- Advertisement -

СУ қоймаларына немқұрайды қарамайық

91

- Advertisement -

Кезінде «Көкпекті» су қоймасы бұзылғанда сол кездегі еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың: «Мұндай су қоймасы бар екенін енді білдік», – деген сөзі біраз дау болып, өзіне таяқ болып тигені белгілі. Өкінішке қарай, облысымызда су шаруашылығы нысандарының нақты саны мен олардың кейбірінің қай жерде орналасқанын білмейтін тиісті құзырлы орын басшылары бізде де бар болып шықты. Бұл жайлы кеше облыстық әкімдікте «Су шаруашылығы нысандарының, суландыру желілері мен гидротехникалық қондырғылардың жай-күйі, коммуналдық меншіктегі су нысандарын республикалық меншікке өткізу мәселелері» қаралған аппараттық кеңесте мәлім болды.
Атап айтар болсақ, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақовтың мәліметінше, өңірімізде барлығы 399 су шаруашылығы нысаны бар көрінеді. Оның 51-і иесіз екен. Ал облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облысымызда 432 су шаруашылығы нысаны бар, оның 90-ы қазір иесіз екендігін айтты.
Сондай-ақ, облыс аумағында 117 су қоймасы мен су бөгеттері бар. Оның 5-еуі республикалық, 7-еуі жеке, 105-і коммуналдық меншікте. «2017-2020 жылдарға арналған тасқын су қаупін жою және алдын алу шаралары кешені» Жол картасына 8,272 миллиард теңгені құрайтын 80 нысан енген. Оның ішінде жалпы сомасы 7,8 миллиард теңгені құрайтын облыстың елді мекендерін топан судан сақтау және еріген қар суынан болатын тасқын қаупінің алдын алу мақсатында 33 нысан енгізілген.
«Еуропа қайта құру және даму банкі» арқылы облыстың суармалы жерлерінде орналасқан ирригациялық жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2015 жылдан бері 171 су шаруашылығы нысаны коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткен. Жыл соңына дейін жоспарланған 125 нысанның 109-ы республика қарамағына берілуі тиіс.
Облыстағы су қоймалары мен су бөгеттеріне, бассейндердің жағдайына да жеке-жеке тоқталып өткен «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Қалыбек Құдайбергеннің, «Шу-Талас» бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Ғалымбек Құралбаевтың хабарламаларын тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы:
– Осыдан біраз жыл бұрын жарты жылдық жауынның нормасы бір-ақ күнде жауып, қаншама зардабын тигізген болатын. Табиғи апаттың ешбірі айтып келмейді.

Сондықтан, біз қашанда күтпеген жағдайларға дайын болуымыз керек. Көктемде орын алуы мүмкін су тасқыны секілді апаттарға дайындықты күзден бастағанымыз жөн. Иесіз су шаруашылығы нысандары – ең қауіпті нысандар. Өйткені олар қараусыз, бақылаусыз. Сол себепті оларды республикалық меншікке өткізу ісін еш бәсеңдетуге болмайды. Серік Мамыртайұлы, жыл соңына дейін өзіңіз айтып өткен 109 нысан республика меншігіне өткізілмесе, сізге және тиісті лауазым иелеріне тәртіптік шара қолданылады. Сондықтан бұл мәселеге немқұрайды қарамаңыздар! Аудандарды аралап, су шаруашылығы нысандарының жағдайымен жете танысыңыздар. Аудан әкімдері, осы мәселе бойынша қай ауданда нендей мәселе бар, қазір айтыңыздар. Күні ертең кеш болып жүрмесін, – деді.

Алайда, тиісті тұлғалардың айтуынша, бүгінде бұл тұрғыда айтарлықтай мәселе жоқ. Барлығы өз кезеңімен, жоспар бойынша орындалуда. Мұнымен қоса, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7,4 миллиард теңгеге 59 миллион текше метрді құрайтын 4 су қоймасын салу жоспарлануда. Олар – Қордай ауданында Ырғайты мен Қалғұтты, Шу ауданында Үңгірлі, Байзақ ауданында Ақмола су қоймалары. Аталмыш нысандар салынса, нәтижесінде 16,3 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады деп күтілуде. Жалпы, Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2021 жылға дейін облыстағы суармалы жер көлемі 240 мың гектарға ұлғаюы тиіс.
Жиын соңында облыс әкімі әр ауданның әкімінен елді мекендердегі су шаруашылығы нысандарының жай-күйін қайталап сұрап өтті де:
– Су мәселесі бізде көршілес қырғыз бауырларымызбен бірге шешілетінін жақсы білесіздер. Сондықтан, біріншіден, сіздерге Қырғыз елінің мамандарымен бірлесе жұмыс істеуді, екіншіден, арнайы комиссия құрып, барлық су шаруашылығы нысандарының жағдайымен жіті танысып, маған хабарлауды тапсырамын, – деді.

Эльвира жарылқасынова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support