- Advertisement -

Әуезов академиясының абызы

163

- Advertisement -

«…Толассыз өмiр, аңсаған, сағындырған сол күндер де жетедi. Бiлуге құштар албырт жүрек алдынан жаңа жыл, жаңа сатыда, жаңа оқулықтар өз жаңалығын ашады. Жаңа оқулық – ол өзiнше жаңа дүние, бала қиял қанатын биiктерге, шексiздiкке мезгейтiн кереметтiң өзi. Бiрде, сондай оқулық – әдебиет кiтабының iшкi беттерiнен, барша қазаққа таныс, тақиялы басын биiк ұстаған ай жүздi Абай, сусары бөркi басында, селеу сақалы жарасқан жанары жалын Жамбыл ата, «Адасқандар», «Жұмбақ жалау», «Темiртастай» әйгiлi романдарымен есiмi ел-жұртты шарлап кеткен Сәбит Мұқановтан кейiн, ол кезде барша өмiр әлемi бiзге жұмбақ, қос самайдан өрлеп, айдай айқын жазық маңдайын айнала келiстi бұйра шашы көмкерген, ойлы қос жанары мейiрiм шуағына толы, нұр жүздi адам бейнесi көрiнетiн. Ол Мұхтар Әуезов бейнесi – шебер суретшiнiң қылқаламы ақ қағазға сызған ұлы кемеңгердiң бейнесi. Ой-санамызда мәңгiлiкке, өшпестiкке қалған сол қымбат бейнеге әлдеқалай iштей туыс, жаны жақын жан әкемiздi көргендей бала көңiлмен қызыға да таңдана қарайтын едiк».
Жазушы Еркінбек Тұрысов «Менің университетім» деп аталатын естелік эссесінің әлқиссасында өткен шақ туралы осылай әсерлі әңгімелеп, терең тебіренеді. Сондағы бозбала қиялындағы ай жүзді Абай, селеу сақалды абыз Жамбыл, сыршыл Сәбит, нұр жүзді шебер суретші Мұхтар секілді алыптар оған әдебиет айдынындағы бір-бір жұмбақ аралдай, шеберліктің шыңына қарай бастап бара жатқан ұлы көштей көрінгенімен, ойлы жастың ойында сонда «… күні ертең өзім де сол көш қатарынан табыламын-ау, мен де бір аралға айналамын-ау» деген ой-арман болған да шығар. Болмауы әсте мүмкін емес. Әйтпесе, «бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» делінетін қағидаға салсақ, табандылық таныта алғанда ғана кез келген дарын иесі дархан даланың дара перзентіне, асқар тауына айнала алмақ. Еркінбек Тұрысов та солай ете білген талант иесі. Бүгінде оның қазақ әдебиетінің дара тұлғасы, асқаралы абызы екендігі айдан анық. Бір ғана «Темірлан» тарихи романы әдебиетіміздің тарихи жанрындағы толайым дүниесі десек, «Бәйдібек», «Келіншектау», «Көксеңгір», «Ақбақай» секілді тағы басқа да повестері мен тарихи-танымдық романдары халық қазынасына, қазақ әдебиетінің алтын қорына айналғаны әлдеқашан. Әр кітабын оқыған сайын Қаратаудың шынар биігіндегі мөлдір бұлақтың мейіріңді қандыратын мұздай таза тұнығынан қаныға сіміріп, шөліңді басқандай боласың. Тұшына оқып, тымық туындының тұнығына бойлап кетесің. Әлбетте, бұл Абай, Мұхаңдардай кемеңгерлерді ұстаз тұтып, оларды өз өмір жолының шамшырағы ете білген жазушының жазиралы даламен, ғасырлардың ғақлиясы тұнған қарт Қаратаумен болмысы бір біткендігінен, шарболаттай ширатылған шеберлігінен екені сөзсіз.
Қабырғалы қаламгер биыл торқалы тоқсанның төріне шықты. Қазақта «Қазыналы қарт – жазылып қойған хатпен тең» деген сөз бар. Бұл аталы сөздің астарына үңіле қалсаңыз, ар жағында ауыз айтып жеткізе алмайтын тәрбиелі тәмсіл жатқанын аңғару қиын емес. Рас-ақ, дейсіз. Олай бас шұлғи келісудің бірден бір себебі де сол, саналы жанға қариясы бар шаңырақтың шаттығының берекесі де, мерекесі де мәнді һәм мағыналы. Әлбетте, қазақ әріден-ақ әлпетінен әрі тайған адам мен әдемі қартайған жанды екі бөліп қарастырған халық. Бұл ретте абыздық қасиетін аңдатып, қарттыққа дұрыс қадам басқанды бір бөлек, сан жылын босқа сарп етіп, өткен өмірінде өнегелі із қалдыра алмай ақылынан алжасқанды бір бөлек бөліп, ара жігін тарқатып тануы жатыр. Осы тұрғыдан алғанда кім-кімнің де болсын өткен жолы мен өмір өзенінің өз тарихы, арнасы бары белгілі. Егер сол жолда кейінгі буынға алар үлгі мол болатын болса, онда ол адамның жолы ғибратты ғұмыр болғаны. Керісінше болса, тек ол қателіктерді жөндеуге жөн сілтейтін сабақ қана болады. Тарихшы, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Еркінбек Тұрысов өзінің он жасы кем ғасырлық өмір жолын өнегеге толы, шығармашылық жолын жемісті ете білді десек артық айтқандық емес. Қарт қаламгер тоқсанға зор табыспен жетіп отыр.
Ел деп соқты жүрегің,
Елге арналды тілегің.
Қарсы аққан ағысқа,
Қазағымның ұлы едің.
Қашап жаздың тарихты,
Қаратаудың төсіне.
Таусылмасын лайым,
Алла берген несібе,
Мың жасаңыз тірлікте,
Қартаймайтын сезімдей.
Сол биікте тұра бер,
Қаратаудың өзіндей, –
деп жыр арнаған екен оңтүстіктік сыршыл ақын Әбілда Аймақ көзі тірісінде. Иә, Ерекеңе бұл ғана емес, оның шығармашылығы, адамдық биік қалыбы хақында қаншама ұлы тұлғалардың жылы лебіздері, орамды ойлары айтылғаны аян. Өзі ұстаз тұтатын Мұхтар Әуезов «Қадірлі-қымбат іні Еркінбекке! Бірнеше жақсы күндерде бірге кешкен сапар және сыйластық, достық белгісі ретінде» деп қолтаңбасын қойып, кітабын сыйлаған екен. Ұлы Мұхтар Әуезов кейінгі жылдарында Оңтүстікке сапарлатып, шырайлы өлкені аралағанда қасында еріп жүрген інісі Еркінбекке деген ықыласын осы бір ауыз сөзіне сыйдыра біліпті. Ұлы Мұхаң Алғабас, Қызылқұм, Созақ аудандарына, Түркістан, Кентау қалаларына барғанда Оңтүстіктің әрбір тасы мен суын, тарихи жәдігерлерін, еңбек майталмандарын Мұхаңа таныстыра баяндай жүріп, өзі де ұлы адамның ұлағатты сөздерінен, теңіздей терең ойларынан сусындап, әр қимылы мен жүріс-тұрысынан, адамдармен сөйлесу мәнерінен үлгі-өнеге ала алған Ерекең сол кісідей болуға тырысып бағады.
Өзінің жүріс-тұрысымен, ұшқыр ой-өрісімен, парасатты, салмақты болмысымен кемеңгер классикті тәнті етіп, ықыласына ие болған сондағы отыздар шамасындағы ойлы жігіт өзі де қаламына қанат бітіп, шығармашылық шабыты шарықтай түсті. Ұлы суреткер Ғабит Мүсірепов Ер ағаңды Жазушылар одағына мүшелікке қабылдар кезде: «Басқасын білмеймін, бірақ бұл жігітті Мұхаңның қасында жүріп, атқосшы бола білгені үшін-ақ мүшелікке алуға болады. Әуезовке ұнаған, жолсерікке жараған шәкірт баланың жақсы жазатынына сенемін» деген сөзі Мұхаңның жанына еріп жүру, кемеңгер адамға жолдас болу кез келгеннің қолынан келе бермейтінін, екінің біріне бұйырмайтын бақ екенінің айғағы іспетті.
Жауынгер-жазушы Қасым Қайсенов: «Аса құрметті Еркінбек! Сенің батыр да, қатыгез бабаң «Темірлан» ойламаған жерден менің қолыма «тұтқынға» түсті. Бабаң жайлы сол заманның әуені, сол заманның тілімен аңыратыпсың! …Сөз саптасыңа қарағанда ұлы Мұхтар ағаңа еріп жүрген өміріңнің бақытты күндерінде оның сарқытын сарқа ішкенің көрініп тұр» деп тілегіне көмкеріп жоғары бағасын да бергені тегін емес. Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып аттанған Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі десек, Ерекең де сол мектептің үлгілі және мақтаулы шәкірті бола алғанын ешкім жоққа шығара алмас. Жазушы, жерлес інісі Мархабат Байғұт ағасының болмыс-бітімінің бөлектігін тілге тиек ете отырып, оның тұтастай тыныс-тiршiлiгiнде де Мұхтар Әуезовтің теңдессiз рөл атқарып келе жатқанын айтады. «Тұрысовыңыздың тұрысы таңданарлықтай. Отырысының өзi кейбiреулердiң тұрысындай. Әуезовiңiздiң өзi сонау алпысыншы жылдардың алдында, алтын құрсақты аймағыңызға келгенде, отыздың ордасына iлiге қоймаған, қараторының көркемi, тасқайрақтай ылдым-жылдым, сынаптайын сырғып, жас құлжадайын ырғып тұрған Тұрысовыңызға тәнтi болған. Сапалы жаратылған жақсы ағамыз сол тұрысынан, сол жүрiсiнен, сол сөйлесi мен сол күлкiсiнен танбастан, тоқсанның төбесiне шықты. Сәлемдескенiнiң өзiнде әуелгiде жып-жылы жымиып, бiрте-бiрте Тұрысовыңызға ғана тән төгiлме күлкiсiн құйыл-төгiл төгiп, ыстық ықыласына көмiп кеп-кеп жiбергенде ше, есiңдi жия алмай, елжiрейсiң-ай. Одан әрi хал-ахуалыңызды сұрап, сауалдарын саулата жөнелгенде ше, өзiңнiң кiсiкиiктеу кейпiңе кейiңкiреп, табан астында Тұрысовқа айналып кеткiң келетiнiн қайтерсiң?! Дейсiң-ай, кейде. Бiрақ Ерекеңдей болмақ екiнiң бiрiне бұйырмас».
Рас, Ерекеңдей болу екінің емес, елудің біріне де бұйырмаған ғой. Дарабоз дарын, қарымды қаламгер десек, артық-кем айтқандық емес, танымына тәнті болғанымыз. «Шымкенттің Шолоховы» атанып, бүгінде Абай, Мұхтар бастаған керуен көштен көрініп, кестелі, келісті, көркем ойлы тілімен классиктер қатарына қосылып үлгерген Еркінбек Тұрысов тек Шымкенттің ғана емес, қазыналы, қатпарлы Қаратаудың қия-құзынан қанат қомдап, Алаш аспанында еркін самғаған мұзбалақ қыранға айналған.
Еркінбек Тұрысов шығармашылық жолында қазақ халқының небір жақсыларымен, жайсаңдарымен, шешендігімен, қарымды қаламгерлігімен тұтас еліміздің биік тұлғалары атанған Сәбит Мұқановпен, Жәрдем Тілековпен, Шерхан Мұртазамен, Әзілхан Нұршайықовпен, Қалмұхан Исабаевпен, Рахманқұл Бердібаевпен тағы да басқа айтулы ақын-жазушылармен, ғұлама ғалымдармен дәмдес, дастархандас болып, олармен әдебиет майданында пікір таластыра отырып, классиктердің қазыналы ойларын өз бойына сіңіруі жазушылық өнердің биігіне көтерілуіне көп көмегін тигізді.
…Жазушы – ең алдымен елдік мұраттың жыршысы. Қазақ сияқты тағдырлы ұлттың ұлы болу үшін және сол елге алғаусыз қызмет ету бақыты бұйырған жазушы болу үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Қазақ халқында парыз бен қарыз туралы түсінік дәстүр мен туған топыраққа деген адалдық жайлы ұғымдар ықылым заманнан бері қалыптасып, атадан балаға мұра болып келеді. Әр ұрпақ осы сұрыпталған қазынаға ие болу арқылы өз кезеңін нұрландырып отырады. Өмірге, туған ел мен жерге деген философиялық таным-түсінік пен жылы көзқарас та бізге атаның қаны, ананың ақ сүтімен дарыған десек, Еркінбек Тұрысов өз туындыларында осы міндетті айқын сезініп, оны шығармашылығының негізгі нәрлі тамырына айналдыра алған.
Жазушы қаламынан туған «Қыран тауы», «Құралай жолы», «Түндер сазы» «Қош, көгілдір керуен», «Қайран Сәкен», «Кемеңгерлердің керуені», «Нұржаудың нұрлы түндері», «Алыста қалған», «Досовтың соңғы күндері» секілді дүниелердің бәрі біз үшін құнды. Өзінің ғажайып таланты, асқан еңбекқорлығы арқасында халқына қалтқысыз қызмет еткен, көркем сөздің шыңына шығып, кейінгіге мәңгі өлмес мұра қалдырған қаламгерді құрметтеу – біздің абыройлы міндетіміз деп танимыз. Келер ғасырда да кемелдене беретiн оның мұралары тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз бақытына айналары даусыз. Өйткенi, Е.Тұрысов қаламының құдiретi оның елге, сол елдің тарихы мен танымына деген шексiз махаббаты мен сенiмiнде жатыр. Осы бiр ақиқатты сезiну жазушы оқырмандарына, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттiң iргесiн нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жiгер қосады.
Осыдан бес жыл бұрын жазушы өзінің сексен бес жылдығында «Негізі, өмір барда адамның мақсаты таусылмайды. Мынау көзіміз көріп, жүрегіміз соғып тұрғанда қолымыз қалам ұстауға жараса мен жазудан жалықпаймын. Сондықтан болашақта еліме өзге де тың туындылар сыйлаймын деген мақсат жоқ емес», – деген болатын. Одан бері де Ерекең қаламын қолынан тастаған емес. Қазақ қоғамының белсендісі. Бүгінгі күнгі мәселелердің көпшілігін көтеріп, соны жүрегінен өткізіп, айта біліп жүрген абыз. Қарт қаламгер әдебиет әлеміндегі тынымсыз тірлігінің арқасында бүгінде шығармашылықтың шырқау биігіне шығып отыр. Өмірдің сан алуан салалары мен қоғамдық құбылыстарын шынайы суреттеп, жиырмадан астам кітап шығарды. Қазақ әдебиетінің ақсақалының әлі де айтары, жазары бар…
Мақала соңында өткенге тағы да бір сәт шегініс жасағым келіп отыр. Жоғарыда айтылған «Менің университетім» атты эссесінің соңында КазПИ-де оқып жүргенінде Мұхтар Әуезовтің тоқсан минуттық лекциясына қатысқанын айтады.
«…Ал, мен сол бес жылды тағдыр еншiлеген тоқсан минутта тауысып, тоқсан минуттық Әуезов университетiн тауысып, ұлы кемеңгерден бiр өмiрге жетерлiк жолдамамды алып келе жатқандаймын. Рухани дипломым, тозбайтын, сарқылмайтын өмiр дипломым қойнымда емес, жүрегiмде.
Көңiл құсы биiкке, тым алысқа шырқайды. Ендi мен КазГУ-ге түспей, КазПИ-де жүргенiме өкiнбеймiн. Көрдiм ғой, тыңдадым ғой, оны. Бес жыл мен тоқсан минут айырымы қайсы. Тәттiге адам тоймайды», – дейді өзінің әсерімен бөлісіп. Ол Әуезовтей ғұламадан алған рухани әсер еді… Сол тоқсан минуттық лекция тоқсандағы Ерекеңе әлі де күш-қуат, қайрат, шығармашылық шабыт, өмірлік бағыт болып келеді… Қайран тектілік, қайран кемеңгерлік-ай десеңізші…

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support