- Advertisement -

Ел боламын десең, бесігінді түзе

105

- Advertisement -

Қашанда халықтық тәрбиенің маңызы зор. Мұхтар Әуезов айтқандай, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Тәрбиенің негізі отбасынан басталатыны анық. Осыған байланысты ерлі-зайыптылардың отбасындағы жауапкершілігі мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың өнегесі өзгеше болып келетіні анық.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың 2013 жылдың 6 желтоқсанындағы өкіміне сәйкес, еліміздегі өнегелі құндылықтарды жаңғырту, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Биыл өткен осы байқауда Талас ауданының отбасылары арасынан үздік деп танылып, облыстық бәйгеде бас жүлде иеленген Ргебай Әбілдаевтың отбасы.
84 жастағы Ргебай Әбілдаев бізбен әңгімесінде: «Жасыратыны жоқ, көптеген отбасылар бала тәрбиесіне үстірт қарайды. Халқымыздың сан ғасырлар бойы қанына сіңген адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, мақтаныш етудің орнына өзге ұлттың әніне, салт-дәстүріне еліккіш келеді. Тойларда көреміз, сақалдары селкілдеген немесе жасы келген қырма сақалдар жастармен селкілдеп билеп жүреді. Я болмаса тойларда үнділерше бояу шашатындарды көріп жүрегім ауырады. Жаңадан бас құраған жас жұбайлар бірнеше көлікке мініп, бастарын кабиналардан шығарып шыңғырып бара жатқандарын көрсең жаның түршігеді. Соларға тоқтау салатын кімдер? Әрине, ата сақалы аузына түскен біз сияқты ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, рухани жаңғыруды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер» деген ойын айтты.
Ақсақал қазақ деген текті халық екенін баса айтады. Ілгеріде отбасының беріктігін сақтауды халқымыз асыл мұрат тұтқан, ұлттың өсіп-өнуінің алтын діңгегі санаған. «Өкінішке қарай, бүгінгі жастарымыздың үштен бірі бүгін бас құрап, көп уақыт өтпей жатып ажырасып кетеді. Оған тосқауыл қою керек», дейді үлгілі отбасының отағасы.
Шынында, отбасы құндылығы Мәңгілік Ел құрып жатқан мемлекетіміздің басты діңгегі болатындығы анық. Ендеше, ауданның, облыстың ең үлгілі отбасы болып отырған осы шаңырақтан бүгінгі жастар тәлім алса игі.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Қаратау қаласы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support