- Advertisement -

Шыңдағы Шерағаң

214

- Advertisement -

«Дүниеде не жаман? Бүлінген жаман. Іргеңді сөгіп, қабырғаңды қақыратып, шаңырағыңды ортаңа түсіретін сол. Ауызбірлік кеткенде солай болады. Бүтінделе аласың ба, содан кейін. Жағаласқан қол, жыртылған жаға, қалған көңіл қашан келеді орнына. Ұмытылмас азабы мен шері бар ғой оның. Бір-бірімізге кекті көзбен қарап, сумаңдатып сұқ саусақты кезесек, қараулық жасап, қарадай қауып тастасақ өзіміз өксіп, артымызда келе жатқан ұрпақ опынбай ма, күні ертең. Қасіретін әдебиет шегеді. Осыны ойламаудан емес пе, Жүсіпбек, Мағжан, Ілияс, Бейімбет, Сәкендердің опат болғаны. Олардың обалы кімде? Жалғыз Қызыл өкіметтің қанды қолы ма? Қанды қол қазақ ақын-жазушыларының қайсысы қандай екенін қайдан білетін еді, егер қазақ ақын-жазушылары қатар жүрген қандасына қалың етіп қара күйе жағып, қаздай тізіп бермесе. Сол арыстар ең құрығанда 60 жасқа аман жетсе қазақ әдебиетінің қазынасына қанша шығарма қалдырар еді».

Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан МҰРТАЗА.

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы.

2012 жылғы қыркүйектiң соңында Таразда және Жуалыда Шерхан Мұртазаның сексен жасқа толуы дүрiлдеп-ақ өткен. Тараздағы конференцияның соңында саңлақ суреткерiңiз сәл бiртүрлiлеу сөйлеген. Бiраздан берi сырқаттанып жүрген. Алашына алғыс айтып алып, күлiмсiрей күрсiнген. «Менi Шолпан жұлдыз, таңғажайып Таңшолпан шақыратындай кейде. А, бәлкiм, Шолпан Кебiске мiнiп кете барармын…» деп жұртшылыққа шүйiле қарап, шамырқана аяқтаған. Шерағаң…
Биылғы 28 қыркүйекте халық жазушысы, ұлтының сүйiктi суреткерi Шерхан Мұртаза 85 жасқа толады. Соңғы үш жылдай уақытта Шерағаң көрiнбей кеткен. Әттең, тонның келтесi-ай. Денсаулығына байланысты қоғамымыздан да, адамыңыздан да, заманыңыздан да шеттеп қалған.
Жұрт жиi-жиi сұрайды. Iздейдi. Аңсайды. «Уа, Шерхан қайда?!» Дейдi. Шiркiн, Шерағаң шаңқ етiп бiр көрiнсе!» Дейдi. «Қатты сырқат екен ғой». Деседi. Бәзбiр басылым беттерiнде кiтапқа қарап, түнерiп отырған суретi жарияланады. «Қайран, Шерхан…» деп шыр-пыры шығатындар бар. Табалайтындар да табылар. Пендемiз ғой. «Шерханға барып тұратындар бар ма екен өзi?» Дейдi. «Неге болмасын, көп шығар». «Шерағаңның шығармаларын, кiтаптарын қайта-қайта баса бермей ме осы? Сағындық қой!» Деседi.
Үш күз бұрын демеушiлер тауып, «Манкент» шипажайында демалдырғанбыз. Екi күз бұрын қызы Алмамен бiрге Сарыағашта емделген. Екi-үш кiсiмен арнайы барғанбыз. Инсульттiң ауыр түрiнен мұқым-мүлде өзгерген екен. Оқта-текте «Кiмсiң-ей?!» деп қояды. Айтасың. «Аһ! Бәсе!» Дейдi. Жеңiл ғана жымиып.
Биыл бұрынғыдан да нашарлаған сияқты. Сезiледi. Алайда, арыстың аты арыс! Барыстың аты барыс! Барысхан – Шерхан Мұртаза өлiм мен өмiрдiң арасындағы арасатта да қыңқ етпес қылығын танытатындай. Ұлт ұстынының миында, жүрегiнде, жанында былайғыларға бiлiнбей-ақ алапат арпалыстар жүрiп жатыр-ау. А, бәлкiм, ол әуе қайығы сынды Шолпан Кебiстемiн деп ойлайтын болар. Ақиқатын Алла бiледi.
Хабарласқан сайын қызы Алма: «Бiрқалыпты. Кейде тысқа шығып серуендейдi. Сәлемiңiздi жеткiземiн» дейдi.
Әттең-ай, әттең! «Қазақ көркемсөзiнiң көшбасшысы, қазақ көсемсөзiнiң қолбасшысы» атанған Алаш асылының ерендiгi «Еңбек Ерi» атағына әбден-ақ лайық едi-ау. Дейсiң-ай. Кемеңгер суреткерiңiз Әбiш Кекiлбаев айтқандай-ақ, «қоғамдық сананы серпiлткен», «қазақтың қауымдық түлеуiн» қамтамасыз еткен, «ұлттың жаппай оянуына, жаппай сергуiне, жаппай сiлкiнуiне» «әлеуметтiк мергендiгiмен» теңдессiз еңбек сiңiрген Мұртаза ғой ол!
Шерхан Мұртаза!
Ол – ұлт ұстазы. Ұлт ұстыны. Ондай жазушы сирек. Ондай журналист аз. Ондай газет редакторы, журнал басшысы жоқ. Ондай Парламент депутаты болды ма? Әй, қайдам… Әулие жанр әңгiмедегi Шерхан – шың-құз. Хикаяттар әлемiндегi, романдар дүниесiндегi Мұртазаның мұнаралары мұнтаздай мұзарттар мәнзелдес. Парасатты публицистикасының мәндi өткiрлiгiне, эсселерiнiң мәнiстi көркемдiгiне жете алғандар да жоқ-ау… Де-е-еп жазармыз-ай. Күндердiң күнiнде Шерағаңның Шолпан Кебiсi төңкерiлiп түссе. Теңбiл торғайы шырылдай құласа…
Шерағаң өмiр бойы өрге жүзiп, ұлт мүддесi үшiн, қазақ қамы үшiн, алаш абыройы жолында жан күйдiре жұмыс iстедi. Мұртазаның ұл-қызын тәрбиелеуге титтей де уақыты болмады. Шерағаң – ұлт тәрбиешiсi. Шығармалары да.
Иә, Шерағаң шыңда жүр. Барыс биiкте өмiр сүредi. Ауырғанда аяушылық күтпестен, жарасын жалап қана, үн-түнсiз жатады. Шыңда. Сонда қалады. Солай, ағайын.

* * *

«Парижде болдым – Париж түсiме кiрмедi. Мысырда болдым – Мысыр түсiме кiрмедi. Қытай, Моңғолстан, Үндiстан, Пәкістан, Иран бардым – олар да түсiме кiрмедi. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсiмде көрмедiм…
Түсiме күн сайын Мыңбұлақ кiредi. Түсiмде ылғи Ақсу-Жабағылыны көремiн» деп жазады Шерхан Мұртазаңыз.
Осыдан бiраз жылдар бұрын «Егемен Қазақстанда» «Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем…» деген дүниемiз жарияланды. Мемлекеттiк ұлттық парк қой. «Сайрам- Өгем дегенде, Сайрам-Өгем: Қайғы-уайым шектiң бе, қайран Өгем?! Садақ қадап Сайрамға шапса жауың; Қашанғыдай құйылар қайдан өлең…» дейтұғын ән шумағы сақталған ел жадында. Мақалада соны келтiргем. Шерағаң оқыпты. Алғаш Астанада, сонсоң Таразда ұшырасып қалғанбыз. Оң жақ қасын құс қанатындай қайқита қарап: «А-а-ал, Ақсу-Жабағылыны қашан жазасың?» – деген. Кейiнiрек Кенен тойында кездескенде үшiншi мәрте қабақ шытыңқырап: «Ақсу-Жабағылы қайда-а-а?» – дедi. Сол жақ қасын қайқыласа, қаһары қатая түседi. «Ойпырай, осы кiсi Ақсу-Жабағылыны түсiнде көбiрек көрiп жүр екен-ау», деп түйгенбiз. Келесi көктемде «Егемен Қазақстанның» тұтас бетiне «Ақсуым – арымдай, Жабағылым – жанымдай» деген жазбамыз шықты. Жазға салым Тараздағы «Баласағұн» сарайына кiреберiсте кездестiк. Тiстерiн түгел көрсете күлiп, қолымды қатты қысып, тiптi алысып ойнағысы келгендей кейiп танытты. «Оқыған екен ғой, оқыпты ғой» деп ойладым. Сұрамаққа ұмтылып-ұмтылып, батпадым. Шынымен-ақ Шерағаңның күреске түскiсi бар. Айнала- төңiректегiлер аңтарыла қарайды.
«Кейде менiң бала болып кеткiм келедi. Өзiм құралпы, өзiмнен кiшi, көңiлi жақын жандармен алысып-жұлысып, күресiп-белдесiп ойнағым келедi. Кейде тiптi ауылға барғанда, кiшкентай балалармен кәдiмгiдей асыққа таласқым кеп кетедi. Жатып алып ойласам: мұның бәрi өмiр заңының бұзылуынан екен. Егер балалық дәуренiң шала болса, сол жетiспей қалған сыбағаңды кейiн есейгенде аңсап тұрасың. Ал, жалпы қай жаста болсаң да кей-кейде бала болып, балалық шаққа оралғанның ерсiлiгi жоқ па деймiн. Сәби шағын мүлде ұмытып кеткендер, артына бұрылып бiр қарамағандар – тегiн бiлмес топастар ма деп қаламын. Олар туған анасын да, Отанын да тез ұмытып кететiн опасыздар сияқтанады да тұрады» деп жазбаушы ма едi Шерағаң?!
«Баласағұн» сарайына балаларша қол күрестiрiп, алақан айқастырып, «алыс-жұлыспен» рахаттанып кiргенбiз.
Өзiмше, iштей масаттана мазаттанып: «Ақсуым – арымдай, Жабағылым – жанымдай» деген тақырыбым ұнаған екен-ау, ұнапты-ау. Деп қоям. Соншама сұсты, соншама сестi сезiлетiн сұрапыл сөз иесiнiң қасында қатарласып, қалың жұртшылықтың көз алдында бабаң атындағы бас ғимаратқа ерекшелене енесiң-ай. «Ақсу-Жабағылы қалай екен қазiр?» дейдi әлденуақта Шерағаң, шекесi терши түсiп. Шәй iшiп отырғандай жiпсiп.
Ақсу-Жабағылы деген сөздi айтқанда ше, Шерхан Мұртазаңыздың мұқым-мүлде мейiрленiп, мерейленiп, жұмсарып, жiбiп сала беретiнiн байқамауыңыз мүмкiн емес.
Шерхан Мұртаза. Шерағаң. Ақсу-Жабағылы. Тәңiртау.
«Бiз Шерханмен бiр жерде туып-өстiк. Бiз өзiмiздi бiр iске – әдебиетке арнадық. Мен ешуақытта жалғызсыраған емеспiн, менiң бауырым Шерхан әдебиетте әрқашан менiмен бiрге келедi, оны мен айрықша жоғары бағалаймын. Тәңiрiм, оны жаңа табыстарға жеткiзе гөр!» дейдi Шыңғыс шоңыңыз. Адамзатыңыздың Айтматовы. «Оның туған жерiн биiк-биiк таулар қоршап алған. Кiшкентай Шекер айылының төбесiнен Манас шыңы төнiп тұрады… Адамның бойы таудан аса алмас. Ал сол асқарлардан асып көрiнiп, бүкiл әлем таныған, талантына таңырқаған адам бар. Ол – Шыңғыс Айтматов» дейдi Шерхан Мұртаза.
Шерхан Мұртаза! Атынан ат үркедi. Жақсы мағынасында. Ел елең ете қалады. Есiмiнен. Ұлтыңыз үшiн ұранға айналған. Аты. Шын мәнiндегi, шынайы мәнiсiндегi халық жазушысы. «41-шi жылғы келiншек», «Бiр нәзiк сәуле», «Сол бiр күз», «Алтын тiкен», «Ақсай мен Көксай», «Интернат наны», «Шекшек шырылдайды», «Жаңбырлы той», «Сусамыр», «Соғыстың соңғы жесiрi», «Тарпаң», тағысын-тағы әлемиеттiк әдiптегi әңгiмелерiмен-ақ көркем әдебиетiңiздiң кенеркөгiн кеңейткен көркемсөз иесi.
«Табылған теңiз», «Белгiсiз солдаттың баласы», «Бұлтсыз найзағай», «Мылтықсыз майдан» сынды хикаяттары повесть жанрының парасат параметрлерiн толайым-тұтас толықтырып, төрт құбыласын түгендеп тұрыпты. Бiр-бiрiне ұласып, бiрiне-бiрi ұнасып, бiрiнен-бiрi биiктеп, Ақсу-Жабағылының шыңдарындай шеберлiк шебiн құрайды. «Қара маржан» романы «кеңестiк кестелемек» кеселiне шалдықпай, шалығына шалынып қалмай, тақырыптық шылауға шырмалмай, өндiрiс проблемаларын қуып кетпей, кiсiлiктi, адамгершiлiктi алға шығара алғандығымен айрықшаланады» (Тахауи Ахтан).
Мiнекиiңiз. Ақсу-Жабағылыңыздың бастауларындай, тап-таза, тұнық тұмаларындай әңгiмелерiмен-ақ, бұлқынған бұлақтарындай повестерiмен-ақ, қасиеттi Қаратауыңыздың қайнарлы-қазыналы өзен-суларындай «Қара маржан» романымен-ақ Шерхан Мұртазаңыз – жалы күдiрейген жоталы жазушыңыз, сұңғыла суреткерiңiз, аса көрнектi прозашыңыз.
Ал ендi Шерағаңыздың «Қызыл Жебе» роман-эпопеясын алыңыз. Бiрiншi кiтабы «Рысқұл» 1978 жылы, екiншi кiтабы «Тұрар» 1980 жылы, үшiншi кiтабы «Жұлдыз көпiр» 1984 жылы, төртiншы кiтабы «Қыл көпiр» 1991 жылы, бесiншi кiтабы «Тамұқ» 1994 жылы жарық көрдi. Қай кезде, қандай кезеңдерде зерттелгенiн зерделеңiз. Қай кездерде, қандай кезеңде бәдiзделгенiн байыптаңыз. Қарағайдың қарсы бұтағы атанған, сын симфониясының дарынды дирижерi болған, арамыздан тым ертерек кеткен сыншы Сайлаубек Жұмабек өзiнiң «Жұлдызы нұрлы суреткер» атты монографиясында: «Қызыл Жебе», сөз жоқ, роман-эпопея! Суреткердiң лирикалық-философиялық прозасы осы роман-эпопеяда барлық бiтiм-болмысымен мейлiнше жарқырап көрiнген демеске шараңыз жоқ. Қазақ халқының ұлы перзентi Тұрар Рысқұловтың теңдессiз трагедияға толы өмiр жолы әрқашан халық трагедиясымен бiрлiкте қарастырылады. Қырық жылға жуық уақыт iшiнде қазақ халқының басынан кешкен зобалаңдары, аштық қырғыны, репрессия зардаптары талай-талай романдарға, роман-эпопеяларға жетiп-артылатыны белгiлi… Сонымен, қырық жылға жуық шығармашылық бейнетiнiң нәтижесiнде дүниеге «Қызыл Жебе» роман-эпопеясы келдi» дейдi.
Ойпырай, Орағаңның, Оралхан Бөкейдiң қуанғанын-ай! Десеңiзшi. Әлде «Жұлдыз көпiрдiң», әлде «Қыл көпiрдiң» қиын-қыстау қыспақтардан өтiп, әзер дегенде «Жұлдыз» журналында жарияланып жатқан кезi едi-ау. Анық есте жоқ. Ап-анық сақталғаны – Оралханның баладан бетер қуанғаны. «Қаламгер» кафесiнде шәй-пәй iшiп отырғанбыз. Көршi үстелге, үш жазушының жанына жайғасқан Орағаң иығына төгiлер бұйра шашын бiр сiлкiп, бар ындын-ықыласымен төгiле күлiп, айқайлай сөйледi. «Ай, жiгiттер, мына менi неге кешiктi дейсiңдер ме?! Айтайын ба? Шерағаңның журналға шығып жатқан дүниесiн оқып… Басымды ала алмай. Қуаныңдаршы, жiгiттер! Тұрар Рысқұлов Сталинмен әлi қайтпай қасарысып, айтысып отыр. Демек, «Қызыл Жебе» аяқталған жоқ! Жалғасса екен деп тiлеулес болайықшы!» Дедi-ау Орағаң сонда. Айқай салып. Шат-шадыман, ақжарылқап пейiлмен.
Орағаңның Шерағасына шаттанғаны көз алдымнан кетпейдi. Осыдан жетi жыл уақыт бұрын «Егеменнiң» тапсырмасымен Шығыс Қазақстанға, Алтайға, Қатонқарағайға, Шыңғыстайға барғанда ше, қарауытыңқырап, қабарыңқырап, қараусыздау қап қойған музей-үйiн көрiп мұңайдық. Алайда Орағаң Мұзтау жақтан, ақ бұлттардың арасынан жарқылдай күлiп қарады-ай. Сонда. Шерағасына шат-шадыман, пәкпейiл танытқандағыдай. Орағаң Шерағаңа арнаған екi ауыз сөзiн «… төменге қараңызшы, Аға, мен көрiнем бе екем?» деп аяқтаушы едi ғой. Осы сөздердi оқығанда демiңiз булығып, көзiңiзге жас келер. Ал Шерағаң Орағаң туралы бүй дейдi: «Сонда… Қатонқарағайға, Шыңғыстайға барғанда, алқаракөк аспанда бiр қыран биiктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрдi де қойды. Ендi биiктеп кеткен Оралхан шығар…»
Бiрiн-бiрi биiктеткен, биiктете бiлген бiртуарлар-ай. Десеңiзшi.
«Қызыл Жебе» – «Рысқұл», «Тұрар», «Жұлдыз көпiр», «Қыл көпiр», «Тамұқ» туралы сөзгер зергерiңiз, академик, жазушы Ғабит Мүсiрепов, тектi талант иесi, проза шеберi Тахауи Ахтан, академик, әдебиетшi Рахманқұл Бердiбай, Мұртазаңыздың мұғалiмi болған академик, сыншы Мұхаметжан Қаратаев, Қазақтың Қалтайы атанған Мұхамеджанов, поэзия дүлдүлдерi Хамит Ерғалиев пен Ғафу Қайырбеков, тағысын-тағылар ағыл-тегiл ақтарылып, терең тебiренiп жазған. Жоғары бағалар берген.
Осылардың барлығы, аталыңқырамай қалған тағы да талай-талайлар отыз жылдан астам уақыт бойы Тұрарды зерттеп-зерделеймiн деп, жазамын деп, Шерағаңның өзi де сол Рысқұловқа бүкiл болмыс-бiтiмiмен ұқсап кеткенiн айрықшалап атап көрсетедi. Жазушы, сыншы Тұрлыбек Мәмесейiтов «Ғибраты мол ғұмыр» сериясымен шыққан «Шерхан Мұртаза» атты монографиясында «Қызыл Жебенi» қаншама қырларынан талдай келе: «Ендi Рысқұлов – халықтiкi. Оны бiр кездерi адасып қалған халқымен қайта қауыштырып, ендi айырылмастай етiп табыстырған – Шерхан Мұртаза. Халқы ендi оны құшағынан шығармайды. Зерделi ұрпақ Рысқұловты төбесiне көтерер. Ал, зердесiз, жетесiздер болса, ненiң бағасын ненiң парқын бiлер дейсiң… Тегiнен безген ондайлардың өз обалдары өздерiне» дептi.
«Қош, Тұрар бауырым, көкем менiң! Мен сiзге дәл қазiр алпыстан жаңа асқан жасымның жартысын арнадым. Отыз жыл бойы сiзбенен қол ұстасып бiрге жүрiп, бiрге тұрдым. Отыз жыл бойы жан-дүниемдi, ой-санамды билеп, ұзақ сапарға жол бастадыңыз. Ол аса қиын жол едi… Мен торыққан кезде сiздiң рухыңыз әл-қуат бердi,Тұрар көке» дейдi роман-эпопеяның соңғы кiтабы «Тамұқтың» соңында Шерағаң.
Әңгiмелерi мен повестерi арқылы-ақ ардакүрең, аймүйiз суреткер. Деушiлер көп. «Қызыл Жебе» роман-эпопеясының өзi Мұртазаның мұнарасы, қазақ көркем әдебиетiндегi Шерағаң шыңы, ерен ерлiгi, өшпес өнегесi. Деп бағалаушылар жетiп-артылады. Аштық, ашаршылық турасындағы «Сталинге хаты», «Бесеудiң хаты» бастаған драмалық дүниелерi – өз алдына бiр төбе… Емес-емес. Тау жотасы десек жарасар. Шыңғыс Айтматовтың дүр дүниелерiн аударған тектi тәржiмандығының өзi бiр адамды қабырғалы қаламгер демекке татиды. Деп тәптiштейтiндер аз емес.
Осылардың бәрiн былайырақ қоя тұрып, теңдесi жоқ ойшылыңыз, заңғар суреткерiңiз Әбiш Кекiлбаевқа құлақ қойыңызшы. Шерағаң шығармалары «бүгiнгi жаппай оянуымызға, жаппай сергуiмiзге, жаппай сiлкiнумiзге» қалай әсер еткенiн Әбекеңнен артық айтатын адам табылмас, сiрә. «Қауымдық түлеуiмiзге» тап Мұртаза туындыларындай әсер еткен, ықпал жасаған шығармалардың түсiн түстемектiң қиын екенiне тоқталады. Мұртазаның мергендiгi әлеуметтiк мергендiк екенiн, ол дегенiңiз суреткерлiк таныммен қоса азаматтық серпiндi талап етерiн таразылап бередi. «Шерхан Мұртаза тек қаламгер ретiнде ғана емес, мәдениет қайраткерi, баспасөз жетекшiсi, редактор ретiнде де қазақтың осы заманғы қоғамдық ойын қалыптастыруға орасан зор үлес қосты» дейдi Кекiлбаев.
Әбекең осылайша ой нығайтып, алпысыншы жылдар басындағы серпiлiс тұсында суырылып iлгерi шыққан «Лениншiл жасты» және оның редакторын; жетпiсiншi жылдары рухани мәңгүрттiк меңдей бастағанда ұлттық рух ұстындарындай жарқыраған «Жалын» мен «Жұлдыз» болғанын және оның редакторын; сексенiншi жылдар сергелдеңi саналарды сансыратқан, сеңдей соғыстырған, мәңгүрттiгiңiздiң дертi дендеген кезеңде «Қазақ әдебиетiнiң» қырандайын құзарларға қанат қағып, халқын құлдыраудан құтқармаққа септескенiн және оның редакторын қалай да қалай дәйектейдi?! Десеңiзшi. «Көптен күткен аңсарлы дәурен жетiп, қорқақ көңiл қорғалап, ел екiталай, пiкiр әрқалай жүрген шақта жұрттан бұрын батылдыққа барып», «Социалистiк Қазақстанды» мансұқ еткен «Егемендi Қазақстан» едi. Редакторы – Шерхан Мұртаза. Бұл – тек бiр қаламгердiң өнер жолы емес, күллi ұлттық санамыздың сергу-серпiлу жолы» дейдi Әбiш Кекiлбаев.
Қазақтағы БАҚ-тың бағын ашқандығымен-ақ, басшылық жасаған басылымдардың бәрiнде таралым көрсеткiшiн шырқау шыңдарға шығаратын құдiретiмен-ақ қайсар да қайталанбас қаламгер екендiгiн қызғанышсыз, қайраткерлiкпен мойындап, мақтаныш тұтатын тұлғалардың қатарында Мырзатай Жолдасбековiңiз, Қуаныш Сұлтановыңыз, Сейдахмет Бердiқұловыңыз, Тұманбай Молдағалиевiңiз, Қалдарбек Найманбаевыңыз, Нұрмахан Оразбегiңiз, Бексұлтан Нұржекеұлыңыз, Дулат Исабековiңiз, Оразбек Сәрсенбаевыңыз, Нұрлан Оразалинiңiз, тағы басқаларыңыз баршылық.
«Шерағаңның шекпенiнен шықтық» дейтұғын мықтыларыңызды оқып отырсаңыз ше, одан сайын ризаланасыз. Поэзия патшайымы атанған Фариза әпкемiз: «Қызыл Жебе» романы жазылып жатқанда, алғашқы шағын үзiндiлерi газет бетiнен көрiнген жылдары «Мұртазаев халық жауын дәрiптеп жатыр» деп бiраз жазушы ағайындарымыздың алаөкпе болып жүгiрiп, Орталық Комитетке арыздан жаңбыр жауғызып, мiнбе тисе, «Қызыл Жебенiң» бас кейiпкерiн де, авторын да, қазақ атаулының қас дұшпаны деп дәлелдемек болғандары бiздiң жадымызда шежiредей жатталып қалыпты» дейдi.
Ақселеу ағатайыңыз Шерағаңның ұстаздық қамқорлықта, өнердегi өнегесiнде жолынан жаңылып, жорғасынан танбағанын тәптiштей келе «аға деген сөзге iштей тоқтап, онсыз да аяулы ұғымға ең бiр киелi мағына дарыта қайталайсың» десе; Ахат Жақсыбаевтай кiшiпейiл, қарапайым қаламгерiңiз «көрген жерде не жақсылық бар деп сұрайсыз, мұны мен «кiмге не жақсылық жасап жүрсiң» дегенiңiз деп ұғамын» десе; қунақы Қуанышбайыңыз (Құрманғалиев) «тәуелсiздiктiң таза, баянды болмағы жолында жанпидалықпен күресетiндердiң алғы санында» десе; Кәрiбай, Кәдiрбек, Серiк көкелерiңiз «кездескен жерде малақайымызды алып, именiп тұратынымыз жасырын емес» десе; әлемге әйгiлi шайыр Шаханұлы Мұхтарыңыз «Шерхан Мұртаза – менiң алаулы жастық өмiрiмдегi санаулы тұлғалардың бiрi, басынан бақайшығына дейiн ұлттық мүддемен тыныстаған» десе; Мұзтауыңыздың мұзбалағы Оралхан Бөкейiңiз «туған айымыз бен күнiмiздiң де (28 қыркүйек) дәл келуiн ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын… төменге қараңызшы, Аға, мен көрiнем бе екем», десе, қалайынша тебiренбейсiз?! Қалай толқымайсыз?!
Бұлардың бәрi дерлiк – Шерағаң шекпенiнен шыққан мықтылар. Көпшiлiгiн кезiнде ұлттық ой-сананы ұлықтаған «Лениншiл жасыңызға» тартқан, тәлiмдеген Шерхан Мұртазаңыз. Өкiнiшке қарай, бiз бұл талантты топтан жасырақ едiк. Үш-төрт, тiптi бес-алты жаста тұрған не бар, бiз пақырыңыз қалам қуаты жағынан олармен таласа алмас аласа едiк. Алайда, Медетбекпен, Түркiстанда туып, Маңғыстауда жетiлген жүрдек «жуәрмегiңiз» Темiрханмен және Әулиеатада әлдеқандай боп жүретiн (әзiл ғой) Елен Әлiмжанмен түйдей құрдас едiк. «Iлгерiдегiлермен таласа алмасақ та, Темiрханмен һәм Еленiңiзбен жарасар едiк. Тiлшiлiкке тартпады-ау», деп iштей ғана күбiр-күпсiң күйттегенiмiз рас-дүр. Пендемiз ғой, әрине.
Шерағаң, әйтеуiр, шекпенiне тартпаған. Бiзге сенiм артпаған. Тартыңқырағанда, артыңқырағанда, мықты боп кетпесек те, мықтылардың маңайынан табылып қалар ма едiк, кiм бiлсiн-ай, кiм бiлсiн. Деймiз де, баяғы. Өзiмiзге де обал жоқ. Кiсiкиiкпiз. Сыртақтаймыз. Сыртбақаймыз. Әлiмiзге қарамай. Шерағаңның сұсы мен сесiнен сескенiп, жоламайтынбыз. 1982 жылы «Жалбыздының жағасында» және «Доланай шахтасы» деген әңгiмелерiм үшiн «Қазақ әдебиетi» газетiнiң сыйлығы берiлiп, лауреат атандым. Ол кезде бұл сыйлықтың да, лауреаттықтың да беделi бар-тұғын. Алматыға жолым түсiп, басылымның жаухатшысы Қажығали Мұханбетқалиевке жолығып қалдым. «Жұрт сияқты емессiң, қасқа. Жоламайсың. Жуымайсың да, жумайсың да, – дедi ол әзiлдеп. – Шерағаңа кiрiп, сәлемдесiп шықпаймысың?»
Жүрексiне кiрдiм-ау сонда. «Ассалаумағалейкүм!» дедiм. Ол кiсi «Уағалейкүмассалам!» деп, әжептеуiр ықылас танытқандай едi. Артынша түксиiп, темекiсiнiң күлiн түнерiңкiреп түсiрдi. Жөткiрiндi. Алдындағы қағазға қарап, қателердi түзеуге кiрiстi. Бiраздан соң ғана: «И-и-ә-ә, ке-е-ел», дедi. «Әңгiмелерiме бәйге берiпсiздер, алғысымды бiлдiргелi кеп ем, аға». Көзәйнегiнiң үстiнен қарады-ау сонда. «Алғысыңды бiзге емес, бәйге әперген әңгiмелерiңе айт», дедi. Қабағын түйе түстi. Қағазына қайта үңiлдi. «Жақсы онда», дедiм. «Жақсы», дедi ол кiсi. «Шерағаң жақтырмады. Бекер кiрген екем» дедiм Қажығалиға. Ол қалай болғанын сұрады. Сықылықтап тұрып күлдi. Ештеңе демедi.
Арада талай жыл жылжыған. Бiр жолы Қазжазодақ басқармасының басқосуынан шығып келе жатсақ, Шерағаң екiншi қабаттағы көне диванда отырыпты. Жанында Сайлаубек Жұмабек бар. «Сұраған балаңыз мынау келе жатыр ғой» дедi Сайлаубек төгiлiп күлетiн әдетiмен. «Шерағаң да бiздi сұрайды екен-ау», деп таңырқай жақындадық. Сәлемдестiк. «Ақсу-Жабағылы қалай? – дедi Шерағаң күрсiнiп. Сонсоң әндеттi. – Көп болды бармағалы Ақсуыма-а-а. Көп болды көрмегелi. Жабағылымды-ы-ы-ей…»
Оңтүстiкте, Шымкентте жүргенiмiз болмаса, Ақсу-Жабағылыңызға, Түлкiбас дейтұғын ауданға бармағалы қаншама жылдар өттi. Тiршiлiк-тынысы, пейiл-психологиясы жатжұрттанып кеткен ғой. Iштартпайды. Дей алмадық. Басшыларының бәрi дерлiк орекеңдерден немесе орекеңденген қазекеңдерден. Дегiмiз келген. Бiрақ Шерағаңның өзi де шет жағасын бiледi ғой. Сезедi ғой. Дегендеймiз. Iшiмiзден.
«Қысқасы, Ақсу-Жабағылыны аңсап жүрмiн. Сағындым. Араласам деймiн. Жүдә биыл болмаса, ендiгi жылы», – дедi Шерағаң. Сонда. Желкемiздi қасыдық. Күмiлжiдiк. «Аға, аралауға болады ғой. Бiрақ, сiздерге жағдай керек қой, – дедiк. – Басшылары…».
Шерағаң Сайлаубектiң қолын қысып, бұрап, ойнай бастады. Балалығы ұстаса сөйтетiнiн ол кезде онша бiлмеймiз. «Бiзге басшылардың да, жағдайдың да керегi шамалы. Төрт бөлке нан болса, Ақсу-Жабағылының балбастауларына батырып жеп жүре беремiз», – дедi Шерағаң. Сайлаубек Қазжазодағыңызды басына көтере қарқылдап күлдi. Екеуi қолдарын күрестiрмекке кiрiстi. «Бопты онда, – дедiк бiз. – Келесi жазда күтемiз. Ақсу-Жабағылыда». Шерағаң үндемедi. Сайлаубек: «Төрт бөлке дегенге сенбеңiз, Түлкiбастың тандыр нанына не жетедi?» – дедi жеңiн түрiп отырып. Қол күреске даярланып.
Келесi жылыңыз Тәуелсiздiгiңiздiң лебi сезiле бастаған тоқсан бiрiңiз-тұғын. Сонда-дағы аудан әйдiктерiне әл-дiрмәнiмiз жетпей, Тұтқабай Иманбеков ағамызды алға салғанбыз. Жаз ортасында Шерхан Мұртаза мен Қаратай Тұрысов екеуi Ақсу-Жабағылы қорығына кiреберiстегi тепсеңге тiгiлген киiз үйде керемет кештер өткiзген. Ауданды аралап, оқырмандармен кездескен. Тұқаң да тiзгiн ұстап бiрге жүрген.
Тәуелсiздiк алғаннан кейiн Шерхан Мұртазаңыздың қаламгерлiк һәм қайраткерлiк тың тынысы ашылғаны аян. «Империяның улы жемiстерi», «Тәуелсiздiк ешқашан сатылмайды», «Қажыгелдиннiң қай сасқаны?», «Қазақстанның туы қандай болуы керек?», «Намыс пен рухты iздеу», «Сайлаудан соңғы ойлар», «Уыз бен көк шалап» деп жалғаса бердi. «Тiлдiң кiлтi – Парламентте», «Депутаттық сауал» деп, ең белсендi, аса өткiр, ұлт мүддесiн қызғыштай қорғайтын халық қалаулысы бола бiлдi. «Егемен Қазақстандайын» бас басылымыңыздың бетiнде парасат биiгiндегi публицист, қайраткер құрдасы Камал Смайыловпен жазысқан әңгiме-хаттарының өзi бүкiл қоғамыңызға, күллi қауымыңызға қалайша әсер еткенi белгiлi. «Елiм, саған айтам. Елбасы, сен де тыңда!» деген кiтап туды осылай. «Алтын сандықтың кiлтi кiмде?», «Тәуелсiздiк бiреу», «Кiм қорқынышты?», «Әкiмдер ойланар ма екен?», «Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық», «Сатылмаған не қалды?!», «Адам құны» деп, ақырып теңдiк сұрады. Шерхан Мұртазаңыз.
Ай, ендi көркем дүниелер жаза алмайтын шығар, жазбайтын шығар дейтiндердiң миықтарын мысқыл түрте бастағанда ше, Шерағаң «Ай мен Айшаны» ұсынған. Заманауи зау-заңғар әңгiмелерiн жариялады. Бiрiнен соң бiрiн. Күндердiң күнiнде «Бiр кем дүние» деп тағы да таңырқатты. Күллi оқырманын сүйсiндiрдi. Сүйiндiрдi. Орағаңдай қуанғандар көбейген.
…Тоқсан сегiзiншi жылыңыз-тұғын. Облыс әкiмiнiң орынбасары Дархан Мыңбай: «Шерағаңды Түлкiбас ауданының әкiмшiлiгi арнайы Ақсу-Жабағылыға шақырыпты. Демалыс күндерi барып қайтқаныңыз жөн болар», дедi. Қатты-қатты қуандық. Шүкiршiлiк. Тәубе. Дедiк. Түлкiбас – Түркiбасыңыз жазушыны, Шерағаңды шақыра бастапты-ай. Шаттандық. Шаба жөнелдiк. Туған ауданға. Оқырмандармен жүздесуiнде ол кiсi: «Түркi қағанаты да алауыздықтан, дүниеге таластан тоз-тозы шыққан. Сыртқы жауларға сыр алдырғандықтан сөйткен. Түркi қағанаты тарамағанда, мынау айдаһар да, анау аю да басынбас едi. Көкбөрi бәрiнен биiк тұрар едi. Түлкiбас – Түлкiбас емес, Түркiбасы күйiнде қалар едi» деген.
Ақсу-Жабағылының Жасыл жазық алқабында аппақ үй тiгiлген. Арша мен шырша өрнектеген үшкiр төбелердiң тепсеңдерiнде өсетiн гүлдер мен шүпiр-шүпiр шөптердiң бәрi Шерхан Мұртазаңыздың шығармаларында тұнып тұр. Шiлiңгiр шiлде. Отызшақты студент жетекшi апайларымен бiрге өндiрiстiк тәжiрибеден өтiп жүрiптi. Студент жастар да, апайлары да ақ қалпақ киiп, ақбоз аттың үстiнде Алатаудай боп отырған Шерағаңды көрiп, шалқаларынан түсердей таңырқайды-ай. «Қараңдаршы! Шынымен-ақ Шерхан ағай!» деседi. «Шерхан Мұртаза! Өзi-өзi! Дәл өзi!» деседi. «Мiне, ертегi!» деседi. «Ай мен Айшаны» оқып жатырмыз. Аға! Қолтаңба қойып берiңiзшi», деседi.
Кешке қарай Жасыл жазық тепсеңiндегi аппақ үйде Шерхан Мұртазаны қоршап, бiр қауым жұрт шүйiркелеседi. Арасында оқырман студенттер де, апайлары да бар. Ымырт үйiрiледi. Ұлпа бұлттар қыземшек төбелердiң үстiн үкiдейiн сипалап барып ұшады-ай. Жұлдыздар үлкен-үлкен, жап-жақын. Алты қанат ақ үйдегiлердiң бәрi шетiнен ақын, шетiнен әншi боп кеттi. Шерағаңа да қолқа салынды. Қазақша шырқады. Қырғызшаға көштi. Кенет татар әнi кеттi сай-сайды қуалап: «Санду-ға-а-аш…Санду-ға-а-аш! Китмә-китмә, Санду-у-у-ға-а-аш!»
Таңертеңгiлiк. Күн шықпаған шақ. Жасыл жазық алқабы. Ақсу-Жабағылыңыз. Тұрар Рысқұловтайын тұлғаңыздың тiкелей ықпалымен, сонау жиырмасыншы жылдарыңыздың басында құрылған қорық. Тәңiртау. Шiлде. Шераға…
«Мен торыққан кезде сiздiң рухыңыз әл-қуат бередi, Тұрар көке. Мен сiздi түсiмде көретiн болдым… Тұрар көке, сiз сонда сол Шолпан Кебiстi аймалап көп тұрдыңыз. Таң құланиектене, найза шыңдар сұлбасы сұстана көрiнгенде сол шыңдардың үстiнен шаншыла жарқырап Шолпан жұлдыз туған едi… Кiм бiледi, Шолпан Кебiстi алып, Шолпан жұлдызға жол тартқан шығарсыз. Жол бастаушыңыз Теңбiл Торғай болған шығар. Сiз өз жоғыңыздан гөрi өзгенiң жоғын көп iздеп, сол мiнезiңiзден бұл жалған дүниеден ерте кеткен жансыз ғой. Сол мiнез о дүниеде де қалмай, Шолпан жұлдыздың жоғалған Кебiсiн апарып бермек болып, менi жалғыз тастап кеттiңiз бiлем…». Дейдi. «Тамұқ» кiтабының соңында.
Шерағаң тү-ү-у биiкте тұр екен. Жуалы жаққа, бәлкiм Манас шыңына қарап. Кенет күн шықты. Күн шығар сәтте жылдам көтерiлiп, айналасын алмас жарқылды, жiп-жiңiшке жалын шашқан Жебе-сызық жиектей орап өтедi екен. Алғаш мәрте аңғардық-ау сонда.
Шерағаң Шолпан жұлдызыңыз туардан әлдеқайда бұрын тұрып, шығандап кеткен екен. Кейiн бiлдiк. «Шерағаң шыңда тұрғандай-ә?!» деп таңданысты. Жұртыңыз.

(«Қазақ әдебиеті», 15-21 қыркүйек, 2017 жыл).

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support