- Advertisement -

Жүрісім жеңілдеген сайын тағдырым ауырлай түсті

137

- Advertisement -

Құрметті жастар! «Маздақтың» осы санынан бастап білместікпен от басып, өкініші өзегін өртеген, тағдырдың қиын шырмауына түсіп, алайда, ерік-жігерінің мықтылығымен, ақылының арқасында мойымай жарқын өмірге қайта қадам басқан шынайы кейіпкерлердің басынан өткен оқиғаларын жариялап отыруды жөн көрдік. Бәлкім, біреуге сабақ болар, енді біреуге қайта тұрып, ес жиюға көмегі тиер.  «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» демекші, алғашқы қадамын білместікпен басып, кейіннен үйірін тапқан сондай кейіпкердің бірі – Әлия. Әңгімесіне назар аударып көріңіздер.

Мен ол кезде тоғызыншы сыныпта оқитынмын. Сабағымның бәрі жақсы болатын. Қатарластарымнан озық, жаңашылдыққа жаным құмар, сыныптастарымнан өзімді бір қадам алда сезінетінімді жасырмаймын. Олардың бәрі әлі санасы жетілмеген, менің көзқарасымды түсінуге өресі жетпейтіндей көрінетін. Сөйтіп жүріп өзімнен бірнеше жас үлкен жігітпен кездесуді бастадым. Рас, алғашқы махаббат дегенге келмес, менің ол жүрісім өзімді үлкен сезініп, айналама бойжеткен қыз ретінде дәлелдеуге көп келіңкірейтін. Содан не керек, менің ол жігітпен кездесіп жүргенімді оның достары, менің сыныптастарым, былайша айтқанда, ата-анам мен мұғалімдерден басқаның бәрі білетін. Бәлкім, содан болар, көрші ауылдан, аудан орталығынан келген басқа да жігіттер маған көп сөз айтатын болды. Мен оны құрбыларыма мақтанышпен жеткізетінмін. Ол жігіттер мені сұлу келбетіме, ақыл-парасатым мен жақсы мінезіме қызығатындай көрінетін. Осылайша жүргенде өзімнің қалайша бірнеше жігітпен бір мезетте кездесіп кеткенімді де байқамай қалдым. Сабағым жайына қалып, кешкі отырыстардан қалмайтын әдетке бастым. Ата-анама құрбыларымның үйінде бірге сабақ оқуға барамын деп сұранып кететінмін. Олар өте момын, өз шаруаларымен ғана айналысып жүре беруші еді.
Сондай күндердің бірінде түнгі екілер шамасында жігітімнің бірі есік алдына келіп тұрғанын айтып, тезірек шығуымды өтінді. Шықтым. Мен бұрын көрмеген көлікпен келген екен, қасында тағы екі жігіт бар. Ойымда ештеңе жоқ, ата-анам шырт ұйқыда жатқандықтан менің жоқтығымды білмейді деген оймен машинаға отырдым да олармен бірге аудан орталығына тартып тұрдым. Көзді ашып-жұмғанша орталыққа да келіп, іші көк түтін үйге кірдік. Аздап жүрексінгеніммен, жігітім жанымда болғандықтан, соған сеніп отыра бердім. Бір уақытта әлгі топ маған ішімдік ұсынып, бір-екі стакан ішкеннен ештеңе де болмайтынын айтып, көндіре бастады. Мен бас тартқаныммен, жігітім де оларды қолдай кетті. Әлгі жерде өзімді сыныптастарым секілді «өресі жетілмеген жасөспірім» көрсеткім келмей, ішімдікті тартып жібердім. Есімді жоғалта қоймаған секілді едім, бірақ өз-өзіме ие бола алмайтынымды сол жігіттердің бірінен кейін бірі маған қырындай бастағанында бір-ақ сездім. Үйге қайтайын десем, жігітім ізім-ғайым жоқ. Бар сорақылық та сол жерде басталды. Бір сөзбен айтқанда, мен әлгілердің «ойыншығына» айналдым. Ойларына келгенін істеп, екі күннен кейін ғана түн жарымында ауыл сыртына апарып тастады. Өзімнің осы уақытқа дейін қаншалықты адасып жүргенімді сол кезде бір-ақ сездім.
Кеш еді… Үйге баруға дәтім бармай, өз-өзіме қол жұмсауды ойладым. Жан тәтті екен, оған тәуекелім жетпеді. Ақыры, бар тәуекелімді жиып үйге келдім. Екі күн жоқ болып кеткеніме анам біраз ұрысқанымен, қазбалап ештеңе сұрамады, айналасы екі-үш күнде үйде қайта бұрынғы тіршілік жалғасып кете барды. Ендігі кезекте тек сабағыма қараймын деген оймен мен де бәрін ұмытуға тырыстым. Бірақ…
Төрт-бес ай уақыт өткен соң ішім үлкейіп, өзімнің бойымнан бір өзгерісті байқай бастадым. Каникул кезінде қалада тұратын жеңгеме барып, жағдайымды айттым. Ол мені дәрігерге апарып, жүкті екенім анықталды. Өмірімде өзегімді өртейтін өкінішім де осы кез еді. Мен сол жеңгемнің көмегімен ата-анама білдірмей әлгі баланы сап-сау етіп босандым. Оны жеңгем мен танымайтын бір отбасына өткізді.
Бүгінде мен тұрмысқа шығып, екі қыз тәрбиелеп отырмын. Бір кездері «өткізіп» жіберген баламның да осы қалада тұратынын білемін. Бірақ, баланы, сол кездегі жүрісімді ойлаған сайын ойым астаң-кестең болады. Ойламауға тырысамын. Көшеде жігіттермен емін-еркін сөйлесіп, құшақтасып жүрген қыздарды көрген сайын жүрегім аузыма тығылады. Мен сияқты адаспаса екен…
Әлия.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support