- Advertisement -

Қазақ кино өнерінің құлагері

101

- Advertisement -

Бақытжан Әлпейісов,
театр және
кино актері.

Асағаңның талғамымен, өнердегі өресімен, биіктігімен күллі қазақ әлем алдында мақтана алады деп сенімді түрде айта аламын. Театрда болсын, кинода болсын Асанәлі Әшімов – қазақ өнерінің қайталанбас корифейлерінің бірі.
Мен Асағамның алғашқы шәкірттерінің бірі ретінде ұстаздық қырын да, режиссерлік қабілетін де жақсы білемін. Алаштың ардақты, аяулы азаматы түсірген «Қозы көрпеш –Баян сұлу» фильміндегі басты рөлдердің бірі Жәдігөйдің рөлін сомдаған кезде Асағамды режиссерлік қырынан өте жақын тани түстім. Асағама қарап отырсам, бойымды бір өкініш билейді. Мен ол кісімен не сахнада, не кинода әріптес ретінде бірге ойнап көрмеппін.
Асағам режиссер ретінде өте қатал болатын. Талап қойып, соның үдесінен шығуымызды қадағалайтын. Әсіресе Қодардың рөлін сомдаған ұлы Сағиды да аямастан маман ретінде қинайтын. Мұны өз көзімізбен көріп тұрған біздер өзімізден-өзіміз темірдей тәртіпті талап етіп, Сағидан қалып қалмауға тырысып, жұмысқа бар ынта-шынтамызбен кірісетінбіз. Сырт көзге Асағам тым қаталдау көрінгенімен, ол кісінің ішкі жан дүниесі нәзік адам (жан әлемінің есігін көп адамға аша бермейді). Ол кісінің мірдің оғындай орынды сөздері мен нысанаға дөп тиетін қалжыңдары көпке дейін есіңнен кетпейді.
Ұлы өнердің аса ауыр жауапкершілігін жан жүрегімен сезініп, айналасындағы бауырларын, інілерін, шәкірттерін өзіне қарап бой түзеуге, ой түзеуге баулыған Асағам қандай да мақтауға лайық. Асағам алып бәйтерек болса, біз оның бұтақтары секілдіміз. Қазақ өнерінде өшпес із қалдырған аңыз адам, абыз ағам қаншама буынның сүйікті кейіпкерлерін сомдады десеңізші?! Болмысы Алатаудай асқақ, ойы мен танымы теңіздей терең тұлғаның қасынан табылу да мерей ғой.
Қабырғалы қазақ ұлтының өнер әлеміндегі құлагеріне айналған Асағам да сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Бүгінде кино мен театрдың брендіне айналған аяулы ағамыздың өнерге берері әлі де көп деп ойлаймын. Сахнаның саңлағына шәкірті, інісі ретінде зор денсаулық тілеймін! Өмірдің талай сынына қара нардай қасқайып қарсы тұра білген Асағам ақиқатында ұлтының мақтан тұтар ұлы. Киелі өнердің иесіне айналған ағамның тұғырдан түспеуіне адал ниетіммен, шын жүрегіммен тілектеспін. Талмаңыз, биіктерге самғаңыз, аса қадірлі Асағам!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support