- Advertisement -

Жалғыздық, сені қайтейін!

198

- Advertisement -

Күнделікті күйкі тіршіліктің өзінен ой түюге болады. Алматының іргесіндегі Іле ауданына барғанымда Қарлығаш есімді бейнетқор әжейді көргенім бар. Ертелі-кеш тыным таппайды. Бір байқағаным, ол әр жексенбі сайын үлкен базарға барады екен. Бұл оның бейнеттің зейнетін көретін шағы ғой, бірақ неге бір тыным таппайды? Осыны білмек болып, бейтаныс әжеймен танысып, бір күн қасында жүріп, қолғабыс етпек болдым. Ондағы ойым – зейнеткерді қартайғанда еңбек етуге мәжбүр еткен тағдырын білу.
Таңмен таласа тұратын Қарлығаш əже қараусыз қалған жердің шөбін орып, жинап алады. Кейде ағаштан түскен жапырақтарын жинап, қояндарына қорек етеді екен.
– Жер-Ананың берері мол. Бірақ, көп адамдар оның қадірін түсінбейді. Мен сияқты бейбақтар үшін бұл – жер қойнауындағы байлықпен тең! Шөпті жұлып емес, орып аламын. Тамырына зақым келмесе, күні ертең бұл жерге қайтадан шөп өсіп шығады, ұрпақ жалғастығы тəрізді. Осылайша, күндегісін күнде қояндарыма апарамын. Құр жатқаннан гөрі, пайдасы молырақ! – деді әжей бір күні менің сырттай бақылап жүргенімді аңғарып, қасына шақырды. Осынысы арқылы әңгімеге ыңғай танытқанын аңғарғаннан кейін бе әлде әуестік жеңді ме «қоянды немерелеріңіздің қызығы үшін асырап жүрсіз бе?» деп сұрадым.
– Шалым ерте кетті. Бала сүймедік. Қазір қарайласатын немере де жоқ. Отағасы кеткен соң, баспанамнан да айрылдым. Содан бері жиырма жыл бойы өзгенің үйін паналап келемін. Қайсібіріне сиямын? Кім жақтырсын? Жылда жаңа қоныс іздеуге тура келеді. Былтырдан бері ан-о-о-о-у
үйде тұрамын. Бір бөлмені жалға алғанымын. Ай сайын зейнетақымнан бір бөлігін пәтерақыға беремін. Үй иелерінің қабағы ашық болсыншы деп, шаруаларына көмектесемін. Бірақ, арамыздан ала мысық өтті ме, қайдам? Күнде ұрыс, жанжал. Аядай бөлмесіне де сыймайтын түрім бар. Сол үшін күні бойы далада жүріп, үйге қонуға ғана барамын. Тамақты да бірге отырып ішпеймін. Масыл болғым келмейді. Басыңда баспанаң болмаса, ешкімге де керек емессің, – деп күрсінді әжей.
Көңілсіз ой иектеді. Әжейге керектінің бәрін беріп, көмектескім келді. Бірақ, дәл сол сәтте осы қария секілді дәрменсіз екенімді ойладым. Әкімдіктен жер сұрап, бір-екі бөлмелі үй салып алсам деп армандайды екен. Оған қырық мың теңге зейнетақысын қалай жеткізсін? Қоян, тауық асырап жүргені де содан шығар?! Сатсам, аздаған ақша болар деп үміттенеді-ау, шамасы… Кейбіреулер миллиондарын қайда шашарын білмей жүр. Ал қария бір баспанаға зар. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы-ау, сірә.
– Кезінде Қоянқұста (туған жері) бұлақ суына талай шөлімізді қандырдық қой. Ол кездері су да, тағам да таза еді. Қазір бəрінде қоспа бар. Заманға сай тағамы да зиянды, адам пейіліне сай ауа-райы да құбылмалы. Е-е-е, қызым, сенің алдыңда заман бұдан да қалай болар екен? Оқыған-түйгенің бар, бəрін сезетін шығарсың?
Алматы жақтың ауа райы құбылмалы келеді емес пе?! Кешқұрым соқыр жаңбыр себелеп, үйге асықтық. Бар ойым қарияны үйіне жеткізіп салу. Қапшығын арқалап үнсіз келемін. Бір кезде бағанадан бері көмейіме тығылып, сан мәрте сұрамақ болған сауалымды қойдым.
– Байқағаным, сізге қол ұшын созғысы келетіндер бар секілді. Бірақ, олардың көмектескенін қаламайтын сияқтысыз?
Әжей жай ғана езу тартып, миығынан күлді.
– Дұрыс байқаған екенсің. Ешкімге масыл болғым келмейді. Дүниеде жақсы адамдар бар. Барлығын өзім істегенді жақсы көремін. Тек мына қу кəріліктен аяғын ақырын басады демесеңдер. Енді баспанама күн суымай кіріп алсам екен деймін. Ол да бір арман боп қалмаса болды…
Қариямен қимай қоштастым. Қайтар жолда көргендерімді сараптадым. Жол жиегіне бір сəт тоқтап, қойын дəптеріме керектерді тізе бердім. Қазақ əйелінің қайсарлығына кезекті мəрте қайран қалдым. Қартайса да қажыры мұқалмаған екен…

Арай Жұматай,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың студенті.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support