- Advertisement -

АНАНЫҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА, АЛ ДӘРІГЕР көңілі далада ма?

107

- Advertisement -

Бүгінде кез келген қоғамдық орын мен көлік ішінен аяғы ауыр әйелдерді жиі кездестіреміз. Сосын «шүкір, еліміздің демографиялық ахуалы жақсарып келеді» дейміз. Алайда, осы аяғы ауыр келіншектердің барлығының да бауыр еті балалары – бауырында, өздері де дін аман дей алмаймыз, өкінішке қарай.
Нақты деректерге жүгінер болсақ, биыл облыста 9 ай ішінде 1 жасқа дейінгі 133 нәресте шетінеген. Былтыр осы мерзім аралығында бұл көрсеткіш 180 болған. Тірі туылған шақалақтар саны биыл 16232 болса, өткен жылы 17461-ді құраған. Ағымдағы жылдың 9 айында есепке алынған жүкті әйелдер саны – 14299, 2016 жылы – 12149 болыпты. Биыл 3 ана өлімі тіркелген. Оның біреуі облыстық перинаталдық орталықта, екеуі облыстық ауруханада орын алған.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалық етуімен өткен кезекті аппараттық кеңес «Ана мен нәресте өлімін төмендету бойынша атқарылып жатқан шаралар және денсаулық сақтау ұйымдарын мамандармен қамтамасыз ету» мәселесіне арналды.
Аталмыш тақырып бойынша хабарлама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов ана өлімі фактілеріне орай тексеру жүргізіліп, екі жағдайдағы қайғылы оқиғаның ауруханада алдын алудың еш мүмкіндігі болмағанын алға тартты. Қыркүйек айында болған үшінші ана өліміне байланысты тексеру жұмыстары әлі де аяқталмаған.
Басқарма басшысының хабарламасын мұқият тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы:
– Марат Сейтбекұлы, сонда сіздіңше бұл жерде дәрігерлердің еш кінәсі жоқ па? Басында осы мәселемен өзім тікелей айналысамын дегенде, сіз «Жоқ, өзім бәрін анықтаймын, кінәлілерді жазалаймын» деген болатынсыз. Сондағы анықтағаныңыз осы ма? Кінәлі тек әйел адамы ма? Сол әйел өзіңіздің қызыңыз, қарындасыңыз немесе жарыңыз болса көрер едім! Ал сіз әлі тексеру жүргізілуде деп жайбарақат отырсыз! Бұл немқұрайды қарайтын мәселе емес! Сондықтан сізге қатаң сөгіс! – деді.
Ал Марат Жұманқұлов бұл мәселеге байланысты медициналық көмек көрсету барысында жіберілген кемшіліктер үшін облыстық перинаталдық орталықтың, Шу қалалық емханасының, Шу қалалық ауруханасының бас дәрігерлеріне жаза қолданылғанын, қайтыс болған әйелдерге Алматыдан дәрігерлер шақыртылып, қолдан келген барлық шаралар жасалғанын айтты. Дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру үшін шетелдік мамандар шеберлік сағаттарын өткізіп, алдағы уақытта литвалық дәрігерлерді шақыртып, тәжірибе алмасу жоспарда бар екенін алға тартты.
– 9 ай ішінде 133 нәресте жарық дүниені көре алмай кеткен. Республикада нәресте өлімі бойынша облысымыз тоғызыншы орында. Мемлекеттің басты капиталы – адам және оның денсаулығы. Сонда біз бәріміз мұнда не істеп отырмыз? Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен болғанымен, жақсы көрсеткіш емес.
Мен жақында Мойынқұм ауданының 1200 тұрғыны бар Ұланбел ауылында болдым. Ондағы мектеп, балабақша, санитарлық-дәрігерлік амбулаторияға басқарма басшыларының біреуі аяқ баспаған. Екі қабатты амбулаторияның жоғарғы қабатында тіпті терезе де жоқ. Өздерің сол жерге барып дәрі ектірер ме едіңдер? Жоқ, әрине. Неге шалғай елді мекендерді орынбасарларыңмен кезектесіп аралап, жағдайымен танысып шықпайсыңдар? Ондағы қордаланған мәселелерді маған келіп айтып, шешу жолдарын қарастыру үшін ұсыныс айтпайсыңдар? Облыстағы 373 елді мекенді тек өзім ғана барып көруім міндетті ме, әлде? – деді облыс басшысы.
Марат Сейтбекұлы өз кезегінде елді мекендерге барып, жағдаймен танысып тұратындығын, ол үшін арнайы жоспар түзілгенін айтып, ақталды.
Одан әрі денсаулық сақтау ұйымдарын мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталған басқарма басшысы өткен жылы облысқа осы салаға 99 жас маман, биыл тоғыз ай ішінде 100 жас маман келгенін атап өтті. Бір қуантарлығы, былтыр жас мамандарға бөлінетін қаржы көлемі 300 мың теңге болса, биыл облыс әкімінің ұсынысымен жергілікті бюджеттерден қаралған көтермеақының көлемі 800 мың теңгеге дейін ұлғайған.
Басқарма басшысы одан әрі облыс әкімінің санитарлық авиацияның ахуалы, денсаулық сақтау саласының БАҚ-пен байланысы туралы сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берді. Аппарат жиынын қорытындылаған Кәрім Нәсбекұлы:
– Біздің басты байлығымыз – адам өмірі. Перзентхана төсегінен тұра алмай, жантәсілім еткен ананың артында қалған балаларын көз алдарыңызға елестетіңіздер. 9 ай құрсағында жүріп, асыға күткен нәрестесінен айырылған әйелдің жағдайын ойлап көріңіздер. Ұлт саулығы үшін қызмет етіп жатқан бірден-бір басты басқарма екендеріңізді ұмытпаңыздар! Әрбір аудан әкімі де осы мәселеге баса көңіл бөліп, назардан тыс қалдырмасын! – деді.

Эльвира Жарылқасынова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support