- Advertisement -

ОТБАСЫҢ ЖАҚСЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢ, ОЙЫҢДЫ ТҮЗЕ!

479

- Advertisement -

Құрметті «Айша бибі» арнаулы бетінің ұжымы! Сіздердің «Жақсы үйге келген келін, келін…» атты айдарларыңызға өз пікірімді білдіріп, басымнан өткен жайды баяндасам деп едім.

Менің жасым – 23-те. 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Бүгінде үш баланың анасымын. Шүкір, бақыттымын.
Үйленгенімізге 1 жыл болғанда аяғым ауырлап, ата-ана болатынымызға қуанып жүргенде жолдасыммен бірге жол апатына түстік. Алла сақтап, екеуміз де аман қалдық, бірақ ішімдегі 7 айлық нәрестем шетінеп кетті. Сол кезде қатты қиналдым. Ашуланшақ, ұрысқақ, тез өкпелегіш болып кеттім. Жолдасым екеуміздің арамыз суып, үйде кикілжің көбейді. Бірақ 2 жылдан кейін қызым дүниеге келген соң бәрі қалыпқа келе бастады. Одан кейін ұлды болдық. Бәріне сансыз шүкіршілік. Алайда, пенде болған соң сол кезеңдердегі қиналған уақытты ұмытып, күйбең тірлікпен барымыздың қадірін білмей жатамыз.
Біз ата-енемізбен бірге тұрамыз. Аудан орталығында тұрғанымызбен, мал ұстаймыз. Таңертең сиыр сауу, шай, тамақ, үй жинау, кір жуу… Ата менен ененің, күйеудің, балалардың жағдайын жасап, өзіме қарауға еш мүмкіндігім қалмайды. Үйдегі шаруа не көзге көрінбейді, не бітпейді. Еңбегіңді бағалап, рахмет айтып жатқан ешкім жоқ. Менің үй тірлігінен қажып, шаршап жүргенім жолдасымның ойына кіріп-шығар емес. Оған деген ренішім де күннен-күнге ұлғая бастады. Содан бір күні анама қоңырау шалып, жыладым.
– Өмірден жалықтым, еш мәні жоқ. Таңертеңнен кешке дейін тыным таппасам да, ата-енемнің үнемі көңілі толмайды. Күйеуім де маған мүлдем көңіл бөлмейді, көмектеспейді. Мен күң емеспін, бәрінен шаршадым, кетем, – десем, анам өзіме бас салып ұрысты:
– Сен балаңнан айырылғанда қалай қиналып едің? Есіңе ал! Аллаға шүкір, қазір бала-шағаң бар. Қаншама отбасы бала сүйе алмай жүр. Ал сенің төрт құбылаң түгел. Жалпы сен не үшін міндетсінесің? Істесең өзіңнің тірлігің, өз отбасың. Не жасасаң да өз үйім деп жаса. Әйел деген қырық шырақты. Үйде отыра бермей, бірдеңемен айналыс. Ойыңды түзе. Өзің жақсы болсаң, бәрі де жақсы, – деп, көп кеңестер айтты.
Содан не керек, есімді жидым, тәубеме келдім. Тігіннің курсын оқып алдым. Торттың шеберлік сабақтарына бардым. Қазір жаман ой ойлайтын, біреуден мін іздеп отыратын уақытым жоқ. Хобби кәсібіңе айналғанда тіпті керемет болады екен. Түрлі құрақ көрпешелер, нәресте киімдерін тапсырыспен тігемін. Торт пісіріп сатамын. Расымен ішкі ой, ниетің түзу болса, айналаң да өзгереді екен. Үйдегілердің барлығы да оң қабақ таныта бастағандай. Балаларымды, жолдасымды одан да қатты жақсы көріп кеткендеймін. Ата-енем де бұрынғыдай емес, айналып-толғанып отыратын болды. Сондықтан, қымбатты қыз-келіншектер! Өмірден түңіліп, қол қусырып отыра бермей, өздеріңізді қолға алыңыздар, жаныңызға жақын іспен айналысыңыздар. Әйел адам қаласа барлығына да уақыт табады, бәрінің де тілін табады. Бақытты отбасы болу алдымен әйелдің қолында.

Жәния БАҚЫТҚЫЗЫ.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support