- Advertisement -

Құрылыс қарқыны төмен

95

- Advertisement -

СОНДЫҚТАН ОЛ ҮНЕМІ бақылауда ұстауды ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен Шу ауданында болды. Өңір басшысы аймаққа жұмыс сапарын халықаралық тауар айналымы белсенділігін арттыруға септігін тигізетін және интеграциялық экономикалық үдерістер ауқымын кеңейту есебінен серпінді экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін еліміздегі алты экономикалық аймақтың бірі – «Тараз химиялық паркінің» бүгінгі құрылыс жұмыстарының барысымен танысудан бастады.
Бұған дейін облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша «Тараз химиялық паркінде» күш-жігер ішкі кәсіпорындардың құрылысын белгіленген кестеге сай сапалы жүргізуге жұмылдырылған болатын. Сонымен бірге, мегажобаны белгіленген мерзімде жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызатын химиялық парктің ішкі инфрақұрылым жүйесінің құрылысын тездетіп жүргізуді де тапсырған еді. Алайда, өңірдегі химиялық кластердің орталығына айналады деп күтілген арнайы экономикалық аймақты өз көзімен көріп қайтқан облыс әкімі ондағы жүргізіліп жатқан жұмыс қарқынына көңілі толмайтындығын айтып, мердігер компаниялардың сылбыр жұмысын сынға алды.
Өз кезегінде химиялық паркке инфрақұрылым тартуға жауапты мекеме өкілдері мұндағы жолдардың қазан айының ортасына дейін аяқталатынын айтады. Осыған байланысты облыс әкімі өз орынбасары Тимур Жанке мен облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбековаға экономикалық аймақтағы құрылыс жұмыстарының қарқынын бақылауда ұстап, жұмыстың уақтылы орындалуын қадағалауды тапсырды.
Бұдан кейін Кәрім Нәсбекұлы жуық арада табиғи газбен жылытуға көшетін Шу қаласындағы орталық қазандықтың жылыту маусымына әзірлігін көзбен көрді. Байқағанымыздай, мұндағы КЕ-25/14С маркалы бу қазанын газбен жұмыс істейтін қазандарға ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
– Жыл соңына дейін табиғи газбен жылытуға көшетін нысанды қайта жаңғырту жұмыстарына 256 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазандық 1 желтоқсаннан бастап табиғи газды пайдалана бастайды деп жоспарланып отыр. Дегенмен, қайта жаңғырту жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығын ескерсек, қазандық табиғи газға қараша айының 15 жұлдызынан бастап көшуді қолға алмақ.
Ал жылыту маусымын қазандық әзірге қатты отынмен бастайды. Мұндағы көмірдің қоры да жеткілікті. 50 миллион теңгеге 3200 тонна көмір алынды, – дейді «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның директоры Руслан Көккөзов.

Ерғали қартайған,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support