Күйші

5

Ахметжан ҚОСАҚОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Сексенінші жылдардың орта тұсында облыстық газеттің Шу, Мойынқұм аудандарындағы меншікті тілшісі болғанмын. Көгілдір көктемнің сәуір айының соңы еді. Ауданға Мәскеуден данқты өнер майталманы Нұрғиса Тілендиев келіпті дегенді естіп, дара дарын иесімен сұхбаттасуға асықтым. Басшылықтың тапсырмасын күтпестен қонақ үйде жатқан жерінен тауып алып барғанымда күйші «Мен тілші шақыртқан жоқпын» деп қабылдамады. Салым суға кетіп, қайтқан бетім еді. Редакциядан бөлім бастығы хабарласып, мән-жайға қанығып, бас редактормен ақылдаса келе, сұхбаттасуға қайта баруымды, ол үшін ауданның бірінші хатшысына жолығуымды түсіндірді. Жазған құлда шаршау бола ма? Түстен кейін аупарткомды бетке алып, ұшып бара жатқанмын. Алдымнан Әбекең қарсы жолықты. Асығып, аптығып бара жатқанымды байқаған болуы керек.
– Қос өкпеңді қолыңа ұстап қайда барасың? – деп алдымды бөгеді.
– Өткен-кеткен жайларды қысқаша баяндап бердім. Ол көп ойланбастан:
– Бірінші хатшыны мазалап қайтесің, менімен бірге жүр. Нұрғиса ағаңмен жолықтырамын, – деді.
– Сіз ол кісіні танисыз ба?
– Танығанда қалай, жақсы танимын…
Бөлмеге кіріп барғанымыз сол екен, қонағымыз оң қабақ танытып:
– Қалай қусирақтарым, келдіңдер ме? – деп жарқын үн қатты. Түске дейінгідей емес, Нұрағаңның жүзі жадырап тұрғанына сенер-сенбесімді білмедім.
– Нұреке, мына жігіт облыстық газеттің тілшісі еді, сізден сұхбат алғысы келеді, – деп Әбдімомын нағашым төтелей сөз сабақтады.
– Бұл жігітті танып қалдым. Қадалған жерінен қан алмай қоймайды екен. Алдымен ертеңгі сағат 10-да басталатын репитицияға қатыссын…
Ақыры не керек, ойға алған шаруамның оңтайлы сәті түсіп, Нұрағамен сұхбаттасып, оқырмандар назарына көркем дүние ұсындым. Атап айтар жай, Нұрекең Әбекеңді шынайы сыйлайтындығына көз жеткіздім. Өзара бір кездесуінде Нұрғиса Тілендиев Әбдімомынды құшағына алып тұрып:
– Мен сен сияқты күйші емеспін, музыкантпын, – деп қадір тұтқандығы күні бүгінге дейін есімде. Екі дарын иесі Алматыда талай рет жүздесіп, сырласып бірін-бірі рухани жағынан көтермелеп отыратын.
Таңертеңгілік уақытта Әбекең жақсы доспен өткен жарқын жүздесулерін еске алып, шабыттанып отырған сәтінде телефон шыр ете қалды.
– Иә, тыңдап тұрмын.
– Папа, сүйінші, немерелі болдыңыз, отбасыңыз тағы да бір батырмен толықты, – деді үлкен ұлы Талғат.
– Бәрекелді балам, байғазыңды беремін.
– Есімін қоюды сізге жүктеп отырмыз.
– Шешімдерің дұрыс екен. Ұлдың аты Нұрғиса болсын! Қазақтың игі дәстүрі осы емес пе? Аты аңызға айналған тарихи тұлғаның атын телісек, атымен бірге атағы да жұғысты болар…
Ұлыларды ұлықтауда, олардың есімдерін есте сақтауда Әбекеңнің ісі көпке үлгі бола алады. Мәселен, кенже ұлы дүниеге келгенде оның есімі Әбілахат болсын деп өзі қойған-ды. Бұл абзал да ардақты ағаның есімі елге кеңінен танымал композитор Әбілахат Еспаевқа деген зор құрметі екені сөзсіз.
Қырық төрт жылдан аса уақыт өнерсүйер қауымының ыстық ықыласы мен сүйіспеншілік сезіміне бөленген Әбекеңнің «Ерке сылқым» күйінің атақ-даңқы күні бүгінге дейін алысқа тарап тұр. Осы күй жаңа шыққан кезде Шымкенттегі бауыры, інісі, қаламы жүйрік қаламгер Қарауылбек Қазиев арда тұтқан ағасына телефон шалғанда: «Ақсақал, біздің Оңтүстіктің таңы «Ерке сылқыммен» атады, кеші «Ерке сылқыммен батады» деп қуанышын бөлісетін көрінеді.
Құдайға шүкір, сұлулықтың символына, жастық шақтың жалынына, мөлдір махаббаттың мәйегіне айналған «Ерке сылқым» күйінің айы оңынан туып, бағы жанды. Қолына домбыра ұстаған екі қазақтың бірі «Ерке сылқымды» тартпаса сахнаға шықпайтын болды. Балғын жастан бастап, қарттыққа қадам басқандар да «Ерке сылқымды» шертпейтін болса, көңілдері көншімейтінін, айыздары қанбайтынын анық сезінді. Қандай ауылда той болса да, қай қалада қандай байқау ұйымдастырылса да «Ерке сылқым» күйі орындалмай өтпейтін болды. Бұл күнде «Ерке сылқым» күйін Желдібаевтың күйі дегеннен гөрі елдің күйі, халықтың күйі десек жарасатын сияқты. Мұның да өзіндік сыры бар. Бүгінгі таңда қай мемлекетке ұшақпен ұшып шықсаңыз шет елдерден Отанымызға оралған ұшақтарда «Ерке сылқым» күйін қытайлықтар, монғолдықтар, жапондықтар, корейліктер және тағы басқа да ұлт өкілдері шабыттана шертіп жүргенін көрсек таңғалмаймыз.
2010 жылы Шу ауданының – 80, Шу қаласының – 50 жылдығы кеңінен атап өтілді. Осы мәдени шараға байланысты республикалық ақындар айтысы, палуандар белдесуі өтіп, бірқатар еңселі ескерткіштер бой көтерді. Солардың қатарында «Ерке сылқым» күйінің құрметіне бойжеткен арудың жарқын бейнесі бейнеленген ескерткіш бой түзеді. Меніңше бұл қазақ даласындағы күмбірлеген күйге арналған тұңғыш ескерткіш іспетті.
Өмірде шынайы шаттанып, қуана білетін Әбекең тіршілік түйткілдеріне тебірене де білді. Ауылға атбасын бұрғанда әкесінің құрдасы Ыдырыс ақсақалға арнайы сәлем бермесе көңілі көншімейтін. Ол қай кезде де сәлем беріп бара қалса: «Өзіңдей перзенті бар Желдібайдың арманы жоқ шығар» деп сақалын сауып, өзегін өртеген өксігін баса алмайтын. Бұл көріністі көзбен көріп, жүрекпен сезінген Әбекең алғашында «Ыдырыстың шертпесі», кейін «Ыдырыс» атты күй шығарды. Жар сүйсе де бала сүймеген шерменде көңілдің ішкі жан күйзелісін күй арқылы жеткізе білді.
Ердің жасы елуге жетпей, өмірден ерте озған Қарауылбектің қазасы да оның қабырғасын қайыстырды. Болашағынан көп үміт күттірген қаламгер бауырын таусыла жоқтаған Әбекең «Бозжігіт» күйін шығарды. Өйткені, Қарауылбек аға республикалық байқауларға қатысқанда өз тегін жасырып, «Бозжігіт» деген бүркеншек атын пайдаланатын. Бұл күй жазушы ағаның өзі тірі кезінде өзіне қойған аты сақталсын деген ниетті қуаттаумен сабақтасып жатқан сыңайлы. Сонымен қатар, Ә.Желдібаевтың «Сұлу төр», «Қызыл гүлім қырдағы», «Шырайлым» және тағы басқа әндері әлі күнге дейін күміс көмей әншілердің репертуарынан түсіп көрген емес. Оның рухани мұрасы бай болғандықтан, жыл сайын шығармашылық кештері өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, көрермендер алдындағы есепті кездесулері Алматы, Шымкент, Атырау, Астана, Тараз қалаларында өткізілгені сөзімізге дәйек. Бұл кездесулердің астарында қаншама тер мен ізденіс жатыр десеңізші?! Осы кездесулердің көбісінде Әбекеңнің күйлері мен әндерін Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі сүйемелдегенін сүйіспеншілікпен жеткізе білу бір ләзім. Аталмыш оркестрге белгілі дирижерлер Жанас Бекентұров пен Айтқали Жайылов жетекшілік жасады. Ұзақ жылдардан бері Әбекең академиялық оркестрмен шығармашылық одақ құрып, тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан жайы бар.
Бірде Шуға Әбекеңмен бір жылда туған құрдасы, сырласы, қоғам қайраткері, ақын Арғынбай Бекбосын арнайы іздеп келді. Құтты қонағына қой сойып, өзіндік құрмет көрсеткен күйші-композитор ақ дастархан жайғызып, 37 жылы дүниеге келген жақсылар мен жайсаңдардың біразын жинап алды. Балғын шақтарын Ұлы Отан соғысының ауыртпалығы жаншыған құрдастар түннің бір уағына дейін өзара әзілдесіп, қалжыңдасып күлкіге қарық болған-ды. Бәрімізде де қатар-құрбы бар-ау, бірақ бұл кісілердің бір-біріне деген шынайы қарым-қатынастарын қара сөзбен айтып жеткізу екіталай дүниедей көрінді. Кездесу барысында көңілі толып, мерейі тасыған Арғынбай аға шабыттанып бірнеше өлең шумақтарын нөсерлеткен болатын. Өкінішке қарай, бұл өлеңнің мәтіні есімде толық сақталмапты. Бір үзіндісінде былай дейді:
Қасиетін ата жолының,
Таныған талант болымың.
Төгесің күйді асыл дос,
Кеудеңе сазды толып үн.
Асырып айтты демегін,
Жар болып Жамбыл, Кененің,
Жүзге кел Әбідомомыным…
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жарық жұлдыздары Қарауылбек Қазиев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев және Әбдімомын Желдібаев бір-біріне бауыр басқан, бір-біріне қадірі асқан дархан көңіл достар еді. Алдыңғы үшеуі бұл күнде өмірден озып кетті. Олардың әрқайсысының орны бір бөлек екенін үнемі мақтан тұтатын Әбекең ізгі жандар жайлы әсерлі әңгімелерін аузынан тастамайды.
Ана жылы Астанадағы «Конгресс холл» концерт залында Ә.Желдібаевтың кезекті шығармашылық кеші өтті. Танымал күйшінің өнеріне аңсары ауғандар көп жиналды. Кеш соңында көрнекті қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді сахнаға көтеріліп, тебірене сөйлеп, тереңнен былайша сыр шертті:
– Адамға көбінесе атын тауып қояды. Мәселен, Әбдімомын деп атыңды дұрыс қойған екен. Әбдімомын емес, Әбдібатыр деп қойса бір оқтық болар ма едің, кім білсін? Әбдімомын аталған соң тал бойыңда қаншама дарын болса да, бір жаққа бұра тартып кетпей тура жолмен келесің. Осыншама рухани дүниелерді халыққа тарту ете отырып, мақтау мен мадақтарға масаттанбай жүргенің момындығыңның, мейірімділігіңнің мәуесі шығар. Әсіресе, «Толғау», «Нұрсұлтан», «Бәйдібектің жайлауы» атты күй поэмаларыңды тыңдай бергім келеді. Бұл туындылардан Ұлы қазақ даласы төсіндегі тынымсыз тіршіліктің кешегісі мен бүгінгісі айқын сезіледі. Елбасымыздың ел игілігі жолындағы кемеңгерлігі мен көрегендігін, көпұлтты қазақстандықтардың жасампаздығын кеңінен жария етуде, – деп биік бағасын берген болатын.
Тәңірі тал бойына талант дарытқан елден ерек туатын өнер иелерінің болмысы да бөлек келеді. Сайын даланың үнін күмбірлеген күйіне теліп, домбырадан төгілте тасытып, өзінің қолтаңбасын қалдырып, өнердің өрісіне шығып қана қоймай, дәстүр жалғастығын жаңғыртып, ұлы өнер ұрпаққа да ұласатынын дәлелдеген өнерлі жандар өлкесінің сабақтастығы сейілген емес. Перзенттерінің ішінде ата өнерді үлгі тұтқан, бойына таланттың дәні егілген ұлы Талғаттың да, Талғатынан тараған немерелерінің де өнерге бейімдігі басым. Талғаттың жары Сәуле Желдібаева да өнер ауылынан алыс емес. Талғат пен Сәуле ортасының көрігін қыздырып, көрген жанды сүйсінтумен келеді. Талғат Желдібаев А.Жұбанов атындағы музыка мектебін, одан соң консерваторияны бітірсе, Талғаттың қызы Меруерт Желдібаева Қазақ ұлттық музыка академиясының домбыра факультетін ойдағыдай тәмамдады. Немерелері Меруерт пен Шалқар бірнеше рет шетелдерге барып, қазақтың ұлттық өнерін үлкен сахналарда паш етуде. Дархан даланың даналық қазынасында кездесетін «Жақсының көзі, асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» деген қасиетті ұғымдардың айғағы осы болса керек-ті.
Сөзге шешен, ойға тапқыр, қайырымды, қолы ашық, тарихқа да, шежіреге де терең үңіле білетін Әбдімомын Желдібаевты аңыз адам деп атау да артық емес. Сексен жастың сеңгіріне шықса да ширақ қимылдайды, шымыр қозғалады.
Елбасы саясатының нәтижесінде елімізде ұлттық мәдениет пен өнерге мемлекеттік қолдау жан-жақты жасалып жатқаны белгілі. Соның бір айғағы – екі жылда бір рет тәуелсіздік күні қарсаңында берілетін ҚР мемлекеттік сыйлығы. Міне, осы сыйлыққа «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев лайық деп білемін. Өткен ғасырдың 70 жылдарында дүниеге келсе де, күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтпаған «Ерке сылқым» күйін білмейтін қазақ кемде кем шығар…
Адалдық пен тазалықтан туған, жүз рет толғанып, қырық рет толғатып шығарған туындылары ғұмырлы тұлғаға әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясына ұсынса деген тілегім тараптардың талқысынан өтсе нұр үстіне нұр болар еді.

Шу ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту