- Advertisement -

Жүгіруден жалықпайтын желаяқ

136

- Advertisement -

Оның ұстанымы – «Спорт – денсаулық кепілі» деген сөз. Сондықтан болар, жасы біразды алқымдаса да, жеңіл атлетикаға деген аңсары азайған емес. Ол спортпен кәсіби тұрғыда айналыспайды. Спортты жәй ғана хоббиі санайды. Десе де, тұла бойын жаман әдеттерден аулақ ұстайтын Жақсылық Мамырбекұлы түрлі марафондарға қатысып, бақ сынағанды жанындай жақсы көреді. Сол үшін өзге қалаларға барып, айтулы аламандардың басы-қасынан табылуға қашанда дайын.
«Мен кәсіпқой спортшы емеспін. Әйткенмен, балалық шағымнан бері күнделікті жүгіріп тұрамын. Спортпен шұғылданғанның пайдасы өте көп қой. Әрқашан сергек жүресің. Ресми түрде марафондарға көктемнен бастап қатысып келемін. Алматыда өткен үлкен жарысқа қатысып, жасы қырықтан асқан азаматтардың ішінде үздік көрсеткіш көрсете білдім. Енді кәнігі тіс қаққан жеңіл атлеттермен иық тірестіре алмасақ та, әуесқойлардың ешқайсысынан қалыс қалған емеспін.
Таяуда Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында тағы да марафон ұйымдастырылды. Оған үлкен лауазымдағы, ел алдында жүрген азаматтармен бірге Жақсылық Үшкемпіров, Бақтияр Артаев сынды Олимпиада ойындарының чемпиондары да қатысты. Марафонға шетелден 300-ден астам спортшы қатысса, жалпы жарыста он мыңнан астам үміткер бақ сынапты. Біздікі енді әуесқойлардың додасы ғой. Қырықтан асқандардың ішінде ешкімге дес бермедім. Менімен бірге немерелерім де жарыстардан қалмай жүр. Олар 5 шақырымға дейін жүгірсе, мен 42 шақырым қашықтықта жарыс жолына шығамын. Бұл сында немерелерім Мақпал мен Бақтияр 2017 метр қашықтықта жарысты. Өздерін жақсы қырынан көрсете алды. Марафон өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Аламаннан қатысушы ретінде медаль алып қайттық. Немерелерімнің бәрі де спортпен шұғылданады. Елорда төрінде өткен додаға қатысуыма демеушілік еткен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жолдасбековке, «Жасыл ел – Тараздағы» басшыларым Айдын Жортаровқа, Елдос Таубалдиевке алғысым шексіз. Бұл кісілер қаржылық қолдау көрсетіп, жұмыстан босатты. Бұйыртса алдағы уақытта өтетін марафондардан қалмай қатысуды мақсат етіп отырмын. Жастарды бұқаралық спортпен шұғылдануға шақырамын. Мен олармен қалыспай жүгіруге әзірмін», – дейді Жәкең өз ойымен бөлісіп.
Иә, спорт – адамды ширықтырады. Бүгінде жасы біразға келіп қалса да, үлкен марафондардан қалмай қатысып жүрген Жақсылық Мамырбекұлының бұл ісі жастарға үлгі-өнеге. Спорт десе ішкен асын жерге қоюға дайын тұратын осындай азаматтардың белсенділігі бізді қуантады. Жәкеңе өз кезегімізде алар асуларыңыз асқақ болсын дегіміз келеді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support