- Advertisement -

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру

170

- Advertisement -

өңірде өз нәтижесін беруде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында елімізді әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосудың басты бағыт-бағдарын айқындап берді. Бұл міндетті жүзеге асыруда ауыл шаруашылығын дамытудың маңызы орасан. Облысымыз, оның ішінде Т. Рысқұлов ауданында бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Жібек жолының бойында орналасқан қасиетті Құлан жерінде бүгінде барлық салада ілгерілеу бар. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы нарықта өтімтал тауар өндіруге, шикізат өңдеуге бетбұрыс жасауда. Салаға инновация мен озық технологияларды кеңінен енгізу нәтижесінде өндірістік шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік туып отыр. Аяғынан нық тұрған бірқатар шаруа қожалықтары ірі өндіріс орындарын ашуда. Кейінгі кезде шикізат өңдейтін кәсіпорындар қатары көбейіп келеді. Бірқатар кәсіпкерлер экспортқа бағдарланған өнім шығаруға ізденістер жасалуда. Таяуда ауданға осы өңірдің түлегі, бұрын әр салада ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған іскер де ілкімді азамат Асқар Қырықбаев әкім болып тағайындалды. Асқар Санатұлына облыс басшылығы мен аудан жұртшылығы үлкен сенім артуда. Осы сұхбатымызда А. Қырықбаев ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі және алдағы уақытта атқарылатын шаруалар туралы әңгіме өрбітеді.

– Т. Рысқұлов ауданы егін және мал өсіруге қолайлы өңір. Ауданның аты кеңестік кезеңде астық өсірумен шыққан болатын. Аудан қазір де ол биіктен төмендеген жоқ. Облыстағы астықтың 33 пайызы осы ауданда өндіріледі. Үстіміздегі жылдың өнімі үшін 38 мың 168 гектар алқапқа күздік бидай және 42224 гектар жаздық бидай өсіріліп, оның әр гектарынан орта есеппен 25,3 центнерден дән жиналды. Жалпы астық түсімі 213591 тоннаны құрады. Бұған қоса мақсары – 16 мың, қант қызылшасы – 200, жүгері – 100, сұлы – 30, картоп – 500, көкөніс – 500, бақша өнімдері 100 гектар алқапқа орналастырылды. Сондай-ақ 9400 гектар егістікке жоңышқа тұқымы себілді. Қазір оларды жинау қызу жүргізілуде. Мақсарының әр гектарынан 5,5 центнерден өнім алынуда. Егіншілеріміз өсірілген дақылдарды ысырапсыз жинап алудың барлық мүмкіндігін қарастыруда. Астық өсіруде «Луговой жылқы зауыты» ЖШС, «Шәушен» және «Құлбарақ» агроқұрылымдары жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Елбасы үстіміздегі жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында елімізде суармалы алқап көлемін ұлғайту міндетін қойғаны белгілі. Ауданда 139588 гектар егістік жер бар, оның 4247 гектары суармалы. Кейінгі кезде тамшылатып суару әдісін енгізу арқылы суармалы егіс көлемін ұлғайтуға күш салудамыз. Қызылша, жүгері және алма бағын өсіретін егіншілеріміз оларды тамшылатып және жаңбырлатып суаруды қолға алуда. Мұның өзі су үнемдеумен қатар алқапта арам шөпті азайтуға және мол өнім алуға игі ықпалын тигізуде. Үстіміздегі жылы су үнемдеу технологиясы арқылы ауданда 515 гектар алқап ылғалдандырылды. Қазіргі таңда агроқұрылымдардағы техниканың дені тозып, ескірген. Сондықтан да соңғы кезде егіншілеріміз оларды жаңалауға ерекше көңіл бөлуде. Қазір аудандағы комбайндар паркінің – 33,05, тракторлардың – 24,2 пайызы жаңартылған. Биыл жыл басынан бері 7 шаруа қожалығы 72 миллион теңгеге лизингке 9 ауыл шаруашылығы техникасын алуға құжаттарын рәсімдеді. Қазір лизингке 27,5 миллион теңгеге 5 МТЗ доңғалақты трактор алынды. Бірқатар дихандар өз қаражаты есебінен 43 миллион теңгеге 8 ауыл шаруашылық техникасын алды.
– Мал шаруашылығын табысты сала ету жолында қандай шаралар қолға алынуда?
– Халқымыз: «Көзін тапқанға – табыс көп» деп текке айтпаса керек. Бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізгенде өндірістік шығындарды азайтып, мол табысқа кенелуге болатынын бірқатар майталман малшыларымыз іс жүзінде дәлелдеп келеді. Өңірде мал саны жыл сайын өсіп келеді. Бүгінде мүйізді ірі қара – 35 мың 824, қой-ешкі – 492069, жылқы – 15669, шошқа – 23912 және түйе 62 басқа жетті. Ет және сүт өндірудегі көрсеткіштер де көңіл қуантарлық. Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланған жеке тұлғалар төрт түлікті көптеп сатып алуға күш салуда. Соның нәтижесінде ауданда асыл тұқымды мал басы көбейіп келеді. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша бес шаруашылық 4,8 миллион теңгеге 213 сиыр және 13 бұқа, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 10 шаруашылық 30,4 миллион теңгеге 1020 қой, 69 қошқар сатып алды. Тұрғындарымыз «Құлан» бағдарламасының игілігін көріп келеді. Осы бағдарлама бойынша 5 шаруашылық 52 миллион теңгеге 165 бие және 12 айғыр әкелді.
– Ауданда мал бордақылайтын алаңдар мен тауарлы сүт фермаларының көптеп ашылуы қуантады…
– Елбасымыз ауыл шаруашылығын әртараптандыру міндетін қойып отыр. Осыған қарай мүйізді ірі қара етін және сүт өндіруге басымдық берілуде. Ауданда 2650 мүйізді ірі қара малына арналған – 12, 7800 жылқыға арналған – 5 және 3600 қойға есептелген 4 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Таяуда «Қарақыстақ» шаруа қожалығының 500 қойға арналған мал бордақылау алаңы іске қосылды. Жыл соңына дейін «Шалқар» шаруа қожалығы 1000 мүйізді ірі қараға есептелген бордақылау алаңын іске қосады. Сондай-ақ қожалық 200 сиырға арналған тауарлы сүт фермасын ашуды қолға алуда.
– Ауыл шаруашылығын әртараптандыруда – шикізат өңдеу маңызды мәселенің бірі. Бұл бағытта қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы Жолдауында тағы да шикізатты өңдеуге ерекше көңіл бөлді. Жолдауда: «Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз» деген жолдар бар. Әлбетте, өңделген шикізатты нарықта өткеру оңай және оның бағасы жоғары болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да аяғына нық тұрған агроқұрылымдар өздерінде ұн, макарон және май шығаратын шағын цехтар ашуға ұмтылуда. Қазір ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 27 шағын кәсіпорын бар. Оның ішінде диірмен – 11, наубайхана – 10, екі шұжық өндіру, осы мөлшерде май шығару және бір сүт өңдеу цехы жұмыс істейді. Макарон шығарумен шұғылданатын «Ақтоған» шаруа қожалығын облыс тұрғындары жақсы біледі. «Досқайнар» шаруа қожалығы шұжықтың – 25, «Ұлы Сұлтан» ШҚ оннан астам түрін тұтынушыға ұсынып отыр. Сүт өңдеуге ниет білдіруші кәсіпкерлер де аз емес. Олар қазір бизнес жоспарларын жасап, шағын зауыт салу үшін қаржы көздерін іздестіруде.
– Ауыл шаруашылығын дамытудың басты тетіктерінің бірі – кооператив құру екені іс жүзінде дәлелденіп келеді. Осы істе құландықтардың белсенділігі қандай?
– Ауыл – алтын тамыр, асыраушымыз. Елбасының тікелей бастамасымен ауылды және кәсіпкерлікті дамыту бағытында 40-қа жуық мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Осыдан екі жыл бұрын қабылданған «Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы» Заң бұл саланы өркендетуге үлкен серпін беруде. Ұсақ шаруашылықтар және жеке тұлғалар кооперативке бірігудің тиімді әрі пайдалы екенін айқын сезіне бастады. Ауданда қазірге дейін 15 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Олар негізінен ет және сүт өндірумен шұғылданады. Кооператив құрамына енген ұсақ агроқұрылымдар мен жеке тұлғалар мемлекеттен несиені жеңілдетілген пайызбен қиындықсыз алады. Сондай-ақ, мемлекет олардың өндірген ет және сүтіне субсидия төлейді. Олардың арасында «Бай Алғабас», «Жасмин», «Құлан АгроGrup», «Береке», «Көгершін – 2017», «Бейшенбек Агро» және «Жарлысу» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің әлеуеттері біртіндеп артып келе жатқанын айрықша атап өткен жөн. Аталған кооперативтер келешекте өз жұмыстарын жолға қойғаннан кейін шикізат өңдейтін өндіріс орындарын ашуды көздеп отыр.
Ауыл еңбеккерлері мен кәсіпкерлерінің ізденістері мен еселі еңбектері нәтижесіз емес. Ауданда өткен жылдың қорытындысында 23 миллиард 585 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысында бұл көрсеткіш 24 миллиард 300 миллион теңгені құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш еселене түсері сөзсіз. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы да шаруалардың құлашты кеңінен сермеп еңбек етуіне көптеген мүмкіндіктер туғызатыны сөзсіз. Егінші және мал өсірушілер осы және басқа да бағдарламалар бойынша өндіріс орындарын ашатын, яки, техника сатып алатын болса оған жұмсалған қаржының бір бөлігін мемлекет жауып беретін болады. Әсіресе, өңдеу кәсіпорындарын құратын кәсіпкерлерге жасалатын жеңілдік көп. Сондықтан да біз ауыл еңбеккерлеріне өңдейтін кәсіпорындарды көптеп ашудың тиімді әрі пайдалы екенін жете түсіндіріп келеміз.
– Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Әйтсе де бірқатар шалғайда орналасқан ауылдарда әлі де түйінді мәселелер аз емес. Оны шешу үшін қандай шаралар қолға алынуда?
– Мен әкім болып тағайындалғаннан кейін жұмысымды ең әуелі аудан аумағындағы елді мекендерді аралап, олардың әлеуметтік жағдайымен танысудан бастадым. Өңірдегі 15 ауылдық округте 43 елді мекен бар. Әрбір ауылда тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдадық. Бүгінгі таңда тұрғындарды толғандыратын басты мәселелер: жарық, газ және жол. Аудан аумағынан магистральді газ құбыры өтіп жатыр. Ақыртөбеде газ толтыру стансасы бар. Осыған дейін ауданда 20 елді мекен «көгілдір отпен» қамтылған екен. Келешекте тағы да 20 ауылды газдандыруды көздеп отырмыз. Олардың жобалық-сметалық құжаттары жасалып, қазір сараптамадан өткізілуде. Таяу жылдарда аудандағы елді мекендерге «көгілдір отын» жеткізу толық аяқталады.
«Жол – экономиканың күретамыры» деп текке айтылмаса керек. Автомобиль жолдарын жөндеуге жыл сайын қомақты қаржының бөлудің арқасында аудандық мәндегі жолдардың сексен пайызға жуығы жақсы деңгейге жеткізілген. Бұл бағытта арнайы жоспар жасалып, жыл сайын 43 ауылдың әрқайсысында екі көшені орта жөндеуден өткізу көзделген. Аудан орталығы – Құлан ауылында 89 көше бар. Солардың 54-іне асфальт төселген. Келесі жылы шағал төселген 4 көшені асфальттауды жоспарлап отырмыз. Биыл аудандағы жолдарды жөндеуге 231 миллион 368 мың теңге қарастырылған. Қазір бөлінген қаржының дені игерілді. Бұған қоса, үстіміздегі жылы 3 аудандық маңызы бар «Қорағаты-Мамыртөбе», «Луговое-Воинская» часть» және «Каменка-пионер лагерьі» автомобиль жолдарын жөндеуге бюджеттік тапсырыс беріліп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жеңімпаз мердігерлер анықталғаннан кейін жол жөндеу жұмысы биыл басталып, келесі жылы аяқталады.
– Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Жалпақсаз ауылындағы мектеп апатты жағдайда екені аз айтылып жүрген жоқ. Ауылда жаңа мектеп қашан салынады?
– Бұл мәселе таяу жылдарда шешілетініне нық сенімдіміз. Қазір осында салынатын елу орындық мектептің жобалық-сметалық құжаты жасалып, сараптамадан өткізілуде. Қаражат көздері қарастырылуда. Қаржы бөлінсе, оның құрылысы келесі жылы басталады. Төрт мектепке ағылшын тілі маманы жетіспейтін. Таяуда жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, бұл мәселе де оң шешілді.
– Қазір қайда барсаң да пәтер және үй салу үшін жер телімін алуға кезекке тұрғандар көп. Бұл мәселе сіздерде қалай шешілуде?
– Ауданда 2659 адам жер телімін алуға, 400 адам үй кезегінде тіркеліп тұр. Әлбетте, олардың сұранысын қысқа мерзімде қанағаттандыру мүмкін емес. Биыл және келесі жылы кезекте тұрған 470 адамға жер телімі берілетін болады. Қазір оны 100 адам алды. Жер теліміне құрылыс жүргізу үшін әуелі инфрақұрылым тартылып, ол орынға электр қуаты және газ жүргізілуде. Жолға шағал төселуде. Ауызсу құбыры тартылуда. Кезекке тұрғандардың өтініштерін қанағаттандыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бес қабатты сексен пәтерлі төрт үй саламыз. Қазір осындай бір көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаты жасалып, тиісті қаражат бөлінді. Құланда «Панфилов» деген алқап бар. Биыл осындағы бес қабатты үйдің қазандығын жөндеттік. Бізде 23 мектеп әлі күнге көмір жағады. Келесі жылы бес мектеп және бір балабақшаны газға көшіру көзделуде. Олардың жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Қалған мектептер алдағы 3 жылда толық газға ауыстырылады.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ауылды түлетуге, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлгені белгілі. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз…
– Ардагерлер – алтын қорымыз. Оларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Осыны ескеріп, келесі жылы Құлан ауылында ардагерлер үйін салуды жоспарлап отырмыз. Қазір ол үшін жер телімі бөлінді. Нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Қаржы бөлінген соң көктемде құрылысы басталады. Аудан орталығының көрнекті жеріне аллея жасап, онда ауданның Құрметті азаматтары және еңбек ардагерлерінің аттары жазылған тақталар орнату ойымызда бар.
Біздің елді мекендер Жібек жолының бойында орналасқан. Әйтсе де бірқатар ауылдардағы үйлердің қасбеттері көңілден шықпайды. Жарықтандыру жүйесі де ескірген. Оларды заманауи үлгіге сай жаңартсақ деп отырмыз. Құлан ауылындағы «Құлан тазалық» мекемесін жұмылдырып, көшелерде қоқыс салатын металл сыйымдылықтар қойып жатырмыз. Оларды арнайы автокөліктер күнделікті жинап, арнайы полигондарға апарып тастайды. Қаңғыбас иттер де көбейіп кеткен. Оларды ветеринарлық мекемелерге тапсырма беріп аулатудамыз. Келешекте елді мекендерді абаттандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Көшелерде сәндік тал-дарақтар бой түзеп, гүлзарлар орналастырылады.
– Кейінгі кезде жаңа өндіріс орындары және кооперивтердің құрылуы жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізіп жатқан шығар…
– Биыл жыл басынан бері 898 адам, олардың ішінде 641-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 78 азамат жіберілді. Мұның өзі ауданда жұмыссыздардың қатарын азайтуға игі әсерін тигізуде. Келешекте бордақылау алаңдары мен тауарлы сүт фермалары құрылса, ол жерлерде де ондаған жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі Халыққа қызмет көрсету орталығы мекемесі тар әрі қолайсыз жерде орналасқан. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталығы, Азаматтардың меншігін заңдастыратын мекеме, Жер кадастрі және Жер қатынастары мекемелерін бір ғимаратта орналастыру көзделуде. Мұның өзі тұрғындардың «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет алуына мүмкіндік береді. Ауданда бұдан басқа да шешімін күткен мәселелер аз емес. Біз оларды біртіндеп, мүмкіндігімізге қарай еңсеретін боламыз. Қысқасы, ертеңгі күніміздің бүгінгіден де нұрлы болатыны сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Ақылжан МАМЫТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support