- Advertisement -

Арман алға жетелейді

138

- Advertisement -

Елімізде ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Егіншілер мен мал өсірушілерге қаржылай қолдау көрсетіліп, сатып алған техникасы мен құрал-жабдықтарына жұмсалған қаржының бір бөлігін мемлекет жауып беруде. Мұның өзі ауылдықтарды өнімді көптеп өсіруге жігерлендіріп отыр. Көкдөнен ауылдық округінде 72 шаруа қожалығы бар. Бүгінде мұнда қой – 30 мың, мүйізді ірі қара – 2000 және жылқы 300-ге жетті. Егіншілер нарықта өтімтал дақылдар өсіруге күш салуда. Солардың арасында Сайлаубек Ілясов басқаратын «Абдулла» шаруа қожалығының игі ісін ерекше атап өткен жөн. Қожалық егін және мал өсірумен шұғылданады. Соңғы жылдары жыл сайын орта есеппен 15 миллион теңгенің ауыл шаруашылық өнімін өндіріп келеді.
Қожалықтың қарамағында 780 гектар жер бар. Оның 30 гектары суармалы. Үстіміздегі жылы 700 гектардан астам алқапта өсірілген күздік бидай және жаздық арпаның әр гектарынан 30 центнерден түсім жиналған. Бұған қоса 25 гектар алқапта қант қызылшасын өсіруде. Егістік қазірге дейін 5 рет суғарылған. Қызылша өсірушілер оның әр гектарынан 300 центнерден астам өнім жинайтынына нық сенімді. Қожалықтың 500-ге жуық қой және 20 жылқысы бар. Он бес адам тұрақты жұмыс істейді. Науқандық жұмыстар кезінде олардың қатары отызға дейін жетеді. Жұмысшыларға жалақысы істегеніне қарай күнделікті төленеді. Биыл шаруа қожалығының жетекшісі Сайлаубек Ілясов мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында Көкдөнен ауылындағы бұрынғы мейрамхананы қайта жарақтандырып, 140 орындық «Аида» балабақшасын ашқан. Бұған 100 миллион теңге өз қаржысын жұмсады.
Шаруашылықта қажетті техника толық қамтамасыз етілген. Мұның өзі оларға науқандық жұмыстарды белгіленген мерзімде еңсеруге игі ықпалын тигізуде. Өз шаруаларын тындырғаннан кейін ауылдастарына техникамен көмектесіп тұрады. Сайлаубектің арманы көп. Ол келесі жылдан бастап тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы егілетін қант қызылшасының көлемін 100 гектарға жеткізуді көздеп отыр. Көкдөнен ауылында сүт қабылдайтын пункт пен мал сою алаңын ашу үшін қаржы қарастыруда. Мал басын көбейту, оның өнімдерін өңдейтін шағын цехтар ашу да ойында бар.

Әбдіәшім Ілиясов,
Көкдөнен ауылдық
округінің әкімі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support