- Advertisement -

Алғашқы өнімін Астанаға жіберді

94

- Advertisement -

Жуалы ауданында кеңестік кезеңде картоп
3 мың гектардан астам алқапта өсірілетін. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасындағы экономикалық қиындықтарға байланысты бұл шаруа тұралап қалды.

Жуалылық егіншілер кейінгі кезде бұл істі қайта жандандыру жолында елеулі игілікті шараларды қолға алып, жүзеге асыруда. Биыл ауданда «екінші нан» 2200 гектар алқапқа орналастырылды. Дақылдан жыл сайын тұрақты, жоғары өнім алып жүрген агроқұрылымдар да аз емес. Солардың бірі – «Зылиха» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Керімқұл Бегалиевтің істі дұрыс ұйымдастыруы нәтижесінде мұнда ауыз толтырып айтарлықтай игілікті шаруалар атқарылуда. Биыл мұнда картоп 80 гектар алқапқа орналастырылған. Қазір мұнда 40 гектардан астам алқаптың өнімі жиналып, әр гектар қайтарымы 250 центнерден айналуда.

– Бүгінде біз картоптың «Невский» және «Латуна» сұрыптарын өсірудеміз. Бұл тұқымды 2011 жылы Голландиядан әкелген болатынбыз. Ол жерімізге жақсы жерсінді. Бес жылда өсімдіктің осы сұрыптарынан мол өнім жинаудамыз. Биыл көктемде оның тұқымын бізден алған шаруашылықтар да жақсы жетістікке жетіп отыр. Ағын судан да тапшылық көрмедік. «Көксай» каналының суы бізге, жер емген дихандарға жақсы болып тұр, – дейді қожалық жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев.
Алқап басында да қызу жұмыс. Бас-аяғы 35 адам маусымдық жұмысқа тартылған. Оларға еңбекақыға күніне 1800 теңге және бір шелек картоптан берілуде. Ағайынды тракторшылар Өмірбек пен Жұмахан Сайдовтар картоп қазса, оны жүргізушілер Самат Дәулетбаев, Рәпіл Нарбаев пен Бақтыбай Әбішев көліктеріне тиеп, бірден орталық қоймаға жеткізуде. Іріктелген өнімнің бір бөлігі сатылымға шығарылуда. Агроқұрылым алғашқы өнімін Астанға жөнелткен.
Мұндағы жұмыс бұрынғыға қарағанда біршама жеңілдеген. Бұрын жұмысшылар түйнектерді арнайы тор ыдысқа жинайтын болса, қазір контейнерлерге салуда. Жиын-терін жұмыстарын сәтімен үйлестіріп отырған шаруашылық агрономы Данияр Байбатыровтың айтуынша, маусымдық жұмысқа тартылғандар негізінен аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары. Дені – әйелдер. Олар күніне 3-4 гектардың картобын жинайды.
Ал шаруашылық басшысы К.Бегалиев: «Өңірімізде голландиялық картоп тұқымын егіп, өсіру тиімді. Оның тұқымы кемі бес-алты жыл өнім береді. Осы орайда Үкімет пен жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетіліп, қызылшашылар секілді картоп өсірушілерге де субсидия берілсе… Мұның өзі бізге жоғары өнімді тұқым алуымызға мүмкіндікті молайтар еді», – дейді.
Қожалықтың қоймасында да жұмыс қызу өрістеуде. Онда 15 жұмысшы картоп сұрыптауда. Олар ауа райы қолайлы болса, науқанды өнімін он күнде тәмамдауды көздеп отыр.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support