- Advertisement -

Бейбіт елдің басты тұлғасы

173

- Advertisement -

Нұрсұлтан Назарбаевтың үлгісі – келісім мен тұрақтылық

Раиса Рысқұлбекова,
Ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының
облыстық бөлімшесінің атқарушы директоры.

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған бейбітшілік пен келісім үлгісінің әлемдік саясаттағы елеулі орны бар. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшесі ретінде әділ бітімгер болып танылуы – соның дәлелі. Қауіпсіздік кеңесі – аталған ұйымның ең беделді құрылымы. Себебі, онда қабылданған қарарлар міндеттеуші күшке ие. Біздің мемлекетіміз – осындай әлеуетті кеңестің белгілі бір мерзімге сайланған он мүшесінің бірі.
Мұндай мәртебенің Орта Азия елдері арасынан алғаш Қазақстанға берілуінің үлкен мәні бар. Өйткені, біздің мемлекетіміз ядролық қарудан бас тартқан ел ретінде тарихта қалды. Жалпы, дүниежүзінде ең елеулі екі датаның бірі – 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болса, екіншісі 21 қыркүйек – Халықаралық бейбітшілік күні. Алғашқысын Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылдаған болатын.
1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғаны баршаға мәлім. Осы күні бүкіләлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи шешім қабылданды. Тарихтағы ақтаңдақ, қасіретті кезеңнің келмеске кеткені қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш еді. Себебі, 40 жылдан астам уақыт бойы Семей полигонының зардабын қара халық тартты. Қырық жыл ішінде сынақ полигонының аумағында 456-дан астам ядролық және термоядролық жарылыстар жасалды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемде көлемі жағынан төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, үлкен тәуекелге барды. Дүниежүзінде өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет – Қазақстан. Сөйтіп, 1991 жылдың 29 тамызы жаһанды ядролық қарусыздануға үндеген күн ретінде тарихқа енді. Ал оның көш басында біздің Елбасымыз тұр.
1993 жылы Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қол қойып, 1994 жылдың желтоқсанында әлемнің ядролық державалары Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беретін Меморандумға қол қойды. 1994 жылы ел аумағынан соңғы ядролық қару әкетілді. 1996 жылы Қазақстан ядролық сынақтарға толық тыйым салу жөніндегі шартқа қол қойды.
Қазақстан Президенті көтерген мәселелері ғаламдық сарапшыларды да бейжай қалдырған жоқ. Елбасының бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 2009 жылғы 2 желтоқсандағы 64-сессиясы «29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» деп жариялады.
Осындай ғаламдық мәселені көтеруге түрткі болып, әлемге ядролық қарусыздануды ұсынған «Невада-Семей» қозғалысының құрылғанына биыл 26 жыл толып отыр. Елбасымыз айтқандай, Қазақстандағы ядролық полигонның жабылуына «Невада-Семей» антиядролық халықаралық бірлестік пен оның лидері Олжас Сүлейменовтың қосқан үлесі зор болды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың: «Менің қаулыммен Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды. Бұл дата – ғаламдық және әлемдік аумақта тұрақтылық пен келісімді достықпен жемісті түрде нығайтудың рәмізі іспеттес» деген сөзі осы бір қадамның жаһан үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Солтүстік Корея жақында тағы бір баллистикалық ракетасын сынақтан өткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің бұл елге қатысты жаңа қарар қабылдағанына да көп бола қойған жоқ еді. Ел қайта дүрлікті. Әлемде тыныштық бейбіт ұстаным нық болғанда ғана орнайды. Сондықтан халықаралық Бейбітшілік күні – ядролық қарусыздану мәселесін тағы бір қозғап, жұртты ортақ келісіммен өмір сүруге шақыру керек.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support