2 сәулет (Шоқай Датқа, Бибатыржарма кесенелері), 2 монумент (Данқ монументі, Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған «Ер есімі – ел есінде» монументі), 6 тарихи ескерткіш (Ықылас Дүкенұлы мемориалы, Жерлес жауынгерлер ескерткіші, Байқадам Қашқынбаев зираты, Шоқай Датқа ескерткіші, Ықылас Дүкенұлы зираты) және 75 археологиялық алдын ала тізімге алынған тарихи орындар болып табылады.
ЭКСПО-2017 көрмесі аясында жергілікті бюджеттен 2 миллион 380 мың теңге қаржы қаралып, ауданымызда орналасқан 3 тарихи-мәдени кесенеге сілтеме бағыттауыштарды орнату жоспарланып, үстіміздегі жылдың маусым айында «Шоқай Датқа» кесенесі, «Ықылас Дүкенұлы» мемориалдық кешені, «Саудакент» қалашығына мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ақпараттық тақтайшаларды орналастыру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, Жамбыл облыстық «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» тарапынан «Саудакент ІХ-ХV ғғ.», қалашығына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ортағасырлық «Саудакент» қалашығының қорғау аймағын белгілеп, жер телімдерінің құжаттарына заңдастыру жұмыстары жүргізілді. Ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде анықталған археологиялық нысандардың алдағы уақытта сақталуын қамтамасыз ету, музейлендіру мақсатында төбесі жабылды. Ал үстіміздегі жылдың тамыз айында Шоқай Датқа кесенесіне қайта жөндеу жұмыстары жүзеге асты. Жөндеу жұмыстарын жүргізген облыстық «Тараз қайта жаңғырту» филиалының жұмысшылары. Осылай кесененің іші-сырты сыланып, әктеліп, ауласындағы төсеніш тақтатастары қайта қалпына келтірілді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша аудандағы киелі, тарихи жерлерді анықтап, жобаға енгізу үшін «Әулиеата» гуманитарлық университетінің қызметкерлері мен мамандары ауданымызда болып, Қаратау сілемдерінде орналасқан «Жұмбақтас», «Таңбалы тас», «Маятас шатқалы», «Қоянбауыр жотасы» деп аталатын ғажайып көрікті жерлер мен Ықылас Дүкенұлы, Шоқай Датқа кесенелері, Саудакент ортағасырлық қалашығы, Ынталы су қоймасы, Ақтоғай, Маятас, Ынталы үңгірі секілді тарихи ескерткіш орындарының тарихымен тереңдеп танысты.
Бүгінде біздің алдымызда «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Мемлекеттік тілдің латын әрпіне көшуі», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» сияқты бағыттарын жүйелі түрде жүзеге асыру міндеті тұр. Осыған байланысты арнайы жобалар дайындалып, іске асырылмақ. Бұл іс-шараларға да жұртшылықты кеңінен қатыстыру көзделуде. Өйткені, рухани жаңғыру бірдің ісі емес, мыңның ісі екендігін әркім ұғып, түсінуі қажет деп ойлаймын.
Келер жылы ауданның құрылғанына – 90 жыл толады. Осы жылды аудан халқы мереке ғана емес, туған жерді түлетудің жылы деп түсінгенін қалаймын. Сонда ғана Мәңгілік Ел құрудың іргетасы қаланбақ. Оған сарысулықтардың парасат-пайымы, қарым-қабілеті толық жетеді деп ойлаймын.
Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support