- Advertisement -

Құрдасым еді, қимасым еді…

277

- Advertisement -

Берден Байқошқаровпен мектепте бірге оқып, институттағы студенттік жылдарды да бірге өткіздік. Жоғары оқу орнының дипломы қолымызға тиген соң ол – Таласқа кетті, мен – Құланға жол тарттым. Үзбей араласып, облыста өтетін жиналыстарда кездесіп, шүйіркелесіп жүрдік.
Көп ұзамай Берден директор, одан кейін екінші хатшы, атқару комитетінің төрағасы болды да, Қордай аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Бірінші хатшы болған кезде Бердекең 37 жаста еді. Ол өте іскер болды. Қордай ауданының көрсеткішін жоғары деңгейге көтерді. Ауданның қай саласы болса да өрлеп, облыста ұзақ жыл бірінші орында тұрды.
Мектепте, институтта бірге оқыған досымның жетістігіне сүйсініп, іскерлігін бағалай білдік. Аракідік кейбір өткір, жайсыз мінездерін көзіне айтып, жақсылық жағына бейімделуіне септестік деп ойлаймын. Әрине, жақсы мінезі, үлгілі істері өте көп еді.
Берденнің Қордайда бірінші хатшы болып тұрған кезі. Чевченко деген кісі қарауында кеңшар директоры екен. Бір жиында сол Чевченко малшылар жекеменшік атына, жекеменшік қойына жемшөп жегізеді. Ол үшін малшыларға ақша төлету керек деп ұсыныс айтады. Содан бірер күн өткеннен кейін Берден Байқошқаров әлгі директорды көлігіне мінгізіп алып, бір шопанның үйіне түседі, қонақ болады. Шопан етті асып, дастархан жайып, жаны қалмай күтеді. Содан ас желініп, бата берілгеннен кейін Берден әлгі кеңшар директоры Чевченкоға бұрылып:
– Ал директор жолдас, ас іштіңіз, ет жедіңіз, ақшасын төлеп кетпейсіз бе? – дейді. «Бердеке, менің қалтамда ақшам жоқ еді» деп анау директордың шыр-пыры шығады. – «Райком» келсе, директор келсе, етін асып, барын дастарханға салып күтетін – малшылар. Шопанның сый құрметін көреміз, берген жылы- жұмсағын жейміз. Сөйтіп, қойшының бір аты мен 5-10 қойы жеген шөптің құнын даулаймыз. Бұл не сонда? – деп директорды сол жерде әбден ұялтады. Содан әлгі Чевченко шопандар жекеменшік малының жемшөбіне ақы төлесін деген ойынан қайтып, жуасып қалған екен.
Тағы бірде облыстық деңгейдегі үлкен жиналыста Берден Байқошқаров пен Сейфолла Қожаханов малшылардың айлығына қосымша ақы төлеу жөнінде ұсыныс айтады. «Біз өзіміз іссапарға шықсақ, жолсапарымызға ақша төленеді. Ал малшылар күн сайын уақытпен санаспай, мал соңында жүрген адамдар. Оларға неге қаржы төленбейді?» деп Байқошқаров батыл сөйлегені бар сол жиында. Содан кейін малшылардың айлығына 40 пайыз көтерме ақша қосылған екен. Міне, Берденнің еңбек адамдарына деген жақсылығы, шапағаты осылай көрініс беріп жататын.
Кейіннен ол 4 жыл бойы Байзақ ауданындағы «Чапаев» кеңшарына, мен осы ауданның «Ровный» кеңшарына қатар директор болып бірге қызмет атқардық. Ол «Чапаевты» да біраз көтерді. Еңбек адамдарын жаңашылдыққа тәрбиелеп, алғаш шаруа қожалығын құруға да бейімдеді. Сол ауылдан Мұхамеджан Тазабеков секілді айтулы айтыскердің шығуына ықпал етті. Екеуміз ауданның, облыстың жиналыстарына бірге қатысып, ауыл шаруашылығы мәселелерін бірге талдап, талқылап жүрдік. Құрдас болған соң әзіліміз, замандас болған соң сөзіміз жарасушы еді.
Ауылынан мешіт салдырып, оған Дінмұхамед Қонаевтың есімін берді. Сол имандылық үйінің ашылуында да бірге болып, Бердекеңе ақ тілегімізді арнағанбыз. Бірер жыл бұрын ғана 80 жылдығын бірге атап өтіп едік. Зайыбы Сабира – азаматтың бағасын биіктете білген, жақсы адам. Берденнен тараған ұл-қыздардың да өнегелі, үлгілі істермен ғана аты шықты.
Берденді Қордайы да ұмытқан жоқ. Осыдан 2-3 жыл бұрын оған «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Оған Берден – лайық!
Құрдасым, өмірдің барлық жолдарында бірге жүрген досым Берден Байқошқаровтан былтыр көз жазып қалдық. Оның отбасына, оны жақсы көрген ел-жұртқа жақсы сөз айтқым келеді. Алла ел деп еміренген Берден құрдасымның мәңгілік мекені жәннаттан болуын нәсіп етсін деп тілеймін!
Қош бол, аяулы дос! Сен ешқашан ұмытылмайсың!

Шолпан Дәуітов,
Байзақ ауданының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support