- Advertisement -

МОЙЫНҚҰМ – ӨНДІРІСІ ДАМЫҒАН ӨҢІР

192

- Advertisement -

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев таяуда ғана арнайы жұмыс сапарымен ауданда болғанында жер көлемінің айрықша ауқымды болуы себепті, өңірдің тыныс-тіршілігімен толықтай танысып шығуға бір күндік уақыттың аздық ететінін тілге тиек еткені белгілі. Өңір басшысы сол жолы жұмыс сапарын ауданның оңтүстігінде орналасқан «тұзды ауыл» атанған Ұланбелден бастаған болса, бұл жолы бірегей өндіріс орындарына атбасын бұрды. Мыңарал ауылындағы орта мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, осындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында жасалған тарихи ескерткіш орындары тізбесі мен балалар шығармашылығына назар аударды.
IMG_3743 IMG_3729 IMG_3726Мыңарал – бүгінде бақуатты елді мекенге айналып отыр. Осындағы балық зауытынан бірқатар еуропалық елдерге оның өнімдері экспортқа шығарылады. Кәсіпорынның дайын өнімдерді сақтайтын тоңазытқыштарының сыйымдылығы жоғары стандартқа сай келеді. Сондай-ақ, жаздың аптап ыстығында балықты қатырып, сол күйінде сақтау үшін 1 200 тонналық мұзды тоңазытқыш бөлмелері де алдын ала дайындалған. 2014 жылы іске қосылған кәсіпорынның жылына 1,5 мың тонна балық өнімдерін өндіруге әлеуеті әбден жетеді. Бүгінгі таңда мұнда 127 адам еңбек етуде. Олардың басым көпшілігі – жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ, зауыт биыл экологиялық табиғи таза өнім – ақтабан балығынан чипстер мен котлеттерді өздерінде дайындап, арнайы қораптарға салып, Ресей, Түркия, Украина сынды шет мемлекеттерге экспортқа шығару арқылы экспорттау мүмкіндігін едәуір арттыра түскен. Мұндағы бір килограмм кептірілген ақтабан балығының құны – 480 теңге. «Қараша айының соңына дейін балық аулауды жоспарлап отырмыз. Бұл енді ауа райына да байланысты», – дейді кәсіпорын басшысы Сергей Ни.
Бұдан кейін өңір басшысы 2011 жылы іске қосылған Мыңарал елді мекеніндегі «Жамбыл өндірістік цемент компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, осындағы нәтижелі жұмыстармен жіті танысты. Зауыт жылына 1,2 миллион тонна цемент өндіреді. Жалпы құрылысының құны 8,2 миллиард теңге болатын ірі кәсіпорында ешқандай да жұмыс орны қысқармаған. Зауыт былтыр 1 миллион 360 мың тонна өнім өндірген.
Зауыттың атқарушы директоры Анатолий Иванович Медиков «Зауыт жеті жыл бойы қарқынды жұмыс істеп келеді. Соңғы үш жылда 1 200 мың тоннадан цемент өндіруді жоспарлап, оны ойдағыдай жүзеге асыру үстіндеміз. Ал биылғы жоспар 1 400 мың тонна көлемінде. Бүгінгі күнге дейін оның 1 200 мың тоннасын өндіріп үлгердік.

Мұнда бүгінде 240 жұмысшы бар. Олардың 65 пайызы –жергілікті тұрғындар. Еліміздің барлық өңірлеріне темір жол көліктері арқылы тасымалданатын цементтің сапасы жоғары. Біздің өніміміз сапасы тұрғысынан көш бастап тұрғанын атап өтуге болады. Қазіргі таңда оны Қырғыз мемлекетіне де жеткізіп жатырмыз. Жеті жыл бойы қарқынмен жұмыс істеп келе жатқан зауыттың желісін кеңейту мәселесі де ойластырылуда» деді. Ол, сондай-ақ, цемент тасымалдайтын вагондардың көбінесе белгіленген мерзімінен кешігіп келетініне қынжылыс білдірді. Кәрім Нәсбекұлы сол арада аудан әкімі Бақытжан Нүркенов пен оның орынбасары Бақытжан Қалымбетовке «Мұны темір жол мен цемент өндіруші мекемелері басшыларын жинап алып, талқылап, тиісінше тапсырмалар бермейсіңдер ме? Немесе оларға бұл жөнінде айтпайсыңдар ма. Телефон, көлігің бар, бір ауданның әкімінің орынбасарысың. Неге қадағаламайсың мұны? Бұл (облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының басшылары Қ.Аралбекова мен М. Қасымовқа қарата) сіздерге де қатысты. Егер біз ешқайда шықпасақ, ешнәрсені көзімізбен көрмесек, онда біз не істеп отырмыз? Мойынқұм – бірден-бір дамушы өңір. Жамбыл цемент, Хантау цемент зауыты, Мыңарал балық зауыты, Шығыс кен басқармасы, Ақбақай алтын алу фабрикасы бар, барлығында 1200-ден астам адам жұмыс істейді. Қазір «Оргстрой» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Әлі барлау жұмыстары да тоқтаусыз жүріп жатыр. Біз бұл ауданға үлкен жанашырлықпен қарауымыз керек», – деді аймақ басшысы.«Оргстрой»ЖШС қазірдің өзінде Ресейден тапсырыстар қабылдауда екен. Өнімдеріне сұраныс жоғары. Осыған байланысты өңір басшысы өндіріс орнының жұмысы жүйеленуіне өңірлік «Жол картасы» аясында қажетті қолдау, көмек көрсетілетінін жеткізді.

Кәрім Нәсбекұлы бұдан соң Шығанақ ауылдық емханасында да болды. Өткен жолғы жұмыс сапары кезінде аудандық орталық аурухананың басшысы Жайдар Айтишевке аталған емхананың ішіне су кіргізу жөнінде берген тапсырмасының дер кезінде орындалғанына көз жеткізді. Өңір басшысы: «Осынау өндірісті аумақта бүгінде 12 мыңға жуық халық тұрады. Сондықтан алдағы уақытта бұл жерге кішігірім аурухана салу керек» деген ұсынысын жеткізді. 17 мейірбике, 4 дәрігер жұмыс істейтін емдеу мекемесінің ғимараты 2011 жылы пайдалануға берілген. 40 келушіге арналған. Бүгінде мұнда 2 900 адам тіркеуде тұр. Сондай-ақ, аталған емхананың жылыту қазандықтарының қысқы кезеңге дайындығы да әңгіме болды.
Облыс әкімі осы күні Шығанақ орта мектебінде болып, балалардың жай-күйімен, ұстаздардың біліктілігі мен жан-жақтылығына назар аударды. Білім мекемесінің басшысына Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мән-маңызын мектеп директоры ретінде өзіңіз қалай түсінесіз?» деп тосыннан сұрақ қойып, оған тұшымды жауап болмаған соң, бұл тұрғыда кеңінен таратып айтып беруіне тура келді.
«Болашаққа бағдар», «Туған жер», «Жүз жаңа есім», латын әліпбиіне көшу, үш тілділікті дамыту мәселелерін алға тарта отырып, «Мен сіздің орныңызда болсам, былай деп айтар едім: балабақшаға барған баладан бастап оныншы сыныпқа дейін туған жердің қадір-қасиетін түсінулері тиіс. Туған жер дегеніміз оған тағзым етуден басталады. Осы мектептің өзінің түлектері бар. Олардың ішінде прокурор, академик, профессор, мектеп директоры, темір жол саласының басшылары болғандары бар. Солардың есімін оқушыға танытып, суреттерін мектепке іліп, олармен жиі-жиі кездесулер ұйымдастырып тұру қажет. Облыс тұрғындарына мен кеше Үндеу жолдадым. Бір ауылды дамыту, көріктендіру туралы. Яғни жыл сайын әр ауданнан бір ауылдан дамытатын болсақ, 10 жылда 100 ауыл, 20 жылда 200 ауыл өсіп, өркендейді екен. Оны бюджеттің ақшасымен емес, мына Орақ Піралиев сияқты азаматтар бірігіп бір ауылдың мектебін, балабақшасын, емханасын, медпунктін, жол, жарығын өзіміз ел болып неге дамытпасқа?! Осы ауылда туамыз, тұрамыз, балалық шағымызды өткіземіз, өсеміз-өнеміз, бірақ есейіп кеткенде туған ауылымыз есімізден шығып кететіні тағы бар. Мысалы, ғасырда бір туатын Абай Құнанбаевты, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев сынды ғұламаларды ел біледі. Ал енді жаңадан танылып жатқан адамдардың есімі ескерусіз қалмай, балаларымыз неге соларға қарап бой түзеп, тәрбие алмасқа! Мінеки, рухани жаңғыру дегеніміздің бір өзегі осындай игі істерден негіз алады», – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Аймақ басшысы бұдан кейін Мирный ауылдық округі ГРЭС -21 ауылында орналасқан құны 256 миллион теңгені құрайтын «Оргстрой» ЖШС гранитті өндіру мақсатында жаңа инновациялық технологияларды пайдалану тәсілдерін қолданудағы жобасын ұсынған нысанға барды. 2015 жылға дейін кәсіпорын тек гранитті өндіру жұмыстарымен ғана айналысса, бүгінгі күні гранитті өндеумен де айналысып, бордюр, тас тақта сияқты құрылыс материалдарын шығаруда. Аталған жобаның құны – 873,0 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, қазіргі таңда жобаның жалпы сомасының 85 пайызы яғни 742 миллион теңге игерілген. Цех құрылысына электр жүйесін қосу, су тазалауға арналған италиялық құрылғыларды құрастыру және орналастыру жұмыстарымен арнайы мамандар айналысуда. Аталған жобаны жыл соңына дейін ұлттық телекөпір арқылы іске қосу жоспарланып отыр. Цех іске қосылған жағдайда 50-100 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Өңір басшысы Хантау ауылындағы «AGIG» АҚ-ның цемент зауытында да болып, кәсіпорынның жұмыс жағдайымен танысты. Жобалық құны 8,2 миллиард теңгені құрайтын өндіріс орнында бүгінгі күні 286 адам еңбек етуде. Зауыт жылына 500 мың тонна цемент өндіру қуатына ие. Келер жылы 350 мың тонна цемент өндіруді жоспарлауда. Зауыт басшылары өз кезегінде жұмыс жүргізудегі кедергілерді алға тартып, оны шешу жолдарын қарастырды. Кәрім Нәсбекұлы зауыт басшыларына болашақта өндірілер өнімнің көлемін көбейтуді, жұмыс аясын кеңейтуді аса қажетті іс деп санап, бұл тірлікте бірлесе қызмет етуді тапсырды.

* * *

Облыс әкімі К. Көкірекбаевтың жұмыс сапары бұдан кейін Шу ауданында жалғасты. Ол туралы газетіміздің келесі санында жарияланатын болады.

Мойынқұм ауданы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Уалихан Жайлау,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support